Киевтегі телемұнараға жасалған шабуылдан бес адам қаза тапты
Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі Киевтегі телемұнараға жасалған шабуылдан кемі бес адам қаза тауып, бес адам зардап шеккенін мәлімдеді.
Шабуыл салдарынан Украинаның телеарналары істемей қалды. Олар хабарды ютуб каналдарында жалғастырып жатыр. Жақын арада украиналық телеарналар қосалқы аппаратқа қосылатыны хабарланды.
Бүгін түсте Ресей қорғаныс министрлігі "Ресейге қарсы ақпараттық шабуылды тоқтату үшін" Киевке шабуыл жасалатынын айтқан еді.
- Авторы: Руслан МЕДЕЛБЕК
Украинадағы соғыстың алтыншы күні не болды? Қысқаша шолып шығыңыз.
- Ресей Киевтегі телемұнараға шабуыл жасап, кемі бес адам қаза тапты, бес адам жараланды. Ресей қорғаныс министрлігі "Ресейге қарсы ақпараттық шабуылды тоқтату үшін" Киевке шабуыл жасалатынын айтқан еді.
- БҰҰ есебінше, Украинада 24 ақпанда басталған соғыстан кемі 163 бейбіт тұрғын қаза тапқан, опат болғандар арасында 13 бала бар. Кемі 400 адам жараланған, олардың ішінде 26 бала бар.
- Женевада өтіп жатқан БҰҰ қарусыздану конференциясы кезінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров видео байланыс арқылы сөйлей бастағанда Еуропа одағының өкілдері залдан шығып кетті.
- Украина президенті Владимир Зеленский Қырғызстандағы елші Валерий Жовтенко мен Грузиядағы елші Игорь Долговты кеңесу үшін кері шақырды. Ол Қырғызстан билігі "Украинаға қарсы агрессияны ақтағаны үшін" елшіні кері шақырып алғанын жеткізді. Зеленский Грузия билігі Украинаға ерікті түрде көмектескісі келгендерге мүмкіндік бермеді деп мәлімдеді.
- Еуропарламент Украинаның Еуропа одағына қосылу өтінішіне қолдау білдірді.
- Харьков қаласына шабуылдан кемі он адам қаза тапқан. Ондаған адам жараланған. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады. Зеленский Харьковқа шабуылдаған Ресейді "террорист мемлекет" деп атады.
- Беларусь шекарасы жақтан ресейлік әскери техникалардың ұзын колоннасы Киевке қарай кетіп барады. Maxar компаниясы спутниктен түсірген суреттерді жариялап, колонна 65 шақырымға жететінін мәлімдеді.
- Украинадағы соғыста Ресейдің Краснояр өлкесі Астрахань облысының тумасы, қазақ Арман Нарынбаев қаза болған.
- Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласын құрсауға алып, қала сыртына блок-бекеттер орнатты. Бірақ қала Украина әскерилерінің бақылауында екені айтылды.
Ресейдің қалаларында 24 ақпаннан бері Украинадағы соғысқа қарсы наразылық кезінде 6 мыңнан аса адам ұсталған. Соғыс басталғалы Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа қалаларда Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне қарсы наразылық өтіп жатыр. Бұл туралы ресейлік тәуелсіз басылымдар мен құқық қорғау ұйымдары хабарлады.
Ресей билігі "Дождь" телеарнасы мен "Эхо Москвы" радиосының сайтын бұғаттады. "Эхо Москвы" эфирден өшірілді.
Ресей бас прокуратурасы бұл екі медиа "Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы жайлы жалған ақпарат таратып жатыр" деп санайды.
"Дождь" арнасының ақпараттар қызметінің басшысы Екатерина Котрикадзе "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Ресейдің Украинаға басқыншылығы жайлы жалған ақпарат таратпағандарын, барлық тараптың ақпаратын баланспен таратып жатқанын айтты.
Ал "Эхо Москвы" радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов ешқандай заңға қайшы әрекет жасамадық деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР