Кейінгі сағаттардың негізгі жаңалықтары:
- Ресей Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласына шабуыл бастады
- Ресейден де, Украинадан қаза тауып жатқан сарбаздар көп
- Киев түбінде ондаған шақырымға созылған Ресей әскери техникасы келе жатыр
- Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысында жасалған әскери қылмыстарды тергеуді бастамақ
- ОВД-инфо сайтының хабарлауынша, Ресейде 24 ақпаннан бері Украинадағы соғысқа қарсы наразылықта 6,5 мың адам ұсталған
- Владимир Зеленский Украинаны Еуроодақ құрамына қосу туралы өтініш берді
- Әлем елдері Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтіп жатыр. Еуроодақ "медиа тұлғалар", кәсіпкерлер, Кремльге жақын адамдар қатарынан 26 адамға жеке санкция салды. Shell мұнай компаниясы BP компаниясының ізімен Ресейдегі кәсіпорындардан кетіп жатыр. General Motors, Volvo, Volkswagen және бірқатар өзге көлік концерндері Ресейге көлік жібермейтін болды. Disney компаниясы Ресей кинотеатрларында киносын көрсетуден бас тартты. Netflix өз платформасынан Ресей телеарналарын көрсетпейді.
- Халықаралық олимпиада комитеті спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстарға қатыстырмауды ұсынды
Алматы полициясы: Көлік әйнегіне Z таңбасын қою оқиғасын анықтап жатырмыз
Өткен күндері әлеуметтік желіде артқы әйнегіне Z таңбасы қойылған көліктің суреті тараған. Таңба Ресейдің Украинаға басып кірген әскери техникасындағы белгіге ұқсайды. Жазылу стилі мен түсі дәл келеді.
"Біз аталған фактіні тексере бастадық, автокөлік иесінің әрекеті Қазақстан заңнамасына сәйкес келе ме, жоқ па, оның пайда болу себептерін анықтаймыз" деді қолданушылардың сұрақтарына жауап берген Алматы полициясы бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Украинаның Херсон қаласы құрсауда
Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласын құрсауға алып, қала сыртына блок-бекеттер орнатып жатыр деп хабарлады журналист Елена Ванина "Украина 24" телеарнасының эфирінде. Оның сөзінше, Ресей күштері көліктерге оқ жаудырып, тұрғындардың телефондарын тартып алып жатыр.
Журналистің сөзінше, қала түбіндегі елдімекендерден тұрғындар эвакуациялаған, бірақ қалып қойғандары да бар, олар атып тастайды деп қорқады. Қалада су, жарық және жылу бар, коммуналды қызметтер жұмыс істеп тұр.
Херсонның құрсауға алынғанын қала мэрі Игорь Колыхаев растап отыр.
"Херсонға кірер жолдарда РФ әскері блок-бекеттер орнатқан. Жағдайдың қалай өрбитінін айту қиын. Әрқайсысыңыздан сабыр сақтап, парасат танытуды сұраймын. Комендант сағатында көшегі шықпаңыздар. Ешкіммен аргессиялы келіссөз жүргізбеңіз, жауды қақтығысқа арандатпаңыз" деп келтірді қала басшысының сөзін УНИАН агенттігі.
Ресей сарбаздарының қазасын тағы да мойындады
Бұл жолы опат болғандар туралы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров айтты.
"Өкінішке қарай, Шешенстан Республикасы тумаларының арасында мерт болғандар бар. Екі адам қаза тапты (Дала гечдойла царна), алты адам түрлі деңгейде жарақат алды" деп жазды Қадыров Telegram каналында.
ПІКІРЛЕР