Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
13:45 7.3.2022

Украина делегациясы: Қырым, "ДХР" мен "ЛХР" мәселесі бойынша Ресеймен келісу мүмкін емес

Украинаның Ресеймен келіссөз делегациясының мүшесі, Жоғарғы Рададағы "Слуга народа" фракциясының басшысы Давид Арахамия Ресейдің "Қырымды Ресей субъектісі" деп тану және "ДХР" мен "ЛХР" тәуелсіздігін мойындау туралы талабы орындалмайтынын мәлімдеді.

Арахамия Украинаның бейтарап әскери статусы жөніндегі Ресейдің тағы бір талабы жөнінде де айтты. Оның сөзінше, НАТО алдағы 5-10 жыл ішінде Украинаны мүшелікке алу жөнінде талқылайын деп отырған жоқ, Украинаның өзі де "НАТО-ға кіруге өтініш беру үшін күреспейді".

Арахамия "Владимир Зеленский бастаған Украина басшылығы Польшаға кетіп қалды" деген қауесетке де түсініктеме берді.

"Бірнеше күн бұрын бұл мәселені талқылап, өлсек Украинада өлеміз деген шешімге тоқтағанбыз. Қасық қаны қалғанша шайқасатын Украина халқы өлсек бізді символға айналдырады" деді ол.

13:25 7.3.2022

Соғыс басталғалы Ресейден кемінде 150 журналист кетіп қалған

Украинаға әскери шабуыл басталғалы Ресейден кемі 150 журналист кетіп қалған. Бұл жөнінде «Агентство» басылымы хабарлады.

Негізгі себеп – Ресейде әскери цензура енгізілуі. Жақында қабылданған заңдар бойынша, елдің қарулы күштері жайлы «фейк» ақпарат таратқан адам бас бостандығынан айрылады, ал армияның «беделін түсіріп», оны шетелде қолдануға қарсылық білдірген кісі алдымен әкімшілік, сосын қылмыстық жазаға тартылады. Бұған қоса, көп ақпарат құралының, соның ішінде "Медуза", "Медиазона", ВВС, DW, Азаттық радиосы және оның жобаларының сайттары ашылмай қалды. "Эхо Москвы" радиоарнасы жабылды, ал "Дождь", Colta және басқалар жұмысын тоқтатты.

«Агентствоның» хабарлауынша, көп ақпарат құралында жұмыс істейтін журналистердің біразы Ресейден кеткен. Мәселен, «Медузаның» Мәскеудегі редакциясы, «Дождь», «Эхо Москвы», «Новая газета» және басқа басылымдардың, шетелдік ақпарат құралдарының тілшілері жаппай басқа елге көшіп жатыр.

Елден кететінін ашық жариялап жатқандар да көп. Олардың арасында «Дождь» арнасының бас редакторы Тихон Дзядко, осы арнаның жүргізушісі Михаил Фишман, Republic басылымының бас редакторы Дмитрий Колезев, киносыншы Антон Долин бар.

Армияның беделін түсіру бабы бойынша ондаған әкімшілік іс қозғалғаны туралы да ақпар бар. Әсіресе соғысқа қарсы наразылыққа шақырғандар көп жазаланып жатыр. Кемерово соты осындай үндеу тастаған жергілікті тұрғынға 60 мың рубль айыппұл салды. Кострома тұрғынына да сондай айыппұл салынған. Красноярск соты қардың бетіне «Соғыс болмасын» деп жазғаны үшін белсенді Вера Котоваға айыппұл салды.

10:46 7.3.2022

Ресей қорғаныс министрлігі сағат 10-нан атысты тоқтатып, Киев, Мариуполь, Харьков және Сумы қалаларынан гуманитарлық дәліз ашатынын хабарлады

Ресей қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты БҰҰ, ЕҚЫҰ және Халықаралық қызыл крест ұйымдарына жеткізгенін айтты.

Мұның алдында Мариупольде тыныштық режимі жарияланғанына қарамастан, бейбіт тұрғындарды әкету кезінде атыс болып, халық үйлерінен шыға алмаған. Екі тарап тыныштық режимін сақтамады деп бірін бірі кінәлаған.

10:31 7.3.2022

Оңтүстік Корея Ресей орталық банкімен операцияларын тоқтататынын хабарлады

7 наурызда Оңтүстік Корея әлем елдерінің Ресейге қарсы санкцияларына қосылатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның Yonhap News ақпарат агенттігі хабарлады.

Оңтүстік Корея үкіметі бұл шешімнің жай-жапсарын тиісті мемлекеттік мекемелермен кеңескеннен соң хабарламақ.

24 ақпанда Ресей көршілес Украинаға басып кірген соң әлемнің көп елі Мәскеуге түрлі экономикалық санкциялар сала бастады. АҚШ Ресейдің Орталық банкімен, қаржы министрлігімен және егемен қорларымен мәміле жүргізуге шек қойды. Еуропа одағы да Мәскеуге осындай санкция салды.

Осы санкцияларға қосылған Оңтүстік Корея Ресейге экспортты шектеп, Мәскеуді SWIFT әлемдік төлем жүйесінен ажырату ұсынысын қолдады. Сеул Ресейдің ірі жеті банкімен операцияларды тоқтатып, Ресейдің мемлекеттік облигацияларына инвестиция салуды доғарды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG