Accessibility links

Харьковтен «қақ жарылған Украина» көрінеді


Харьковтегі "Еуромайданды" жақтаушылар мен оған қарсылар бір-бірімен айтысып тұр. 25 ақпан, 2014 жыл.
Харьковтегі "Еуромайданды" жақтаушылар мен оған қарсылар бір-бірімен айтысып тұр. 25 ақпан, 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы Харьков тұрғындары «орыстілділер құқығына қауіп төнеді» деп алаңдайды. Бір заманда советтік Украинаның астанасы болған қалада Мәскеуге бүйрегі бұратындар көп.

Дегенмен Харьковте «Еуромайдан» жақтастары да бар.

РЕСЕЙШІЛ ТОП

Шоқпар мен қалқан ұстап, беттерін тұмшалап алған Еуромайдан» өкілдері бірнеше күннен бері Харьков қаласының облыстық әкімдігін қоршап тұр. Олар «парақор шенеуніктер қызметінен кетпейінше, тапжылмаймыз» дейді.

Ал қаланың орталық алаңына жиналған жүздеген ресейшіл шерушілер оларды «оңбағандар» деп тілдеп, «фашистер» деп кекетеді. Ресейшіл тұрғындар совет көсемі Лениннің ескерткіші қасына лагерь құрып, «Ленинді майданшылар вандализмінен қорғаймыз» дейді.

Ресейдің туын желбіретіп іліп қойғандар Владимир Высоцкий мен «Кино» тобының әндерін тыңдап тұр.

Ресей туын көтеріп жатқан Харьков тұрғындары. 26 ақпан 2014 жыл.
Ресей туын көтеріп жатқан Харьков тұрғындары. 26 ақпан 2014 жыл.
Украинаның орыстілді аймақтары Янукович режимінің күйрегеніне ашулы. Мұны Харьков көшелерінен-ақ байқауға болады. 1917 жылы большевиктер билігін бірден мойындаған өндірістік қала негізінен сталиндік архитектура стилінде салынған, тұрғындарының көбі орыс тілінде сөйлейді. Бір кезде советтік Украинаның астанасы болған Харьков тұрғындарының көбі ресейшіл. Сондықтан олар еуропашыл үкіметтің билікке келуін қаламайды.

68 жастағы зейнеткер Валентина Мордер сияқты тұрғындар «оппозиция қолына өткен парламент орыстілділер құқығын шектеуі мүмкін» деп алаңдайды.

- Әркімнің ана тілінде сөйлеуге хақы бар. Менің анам орыс тілінде ән айтатын. Ол соғысқа дейін де, одан кейін де осы жерде еңбек етті. Мен де 40 жылдан астам уақыт осы қалада қызмет еттім. Неге маған біреулер «былай өмір сүр» деп бағыт беруі керек? - дейді ол.

Ақпанның 23-і күні Украина парламенті кейбір аймақтардағы азшылық топтардың тіліне ресми мәртебе беретін заңның күшін жойған еді. Депутаттардың бұл әрекеті Харьков сияқты орыстілді қалалардың тұрғындарының жүйкесіне тиіп жатыр.

БАТЫСШЫЛ ТОП

Бірақ Харьковте де «Еуромайдан» мен жаңа үкіметті жақтаушылар бар.

Экологиялық жанармай компаниясының 33 жастағы менеджері Артем (фамилиясын атамады – ред.) сыбайлас жемқорлықтан мезі болғанын айтты. Ол Януковичке қарсы шеруге шыққан, енді жаңа үкіметті қолдап отыр. Артем басқалардың да уақыт өте келе пікірін өзгертетініне сенеді.

Украина туын көтерген "Еуромайдан" белсенділері. Харьков, 25 ақпан 2014 жыл.
Украина туын көтерген "Еуромайдан" белсенділері. Харьков, 25 ақпан 2014 жыл.
- Мен қазіргі өзгерістерді қолдаймын. Мына адамдар ерте ме, кеш пе - оның дұрыс екенін түсінеді. Әр адамның жеке келісімі міндетті емес. Бастысы - Харьков тұрғындарының көбі болған оқиғаны дұрыс түсінуі тиіс, - дейді ол.

28 жастағы ғылыми қызметкер Роман да Януковичті ешқашан қолдамаған, оны биліктен кетірген Киевтегі еуропашыл отандастарының әрекетін құптайды. Бірақ ол төңкеріс кезінде болған «зорлық-зомбылықтан» үрейленіп қалған.

Ақпанның 25-і күні Харьковте баррикаданың екі жағындағылардың арасындағы шиеленіс ушыға түсті. «Еуромайдан» шеруіне қарсы шыққан белсенділер «Ресей, Ресей! Беркут!» деп айғайлады. Ресейшілдердің бұл қылығы «Еуромайдан» өкілдерінің ашуына тиді. Қала әкімдігі ғимаратын қоршап тұрған «Еуромайдан» белсенділері «Украина! Украина!» деп ұрандатты. Бұған жауап ретінде ресейшілдер оларға сөкет қылықтар, ерсі ишаралар көрсетті. Белсенділердің беттеріне жарық түсіріп, қоқан-лоқы жасады.

Мұның алдында, ақпанның 22-сі күні «Еуромайдан» белсенділері Харьков облысының губернаторы Михаил Добкиннің кеңсесіне басып кірген еді. Олар ғимаратты тонамайтындарын, ештеңеге тимейтіндерін мәлімдеп, Януковичтің одақтастары – Добкин мен қала мэрі Геннадий Кернестің қызметтен кетуін талап етті.

Украина парламенті қалпына келтірген 2004 жылғы конститутцияға сәйкес облыс губернаторы Добкинді Киев қызметінен алуға хақылы, ал қала мэрі Кернесті тұрғындар сайлағандықтан, ол 2015 жылға дейін қызметінде қалады.

«Еуромайдан» белсенділері мен ресейшілдер шеруі кезінде Харьков полициясы бейтарап екенін көрсетіп, әкімдік ғимаратының маңында екі тарапты бақылап қана жүрді. Ал «Оңшыл сектор» әсіреұлтшыл тобы әкімдік ғимаратының бірінші қабатына орнығып алды.

Әкімлік ғимаратының ішінде отырған "Еуромайдан" белсенділері.
Әкімлік ғимаратының ішінде отырған "Еуромайдан" белсенділері.
30 жастағы Харьков тұрғыны Виталий әкімдік ғимаратының терезесінен сырттағы наразы жұртқа қарап отырып «ұялы телефон жөндейтін кәсібінің парақорлықтың кесірінен құрдымға кеткенін» айтты. Сондықтан ол «жергілікті билік орнынан кеткенше күреседі».

- Жергілікті билік өкілдері қызметтерінен кеткенде ғана ғимаратты босатамыз. Бізге ғимаратты өздері берді. Басып алған жоқпыз. Биліктің өзі бірінші күннен бастап кіруге рұқсат етті. Сол күннен бері бізге шабуыл жасалып келеді, - дейді ол.

Харьков тұрғындарының кейбірі жергілікті билік органдарынан құжат алып, басқа да рұқсат қағаздарды рәсімдеу үшін пара беру керек екенін айтып шағымданды. Мәселен, бір тұрғын «жүргізуші куәлігінің құны - 200 доллар» екенін айтты.

Ал Мордер сияқты орыстілді азаматтар еуропашыл партиялардың билігінен қауіптенеді. Ол 2010 жылы Януковичке дауыс бергенде «еуропашылдарға қарсы тұратын адам» деп ойлағанын айтты.

- Януковичтің істегендеріне мен айыпты емеспін. Біз оны сайлаған кезде, оған дауыс берген жоқпыз – елдің батыс бөлігіне қарсы дауыс бердік. Біз қазіргі қақтығыстарды болдырмайық дедік. Енді біздің дұрыс әрекет еткеніміз анықталды, - дейді ол.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG