Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
15:13 8.3.2022

Украина президенті Владимир Зеленскийдің 8 наурыздағы видеомәлімдемесіне қысқа-нұсқа шолу:

  • Ресей Украинадағы соғыстың 13 күнінде қаншама әуе техникасынан айырылды. Олар отыз жылда мұншама авиация техникасын жоғалтпаған.
  • Әуе шабуылынан қаза болған әрбір адамның өліміне Ресей кінәлі. Бұған Украинаның аспанын жаппай отырған Батыс та жауапты.
  • Қоршауда қалған қалалардан украиналықтарды шығарып алу үшін гуманитарлық коридорды құру мақсаты орындалған жоқ.
15:06 8.3.2022

Украинадағы соғыс. Қазірге дейін не болды?

  • Ресей президенті Владимир Путин Украинаға шабуыл бастағалы 13 күн болды. 7 наурыз таңертең Ресей әскері Николаев қаласын атқылады, Киевте жарылыс даусы естілді, Украинаның басқа қалалары мен ауылдарына да әуеден және жерден шабуыл жасалды.
  • Бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін ұрысты уақытша тоқтату келісімін бұзды деп екі тарап бірін-бірі тағы айыптады. Ресей қорғаныс министрлігі Киев, Мариуполь, Харьков және Сумы қалаларынан гуманитарлық дәліз ашқанын хабарлады. Бірақ бұл жолдар тек Ресей мен Беларусьқа шығады, украин жағы бұл ұсынысты қолдамайтынын айтты.
  • Беларусьтегі Беловеж орманында Ресей мен Украина делегациялары келіссөзінің үшінші раунды сәтсіз аяқталды. Ресей талаптары тізімінен «Украинаның денацификациялау» талабы жоғалып кетті.
  • Ресей қалалары мен аймақтарының басшылары соғыста сарбаздары мерт болғанын хабарлап жатыр. Көп айғаққа қарамастан, Владимир Путин Украинаға соғысқа мерзімді әскери қызметкерлер мен запастағы жауынгерлер қатысып жатқан жоқ дегенді тағы айтты.
  • Украинаға әскери шабуыл басталғалы Ресейден 150-ге тарта журналист кетіп қалды. Басты себеп – іс жүзінде әскери цензура енгізілуі. Күшіне енген заңға сәйкес, Украинадағы соғысты «соғыс» деп атағандар 15 жылға бас бостандығынан айырылады.
  • 7 наурызда күні бойы биржалардағы доллар курсы 150 рубль, ал еуро 160 рубль төңірегінде болды. Кешке қарай рубль біршама күшейгенімен, аса қатаң санкцияға іліккен Ресей валютасының қатты құнсызданып жатқаны байқалады. Қазақстанда мемлекеттік мерекеге байланысты доллар саудаға түскен жоқ. Алдыңғы күні бекітілген ресми бағам бойынша, доллардың құны – 503 теңге. Айырбас пункттерінде доллар 511 теңгеден асып кетті.
  • Ресей әлемнің 50 елін «дос емес ел» қатарына қосты. ЕҚЫҰ-ның арнайы мониторинг миссиясы Украинадан кетті.
  • Әлемнің әр түкпірінде Украинаны қолдаған, соғысқа қарсы митингілер өтіп жатыр. Украин халқына көмек көрсетуші көп.
  • Әлемдік компаниялар мен брендтер Ресейдегі жұмысын тоқтатып жатыр. Кинопрокатты Ресей арқылы жүзеге асыратын қазақстандық Kinopark-Kinoplexx кинотеатрлар жүйесі сәуірден бастап жұмысын тоқтатуға мәжбүр екенін хабарлады.
11:35 8.3.2022

Байден, Джонсон, Шольц және Макрон Украинаға шапқыншылығы үшін Ресейге қысымды күшейте түсуге келісті

АҚШ президенті Джо Байден, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға әскери шабуыл жасағаны үшін Ресейге қысымды күшейте беретінін мәлімдеді. Бұл ақпаратты Ақ үй хабарлады.

Басшылар 7 наурызда өткізген видеожиында осындай уағда жасасқан.

«Лидерлер Украинаға негізсіз басып кірген әрекеті үшін Ресейді жазалауды әрі қарай жалғастыруға дайын екенін айтты. Олар Украинаға қауіпсіздік тұрғысынан және экономикалық, гуманитарлық көмек көрсете берететінін мәлімдеді. Бұған қоса олар Украина мен Ресей президенттерімен болған соңғы тілдесу нәтижелерін талқылады» делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Украина президенті Владимир Зеленский әлем елдері басшыларымен күн сайын сөйлесіп отырғанын айтқан.

Ал Ресей басшысы Владимир Путинмен Франция президенті Эммануэль Макрон байланысып отыр. Бұған қоса, 5 наурызда Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Владимир Путинмен үш сағат келіссөз жүргізді.

11:14 8.3.2022

YouTube видеохостингі басшылығы ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевтің "Соловьев Live" видеоарнасын және ол жүргізетін "Воскресный вечер с Владимиром Соловьёвым" хабарының арнасын өшіріп тастады.

Жүргізуші бұл шешімді Ресейге «соғыс жариялау» деп атап, елде YouTube-ге мүлде тыйым салуға шақырды. Ол Батыстың видеохостингіне шоуын жариялап, эфир басталар алдында хабар трансляциясының сілтемесін әлеуметтік желіге салып отыратынын ескертті.

Бұдан бұрын YouTube Ресейдің Russia Today ақпарат жүйесіне тиесілі бірнеше арнаны жауып тастаған. Кремльдің Украинаға қатысты ұстанымын қорғап, хабар таратқаны үшін ақпанның соңында арна басшысы Маргарита Симоньян да, тележүргізуші Владимир Соловьев те Еуроодақтың санкциясына іліккен.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG