Ресей сыртқы істер министрлігі: Ұлыбритания Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Буча жөнінде жиын өткізу туралы өтінішін бұғаттады
Ұлыбритания украиналық Буча қаласындағы жағдай жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуге келісім бермеді деді Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.
Жексенбі, 3 сәуірде Ресей де, Украина да Бучадағы жағдайды талқылау үшін Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізуді сұраған. Бірақ ондағы жағдайды екі ел екі бөлек сипаттап отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбінің кешіндегі үндеуінде "Ресей оккупация кезінде Буча мен өзге қалаларда жасалған әскери қылмыстар сейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқыланады" деді.
Алайда кейінірек Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский Telegram каналында Ресейдің бұл жиынды дүйсенбі өткізуді сұрап отырғанын айтты. Отырыс тақырыбын ол "украиналық радикалдардың арандатуы" деп атады.
Ресей әскерінен азат етілген қалаларда жүздеген бейбіт тұрғынның опат болғанын, мәйіттердің не көшелерде, не бауырластар зиратында жерленгенін Украина билігінен бөлек оқиға орнында болған халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары да айтып отыр.
Жапония Киев түбіндегі бейбіт тұрғындардың қазасын айыптады
Жапония сыртқы істер министрі Йошимаса Хайаши дүйсенбі, 4 сәуір күні Киев түбіндегі бейбіт адамдардың қазасын "ерекше сипаттағы зұлымдық" деп атады. Осылайша жапон министрі Киев облысы Буча қаласындағы жүздеген бейбіт адамның қазасын айыптаушылар қатарына қосылды.
"Киев түбіндегі бейбіт азаматарға қарсы ерекше зұлым әрекеттер туралы жаңалықты естіп, есеңгіреп қалдым, – деді Хайаши журналистерге Варшавада. – Бейкүнә адамдарды өлтіру халықаралық гуманитарлық заңнаманы бұзу болып саналады. Оған төзуге болмайды, мен оны қатты айыптаймын.
"Ресейдің шабуылы – халықаралық заңнаманы өрескел бұзу және қалыптасқан жағдайда күш қолдана отырып бір жақты өзгертуге деген талпыныс" деп қосты ол.
Бір ай Ресей бақылауында болған Буча қаласына Украина әскері сәуірдің басында кірген. Келесі күндері халықаралық журналистер көшеде көптеген бейбіт азаматтардың мәйіті жатқанын, бауырластар зираттарының бар екенін хабарлады. Мәйіттерден азаптаудың ізі байқалады, кейбірінің қолы артқа қайырыла байланған.
Ресей мұны мойындамай, Киевтің қолдан жасаған «жалған» жаңалығы деп атады.
Хайаши Польшаға бірнеше күндік сапармен барып, елдің Украинамен шекарасында босқындармен кездесті.
"Босқындардың жағдайы қаншалық ауыр екенін өз көзіммен көрдім" деді ол.
Киев облысындағы Буча қаласында ондаған бейбіт тұрғынның қырылғаны – Украинадағы соғыстың ең ауыр сәттерінің бірі. 2 сәуір кешкісін Reuters, AFP, AP ақпарат агенттіктері мен Украина билігі Бучаның көшесінде жайрап жатқан жай киімдегі адамдардың суреттерін жариялады. Қаза болған кейбір тұрғындардың қолы байлаулы жатқаны байқалады. Киев "Ресей оккупанттары қаладан құр кетпей бейбіт тұрғындарды қырып кетті" деп мәлімдеді. Ал Ресей Бучадағы фотоларды "фейк" дейді. Бұл мақалада Бучада не болғанын қысқаша түсіндіреміз.
Бучадағы қырғынның видеосы:
ПІКІРЛЕР