Украина жоғарғы радасының (парламенті) отыздан астам депутаты "Ресейдің украина халқын жасаған геноциді жайлы" жоба қаулысын ұсынды.
Жоба құжатында Ресейдің әскерилері Украинада бейбіт тұрғындарды өлтіріп, үйлерді жойып, адамдарды медицина мен азық-түліктен айырғаны үшін Ресейдің әрекетін геноцид деп тану керек деп жазылған.
Бұған қоса, жобада Ресей Совет одағының мұрагері ретінде Украинадағы Голодомор мен Қырым татарларының депортациясы сияқты қылмыстық істерге де жауапты деп көрсетілген.
Украина қарулы күштері: Ресей 18600 әскериінен айырылды
Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыс басталғалы Ресей 18600 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Бұл статистикаға қаза болғандар да, жараланғандар да кіреді. Бұған қоса, Украина соғыста Ресейдің бес мыңнан аса әскери техникасын жойғанын хабарлады.
Ресей қорғаныс министрлігі 25 наурыздағы хабарламасында "Украинада 1351 әскериі қаза болғанын" айтқан. Содан бері Ресей әскерилерінің шығыны жайлы хабарлама таратпады.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыс жайлы 6 сәуірде таратқан мәліметі:
Мариупольде әлі ауыр шайқас жалғасып жатыр. Ресей әуе шабуылын тоқтатқан жоқ. Қаладағы гуманитарлық жағдай нашарлап кетті. Мариупольде қалған 160 мыңнан аса адам жарық, жылу, сусыз, медициналық көмексіз отыр. Ресей әскерилері украиналық әскерилерді әлсірету үшін әдейі қалаға гуманитарлық көмекті кіргізбей отыр.
Буча мэрі: Ресей әскерилері қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді
Буча қаласының мэрі Анатолий Федорук ВВС сайтына "ресейлік әскерилер қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді" деді.
Ол "бейбіт адамдар отырған үш жеңіл көлік Киев жаққа кетпек болғанда оларды атқылаған. Көлік ішінде аяғы ауыр әйел отырған еді; күйеуі айғайлап, атпауды сұрағанымен, оларды аямай атқылады" деді.
Ресей қорғаныс министрлігі "Ресейлік әскерилер тарапынан бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ" деп отыр.
ПІКІРЛЕР