Мариупольде қазір 100 мыңнан астам бар. Бұл туралы қаланың мэрі Вадим Бойченко хабарлады. Оның сөзінше, Ресей гуманитарлық көмек колоннасын бұғаттап отыр, адамдарды эвакуациялауға арналған автобустар жүре алмай тұр.
"Гуманитарлық апаттың алдында тұрмыз: қалада жарық, су, азық-түлік, дәрі-дәрмектің жоқ болғанына бір ай болды. Сол себепті біз Мариупольге кіріп-шығуға мүмкіндік беріп, қаланы толық эвакуациялау қажет деп санаймыз" деді Бойченко.
Азаттық тараптардың ақпаратын тексере алмайды
ЕО Украинаға тергеу тобын жібереді
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Украинаға соғыс қылмысын құжатқа түсіру үшін біріккен тергеу тобын жіберетінін мәлімдеді. Бұл топ Украинаның бас прокуратурасымен, "Еуропол" және Еуропа одағының әділет агенттігімен бірге жұмыс істейді.
Байден: Путин әскери сотқа тартылуы керек
АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Путинді тағы да әскери қылмыскер деп атап, оны әскери трибуналға тарту керек деді.
"Өткен айда мені Путинді әскери қылмыскер деп айтқаным үшін сынаған. Бучада не болғанын көрдіңіздер. Бұл оның әскери қылмыскер екенін дәлелдейді" деді Байден.
АҚШ президенті Ресейге санкцияны күшейтуге уәде берді.
Украина – әлемнің ең қатты миналанған елі. Бұл туралы БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқармасы мәлімдеді
"Жаңа миналарды тұрғын-үйлердің, ауруханалардың жанына, жол бойына орнатып жатыр. Азаматтар қақпанға түсіп, әскери қимылдар жүрген аудандардан қаша алмай қалуы мүмкін. Жол бойындағы және тұрғын үйлер маңындағы миналар гуманитарлық ұйымдардың аса мұқтаж адамдарға көмек көрсетуін шектейді" делінген ұйым мәлімдемесінде.
ПІКІРЛЕР