Краматорск возкалына шабуылдан 30 адам қаза болғаны хабарланды
Украинаның Донецк облысы Краматорск вокзалына ракета шабуылынан кемі 30 адам қаза болып, жүзден аса адам жараланды. Бұл туралы "Укрзализныця" басшысы Александр Камышин хабарлады.
Донецк облысы губернаторы Павел Кириленко ракета шабуылы жасалған тұста вокзалда мыңдаған адам эвакуациялауды күтіп отырғанын айтады. Кириленконың сөзінше, шабуыл Ресейдің "Искандер" ракетасынан жасалған. Ал "ДХР" аумақтық қорғаныс штабы шабуылды украиналық "Точка-У" ракетасынан жасалды деп отыр.
Кейінгі уақытта Ресей Киев және Чернигов облысынан шегініп, Донбасс және Луганск облыстарына қарай жылжыған. Украина тарабы Ресей Донбассқа шабуылды күшейтпек деп халықты аймақтан кетуге шақырған еді. Осыдан соң бейбіт тұрғындар Донбасстан қаша бастады. Краматорск вокзалы – бейбіт тұрғындарды жвауациялауға арналған негізгі орындардың бірі.
Еуроодақ Ресей көмірінен бас тарту жөнінде келісімге келді
Бейсенбі, 7 сәуір күні Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкцияларының бесінше топтамасын мақұлдады. Оның ішінде Ресей көмірінен бас тарту жөнінде келісім де бар.
Бұл шешім Ресей әскері Киев түбіндегі қалаларда бейбіт азаматтарды жаппай өлтірді деген айып тағылған тұста қабылданып отыр.
Санкциялар топтамасын Еуроодаққа мүше елдердің тұрақты өкілдері комитеті мақұлдады. Бұл туралы қазір басшылығында Франция тұрған Еуроодақ кеңесі хабарлады.
"Бұл едәуір топтама Ресейге қарсы санкцияларды жаңа салаларды қамтитындай деңгейге жеткізді. Атап айтқанда, санкциялар олигархтарды, Ресей пропагандасының өкілдерін, қауіпсіздік және қорғаныс мекемелерінің, сондай-ақ Ресейдің Украинадағы агрессиясына қатысы бар деген өнеркәсіп және технология секторы қызметкерлерін нысанаға алады" деді Еуроодақ кеңесі.
Жаңа санкциялар топтамасы аясында Ресейдегі бірқатар банктің активтері бұғатталады және Ресейге жоғары технология тауарларын экспорттауға тыйым салынады және Ресей кемелері Еуроодақ порттарына тоқтай алмайтындай етеді.
Санкциялар топтамасына Ресей көміріне салынған эмбарго да кіреді. Ресей осыған дейін жыл сайын 4 миллиард доллардың көмірін Еуроодаққа экспорттап келген.
Еуроодақ ішіндегі көптеген ел Ресей энергетика көздеріне аса тәуелді. Сол себепті одақ осыған дейін Ресей энергетикасына санкция салу мәселесінде келісімге келе алмаған.
Reuters агенттігінің жазуынша, бастапқыда Еуроодақ комиссиясы Ресей көмірінен 90 күн ішінде бас тартуды ұсынған, бірақ қазіргі келісім бойынша бұл мерзім тағы 30 күнге ұзарған. Яғни Еуроодақ Ресей көмірінен тамыздың ортасында толық бас тартады. Оған дейін энергетика мәселесінде Мәскеуге тәуелді елдер балама жолдарды табуы қажет.
Жаңа санкциялар Еуроодақтың ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Санкциялар журналды жұма, 8 сәуір күні жарияланады деп күтіліп отыр.
ДДСҰ Украинада денсаулық сақтау объектілеріне жасалған 103 шабуылды тіркеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей Украинаға басып кіргелі денсаулық сақтау объектілеріне жасалған 103 шабуылды тіркеді. Оның 89-ы ауруханаларға тиген, 13-і шабуыл жедел жәрдем көліктеріне тиген.
"Денсаулық сақтау объектілеріне шабуылдың жалғасып отырғанына ашулымыз. Денсаулық сақтау объектілеріне шабуылдау – халықаралық гуманитарлық заңды бұзу" деді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.
ДДСҰ-ның Украинадағы өкілі Ярно Хабихт қақтығыс аймақтарында 1000 денсаулық сақтау мекемесі барын айтты.
"Денсаулық сақтау саласының бүкіл елдегі қызметкерлері өмірін қатерге тігіп медициналық қызметке мұқтаж адамдарға қызмет етіп жатыр, сол үшін олар және олардың науқастары ешқашан нысанаға алынбауы тиіс" деді Хабихт.
Еуроодақ басшылары Киевке жол тартты
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропарламент төрағасы Жозеп Боррель Киевке бара жатры. Бұл туралы екеуі де Twitter желісінде хабарлады.
ПІКІРЛЕР