Accessibility links

Украина сайлауынан шығатын 10 қорытынды


Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан әйел. Украина, Краматорск, 26 қазан 2014 жыл.
Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан әйел. Украина, Краматорск, 26 қазан 2014 жыл.

Украин сайлаушылары президент Петр Порошенконың үкіметіне Еуропа Одағына бет түзеуді түбегейлі аманат етті. Дегенмен қазанның 26-сы күні өткен тарихи сайлаудың түйткілді тұстары да бар.

Украина тұрғындары «Еуромайдан» шерулері кезінде бұрынғы президент Виктор Янукович пен оның ресейшіл үкіметін биліктен тайдырғаннан кейін жаңа парламентті тұңғыш рет сайлады.

Қазанның 26-сы күні өткен бұл сайлаудан бірнеше қорытынды жасауға болады.

Парламент енді батысшылдар мен ресейшілдерге бөлінбейді

Совет Одағы тарағалы бері Украина парламентіндегі тартыстардың барлығы батысшыл фракциялар мен ресейшіл күштердің арасында болып келді. Енді бұл жағдай өзгерді. Тәуелсіз Украина тарихында алғаш рет ел парламентінде Еуропамен тығыз байланыс орнатуды жақтайтын партиялар басымдыққа ие болды. Алғашқы орындарды иемденген үш партия да ЕО-ға қосылуды жақтайды, бұл үш партия парламенттегі орындардың 75 пайызын алды.

Порошенко партиясы жеке билеп-төстемейді

Енді президент Петр Порошенконың еуропашыл коалициясы бар. Бірақ оның өз партиясы өзі ойлағандай көпшілік орындарды ала алмады. Порошенко блогының мүшелері парламенттегі орындардың жартысынан көбін иемденеміз деген болжамдарын да жасырмаған еді. Сайлауға бірнеше күн қалғанда жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша президент партиясының өзінен кейін тұрған партиядан тек 10 пайызға озатыны белгілі болды. Сайлау қорытындылары бойынша Порошенко блогы премьер-министр Арсений Яценюк басқаратын «Халық майданы» партиясымен шамалас нәтиже көрсетті. Екеуі біріккен коалиция құруға уәде берді, дегенмен олардың арасында бәсеке басталуы да мүмкін.

Радикалдардың қарқыны бәсеңдеді

Сауалнама нәтижесі ультра-популист кандидат Олег Ляшконың партиясы екінші орынға шығатынын көрсеткен еді. Оның үстіне, реформалардың баяу жүруі, шығыстағы соғыс өртінің басылмауы жаңа билікке наразыларды көбейткендей болған. Бірақ, сайлау нәтижесі сауалнамадан басқаша шығып, радикалдар 7,5 пайыз дауыс жинап, бесінші орынға әрең ілікті.

Сайлаудың «жаңалығы» - Садовый

Бұл сайлауда күтпеген жерден озып шыққан Ляшко емес, Львов қаласының мэрі Андрей Садовыйдің «Самопомич» партиясы болды. Экзит-пол қорытындыларына сенсек, бұл партия Киевте 1-орын алған. Жалпы ел бойынша 11 пайыз дауыс жинаған партия 3-орынға тұрақтады. Украинаның Еуропаға бет түзеуін жақтайтын саяси күштер парламенттегі көпшілік орындарды алса да, олардың арасында айқын басымдықпен жеңіске жеткен бірде-бір партияның болмауы украиндардың Еуропа бағытын таңдағанымен, әлі де нақты бір саяси партияға толық сенім білдіре қоймағанын аңғартады.

Қош бол, Ленин

96 жылдан кейін, тұңғыш рет, Украина парламентінде Коммунистік партия өкілдері болмайды. Осы бір тарихи бетбұрысты сайлаудан кейін сөйлеген президент Порошенко да ерекше мақтанышпен атап өтті.

Азаттықтың Украин қызметіне сұхбат берген саяси сарапшы Владимир Фесенко бұл оқиғаны кейінгі айларда белсенділердің Ленин ескерткіштерін жаппай құлатуымен салыстырып:

- Бұл - Жоғарғы Раданың ішіндегі Ленин мүсінін құлатумен пара-пар оқиға. Бұл - халықтың көзқарасын әйгілейтін жайт, әрі ол елдегі электорат құрылымының өзгергенін айқындайды, - деді.

Тұғырынан түскен Тимошенко

Украинаның саяси сахнасынан Юлия Тимошенко түскенге ұқсайды. Биылғы ақпанда түрмеден шыға сала «Еуромайдан» шеруіне жеткен экс-премьер көзіне жас алып тұрып саясатқа қайта кірісетінін мәлімдеген. Сол сәтте алаңда тұрғандардың арасында оны құптамай, кейіс білдіргендер де болған. Содан бері қанша тырысса да ол жемқорлыққа белшеден батқан ескі жүйенің өкілі емес екеніне жұртты сендіре алмады. Президент сайлауында ойсырай жеңілген Тимошенконың «Батьківщина» партиясы бес пайыздық межеден әрең асты. Оларға әйтеуір парламентте қалудың өзі де абырой болып тұр.

Юлия Тимошенконың дауыс бергенін мына видеодан көре аласыз:

Янукович партиясының «қалдықтары» әлі бар

Парламентте ресейшіл партиялар да болады. Бұрын билікте болған «Аймақтар» партиясы өкілдерінен құралған Оппозициялық блок 10 пайыз дауыс жинап, төртінші орынға әупіріммен ілікті. Десе де оларға елдің шығыс аймақтары тұрғындары әжептәуір қолдау көрсеткен. Тіпті миллиардер губернатор Игорь Коломойский батысшыл ұстанымды көп насихаттаған аймақ - Днепропетровскінің өзінде Янукович өкілдері басым түсті. Олардың парламенттегі үні бұрынғыдан анағұрлым бәсең болары анық, бірақ олар бәрібір санатта бар.

Шығыста күдік басым

Батыстағы Львов қаласында сайлаушылардың 70 пайызы дауыс берген. Бұл батыстағы жұрттың ел болашағына қатты алаңдайтынын айғақтайды. Ал шығыс аймақтардағы жұрттың енжарлығы батысшыл үкіметке деген сенімнің аздығын білдіреді. Донецк және Луганск облыстарында көп адамның сайлауға қатыспайтыны белгілі еді (сайлаушылардың 30 пайызы ғана дауыс берген). Себебі бұл аймақтардың біраз бөлігі әлі де ресейшіл сепаратистердің бақылауында, ал олар бұл сайлауға мүлде тыйым салған. Ал Одесса (сайлаушылардың 40 пайызы дауыс берген, 2012 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыз болған еді), Херсон (41 пайыз, 2012 жылы 51 пайыз болған) және Николаев облыстарында (42 пайыз, 2012 жылы 52 пайыз болған) белсенділіктің төмендігі және «Аймақтар» партиясының бұл облыстарда көп дауыс жинауы Киевтегі үкіметті ойландыруы тиіс. Украинаның шығысындағы соғыс жүріп жатқан аймақтарға жақын өңірлердегі жұрттың жаңа үкіметке сенімсіздікпен, тіпті өшпенділікпен қарайтыны айқын болды.

Украина Ресей ойлағандай фашистік мемлекет құрмайды

Кейінгі сегіз ай бойы Мәскеу «Украинада фашизм бас көтеріп келеді» деген насихат жүргізген еді. Бірақ осы аралықта өткен екі сайлауда да әсіреұлтшылдар ойсырай жеңілді. Мамыр айында өткен президент сайлауында әсіреұлтшыл кандидат Дмитрий Ярош бір пайызға жетер-жетпес дауыс жинады. Ресей құбыжық етіп көрсетіп жүрген Яроштың «Оңшыл сектор» партиясы кешегі сайлауда одан да төмен дауыс алды. Қазір де парламентте өкілдері болған «Свобода» ұлтшылдар партиясы сайлаудағы белгіленген межеден өтіп (2012 жылы 10 пайыз дауыс алған еді), парламенттен орын алды. Дегенмен олардың ықпалы алдыңғы сайлаумен салыстырғанда қатты азайып барады.

Парламентке Ярош өтті

Украина парламенті - Жоғарғы Рададағы орындардың жартысы партиялық тізім арқылы өткен адамдарға берілсе, қалған жартысы аймақтардағы бірмандатты округтерден сайланған депутаттардың еншісіне тиеді. Демек, Ярош бәрібір парламентке келеді деген сөз. Днепропетровск аймағында сайлауға түскен ол өз округінде жеңіске жетті. Мажоритарлық сайлау әдісі республикалық деңгейде қолдауға ие бола алмаған жекелеген саясаткерлердің депутаттық орынға жайғасуына мүмкіндік береді. Мәселен, жақында Порошенконың шешімімен Донецк облысының губернаторлығынан босаған миллиардер олигарх Сергей Тарута да Мариупольден депутат болып сайланды.

(Глэн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG