Accessibility links

«Путиншіл» магнат Украинаға қызмет ететінін айтады


Виктор Медвечук.
Виктор Медвечук.

Владимир Путинмен жақсы араласатын магнат және «сұр кардинал» Виктор Медведчук Украина саясатына жиырма шақты жыл бойы ықпал етіп келеді. Ресейшіл сепаратистермен бейбіт келіссөз өткізуге көмектескен адамды сыншылар «Түнек князы» деп атайды.

Оншақты жыл бұрын Виктор Медведчук «сұр кардинал» деген атауға ие болды. Себебі оның өмірбаянына қарап, Украина билігіндегі теңдессіз ықпалын байқай алмайсыз. Қазіргі кезде миллионер магнат және сахна сыртындағы саясаттың ойыншысын Ресей президенті Владимир Путинмен достығы үшін «Түнек князы» деп атайтындар бар.

СҰР КАРДИНАЛ НЕМЕСЕ «ТҮНЕК КНЯЗЫ»

002-2005 жылдары Леонид Кучманың басшылығы кезінде президент әкімшілігінің басшысы болып істеген Медведчук саяси ортада көзге түсе бермейтін, қазір де танымал шенеунік емес. Ол бұндай қызметті қаламайтынын да айтады.

Медведчук Азаттық радиосына берген сұхбатында саяси қызметте отырғысы келмейтінін, осылай жүрсе өзін еркін әрі тиімді сезінетінін айтты. Бірақ 2014 жылдың ақпанында украиналық шерушілер мәскеушіл президентті биліктен кетіргенде Медведчуктың зор ықпалы көзге түсіп қалды.

Ресей Қырымды басқыншылық жолмен өзіне қосып алды, Украинаның шығысында соғыс тұтанып, Киев пен ресейшік сепаратистер шайқасты. Соның кесірінен 9500-ден астам адам опат болды.

Украинаның жаңа, батысшыл билігі маусым айында Медведчукты Ресеймен байланыс жасаудағы бас төреші етіп белгіледі. Қызына Путин өкіл әке болған адам әсіресе тұтқындар алмасуда аса пайдалы болар деген үміт болды. Медведчуктың бұл рөліне Мәскеу қуанғанымен, Украина жұрты күдікпен қарап, көңілдері күпті болды. Екі жыл өтсе де сол күмән сейілмеді.

Ресейде түрмеге қамалған украиналықтардың біразы айырбас арқылы отанына оралды. Олардың арасында танымал ұшқыш Надежда Савченко да бар. Бірақ көбі әлі қамауда жатыр.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченконың Ресей түрмесінен босап келген кезі. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.
Украиналық ұшқыш Надежда Савченконың Ресей түрмесінен босап келген кезі. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Медведчук Украинаның шығысында бейбітшілік орнатуға көмектесті, алайда оның да нәтижесі шамалы. Соғысты тоқтату туралы келісім шала-шарпы орындалды, осы жазда ұрыстың күшейгені соғыс қайтадан толық ауқымда оралуы мүмкін деген қауіп тудырды.

Минскіде жасалған келісімшартта «2015 жылдың соңына дейін сепаратистік аудандар Украинаға қосылсын, Украина Ресеймен шекарада бақылауды қалпына келтірсін» делінген еді. Бірақ бұл келісім орындалмады. Украиналықтардың көбі Медведчуктың не ойлағаны бар деп бас қатырады. Киевтегі Berta Communications саяси консалтинг фирмасының директоры Тарас Березовец «Медведчук – Путиннің Украинадағы жеке өкілі» дейді.

Медведчук Путиннің достарының санатында болу «үлкен құрмет» екенін айтады. Ресей президенті 2004 жылы Санкт-Петербургте Медведчуктың қызын шоқындырған, Сочиде өткен «Формула-1» жарысында да ол Путиннің қасында отырды. Медведчук самбо күресі жарысында да Ресей басшысының қасында көзге түсті, әйелі және балаларымен бірге Кремльдегі виллада қонақ болғаны да камераға түскен.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Виктор Медведчук. Киев, 27 шілде 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Виктор Медведчук. Киев, 27 шілде 2013 жыл.

«ПУТИНМЕН ДОСТЫҒЫМДЫ КӨРЕ АЛМАЙДЫ»

Медведчук Азаттыққа берген сұхбатында Путинмен жақын араласқанына қысылмайтынын білдірді. «Мен туралы айтқандар қызғаныштан сөйлейді. Олар мені қызғанады» деген саясаткер ештеңе жасырмайтынын айтты.

– Бұл мәселе туралы пікір білдіргім келмейді, себебі менің жұмысым көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр, – деді ол.

Медведчук Азаттық тілшісімен кеңсесінің конференц-залында, Киевтегі Лев Толстой алаңындағы ғимаратта сөйлесті. Кеңсенің ауыр есіктерін денелі күзетшілер қоршап тұр. Жылтыраған мокасин, қырлы кең шалбар киіп, әтір сеуіп, денесіне шақ аппақ көйлек киген украиналық саясаткердің жақында күнге күйгені байқалады.

Ол қазір тек Қырымда демалатын тәрізді. «Ол жер керемет – теңіздің суы жылы, ауа-райы тамаша, қолайлы» деген Медведчук ақ тістерін жарқыратып күлгенде өзіне сенімді екенін көрсетеді, оның бәрі мұқият дайындықтан туындаған болса керек.

– Қырымда алғаш рет 1990 жылдары демалдым, сол дағдымнан әлі күнге айныған емеспін, – дейді ол.

Қазір 1990 жылдардың басы емес. Қазір Қырым – Мәскеу мен Киевтің басты мәселесі, оның мүлдем шешімін таппауы да мүмкін. Украина түбекті беруге ешқашан келіспейтінін, ал Мәскеу оны қайтармайтынын айтады. Путин Қырымды «Ресейдің қасиетті жері» деп атады. Киевтегі құқық қорғау топтары мен Батыс елдері «Ресей 2014 жылдың наурызында аннексияға қарсы шыққан қырым татарлары мен басқа да қырымдықтарға қысым көрсетті» дейді.

Украинаның басқа бөлігінен келгендерге де ресейшіл билік қоқан-лоқы көрсеткен. Медведчук халықтың наразылығын түсінетінін айтып, «заңды тұрғыда Қырым – Украинаның аумағы» деді. Киев пен әлемнің басым бөлігі осы қағидаға қосылады.

«Бірақ іс жүзінде, өкінішке қарай, ол Ресейге қарайды» деді ол. Саясаткер түбектің Украинаға қайтатынына сенбейді, оған орталық билік кінәлі дейді. Олар түбекті кері қақты деп түсіндірген Медведчук:

– Егер Украина билігі Қырымды қайтарғысы келсе, оның электр қуатын өшірмес еді, су құбырын кесіп, экономикалық блокада жарияламас еді. Олар темір жол көлігі мен жүк және жолаушылар тасымалын тоқтатпас еді, – дейді.

Ресей президенті Владимир Путин Донбаста қаза тапқан ресейлік журналистердің жесірлерімен жолыққанда ол кездесуге Виктор Медведчук та қатысты. Мәскеу, 26 мамыр 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Донбаста қаза тапқан ресейлік журналистердің жесірлерімен жолыққанда ол кездесуге Виктор Медведчук та қатысты. Мәскеу, 26 мамыр 2016 жыл.

Медведчук өзге негізгі мәселелер бойынша да Кремльді құптайды.

Әлемнің басым бөлігі Мәскеуді «Украинаның шығысында соғыс бастады» деп айыптаса, Медведчук оған украина үкіметін көбірек айыпты көреді. Оның айтуынша, «Киевтің сепаратистік аумақта сайлау өткізейік дегені қате, Украина Ресеймен шектесетін аумақты бақылауын тоқтатқанда ғана Минск шарты орындалады».

Келісім бойынша екі жақ та атысты дереу және мүлдем тоқтатуы керек. Екітарап та ауыр атыс құралын әкетіп, жергілікті сайлау өткенше тиімді бақылау режимін орнату қажет.

Киев сайлауды реттейтін заң қабылдап, ауыр қылмыс жасамаған сепаратистерді кешіруі керек.

– Киев сайлауды реттейтін заң қабылдап, ауыр қылмыс жасамаған сепаратистерді кешіруі керек. Осындай саяси өзгерістер болмаса, Минск шарты бір қадам да алға жылжымайды, – деген Медведчук салмақтың Украинаға түсетінін ескертеді.

Ол Мәскеудің талабын қайталап, «Киев сепаратистік басшылықпен келісімге келуі керек, себебі ол облыстарды Киевке қайтаратын басқа жол жоқ» дейді.

– Әрине, бір жол бар, бірақ ол шындыққа жанаспайды. Украина армиясы шабуыл жасап, аумақты күшпен тартып алуы керек. Бірақ Вашингтон да, Брюссель де Киевтің ондай әрекет жасауына жол бермейді, – дейді Медведчук.

Медведчук пен Кремль сияқты емес, Киев пен Батыс Ресейдің Минск шартын орындауы қажет екенін баса айтады. Онда «барлық шетелдік қарулы құрылымдар, әскери техника мен жалдамалылар Украина аумағынан шықсын» деген талап бар.

БАСТЫ БІТІМГЕР

Медведчук Минск келісімін жүргізгеннен бөлек, Киев пен Мәскеу арасында тұтқындар алмасуда да негізгі бітімгер болды. Нәтижесінде мамырдың 25-і күні Киев әскери барлау офицерлері деген екі ресейлікті украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға айырбастады. Медведчуктың айтуынша, ол 2014 жылдың желтоқсанынан бастап заңсыз тұтқындалған 402 адамның бостандыққа шығуына ықпал еткен. Ол бұл тұрғыда өзінің ықпалды екенін атап айтады.

ДХР мен ЛХР және Ресей әкімшілігімен келіссөз жүргізетін жалғыз адам – менмін.

– Өзін-өзі сайлап алған Донецк халық республикасы (ДХР) мен Луганск халық республикасы (ЛХР) және Ресей әкімшілігімен келіссөз жүргізетін жалғыз адам – менмін, – дейді ол.

Украиналық ұшқыш Савченко Ресей түрмесінен босап, үйіне келген соң үш аптадан кейін Медведчук украиналық Геннадий Афанасьев пен Юрий Солошенконы «Одессадағы сепаратизмге ықпал етті» деген екі азаматқа айырбастап алды. Бірақ осыдан соң айырбас тоқтады, екі жақта әлі көп адам тұтқында жатыр. Ресейде сотталған украиналықтардың арасында 2014 жылдың мамырында Қырымда тұтқындалған, 2015 жылдың тамызында террор жасамақ болды деген айыппен 20 жылға сотталған режиссер Олег Сенцов та бар. Жақтастары оның үкімін «әділеттіке жасалған пародия» деседі. Сондай-ақ сол уақытта ұсталып, 10 жылға сотталған Александр Кольченко да түрмеде отыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті Сенцов пен Кольченкоға қарсы айыптауды «негізсіз» деп атап, олар «Украина аумағында тұтқынға алынды» деді. Өткен айда оларды босатады деген сыбыс шықты, бірақ жүзеге аспады. Медведчуктың айтуынша олар – Донбасс шайқасында қолға түскендер сияқты емес, басқа санатқа кіретін тұтқындар. «Террорға қарсы операция» кезінде Донецк пен Луганскіде қолға түскен адамдар бар» деді Медведчук Киевтің шығыс Украинадағы операциясын меңзеп, Савченконы мысал етеді.

Медведчуктың айтуынша, Киев бақылайтын аумақта сепаратистер босатып алғысы келетін 600-ден астам адам бар.

Ресейдің көзқарасы бойынша, Сенцов пен Кольченко оқиғасы басқалардан ерекшеленеді, себебі олар «Ресей іс жүзінде өз аумағы деп қабылдайтын Қырымда ұсталып, қылмысты ретінде айыпталған». Медведчуктың айтуынша, Киев бақылайтын аумақта сепаратистер босатып алғысы келетін 600-ден астам адам бар. Бұл ДХР, ЛХР және Ресейдегі тұтқындарды санына тең.

Көп адам Медведчукты ресейлік биліктің қуыршағы санайды, бірақ өзі бұл айыптауды үзілді-кесілді терістеді. Ресей Қырымды басып алған кезде АҚШ Медведчукқа қарсы «Украинаның аумақтық тұтастығына, бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылық және егемендігіне қатер төндірді, елдегі демократиялық институттар мен үдерістерді бұзды» деп санкция салды. Ақ үй мәлімдемесінде Медведчукты «Виктор Януковичке қаржылық, материалдық және технологиялық қолдау жасады» делінген. Медведчук Еуропа Одағына (ЕО) қосылуды құптамағандардың бірі болатын.

Виктор Медведчуктың Ресеймен байланысын кекеткен карикатура.
Виктор Медведчуктың Ресеймен байланысын кекеткен карикатура.

ЕУРОПАДАН АЛЫСТАП, РЕСЕЙ ЖАҒЫНА ӨТУ

2012 жылы Медведчуктың коммерциялық емес «Украина таңдауы» атты саяси тобы Мәскеу бастаған Кеден Одағына кіру үшін референдум өткізуге тырысты. Бұрынғы советтік елдер құрған Кеден Одағын Путин ЕО-ға қарсы қойып, аймақтағы Батыстың ықпалын азайтқысы келеді. 2013 жылы Вильнюстегі саммитте Янукович одаққа қосылу туралы келісімге қол қояды деп жоспарланды, бірақ ЕО-ға қарсы тұруға «Украина таңдауы» да көп ықпал етті.

Топ жалпыұлттық кампания ұйымдастырып, бір жынысты жұптарды көрсеткен жарнамалық тақталарында «ЕО-ға қосылу бір – бір жыныстылардың некелесуі» деп жазылды.

Әкесі ұлттық қозғалысқа қатысқаны үшін саяси репрессияға ұшырап, Батыс Украинадан Сібірге жер аударылған, өзі сол жақта туған Медведчук әркез Батысты осылай сынайтын деуге келмейді. 1997-2002 жылдары Украинада парламент депутаты болған Медведчук Еуропаны, әсіресе Польшаны мақтайтын, ол жақтың үкіметтегі шенеуніктерімен жұмыс барысында жақсы араласатын. Оны білетіндер 2002-2005 жылдары Кучма әкімшілігін басқарған кезде ресейшіл бола бастағанын айтады, сол кезден бастап Медведчуктың саяси және экономикалық қадамдары Путиннің қолтаңбасын көрсете бастады.

Бірінші қатарда солдан оңға: украиналық саясаткер Виктор Медведчук, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 17 тамыз 2013 жыл.
Бірінші қатарда солдан оңға: украиналық саясаткер Виктор Медведчук, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 17 тамыз 2013 жыл.

2010 жылы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин мен оның украиналық әріптесі Юлия Тимошенко қол қойған даулы газ келісімінде Медведчук дәнекер болды. Бұлкелісім Мәскеудің пайдасына шешілді. Жақында ол «Украина тұрақтылығын сақтағысы келсе, федерация құруы керек» деді. Олай болса, шығыстағы сепаратистер сияқты аймақтағы билік орталық билік есебінен көп ықпалға ие болады – бұл идея да Мәскеуден шықса керек.

– Медведчук – саяси көреген. Бірақ оның әрекеті Украина емес, Путиннің табысқа жетуіне бағытталған, – дейді сарапшы Березовец.

Өзін үшінші жақтан сипаттаған Медведчук сұхбат кезінде ол пікірге қарсы шықты.

– Медведчук мырза Украина тұрады. Ол осында оқыды, жұмыс істеді, әлі де істеп жатыр. Оның отбасы осында тұрады, балалары осы жерде оқып жатыр, – деді Медведчук.

Ол ешқайда кететін ойы жоғын, елінің дамуын, өркендеуін қалайтынын, бейбіт өмір сүруі үшін бәрін жасайтынын айтады.

– Ресей президентімен жақсы қарым-қатынаста болуым Украинаның мүддесіне қызмет етуіме көмектеседі. Оны барынша пайдаланамын, – дейді ол.

Дәл қазір Медведчук Донбастағы соғыстың бітуіне күш салып жатыр. Оның айтуынша, Донбасс – Украинаның жері дегенді Путин де қолдайды.

– Путин Донбаста бейбітшілік болғанын қалайды. Ол әркез «Донбасс – Украинаның жері» деп айтып отырады. Бірақ Путин Донбастағы орыс тілді тұрғындардың қауіпсіздігіне де алаңдайды, ол да Минск келісімінде көрсетілген, – дейді Медведчук.

«БЕЙБІТШІЛІК КЕРЕК, ОНЫ КІМ ОРНАТҚАНЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС»

Азаттық тілшісі Медведчукпен сұхбаттан соң екі күннен кейін Донецк қаласынан 28 километр қашықтықта орналасқан Марьинкадағы Украина батальонының алдыңғы шебіне барды. Ол жерде атыс тоқтамапты.

Шілденің 27-сіне қараған түнде сеператистер орналасқан жерден 100 метр қашықтықта танктер батальон жаққа танкіден оқ жауды, жарылыстан қала ғимараттары қирап, бір үй өртенді. Үйде ешкім болмаған, соғыс басталған бетте тұрғындардың көбі қаладан қашып кетті. Бұл қақтығысты аяқтағысы келетіндер көп.

Минск келісімі мен Медведчуктың Киев, Мәскеу және сепаратистер арасындағы бітімгерлігі туралы сауалға батальон командиры Вячеслав Власенко Украинаның шығыс бөлігінде кең тараған пікірмен жауап берді.

– Маған бәрібір. Ол тіпті ібіліс немесе Адольф Гитлер болсын, бейбітшілік орнатса болғаны. Ал ол кім болса, сол болсын, – дейді сарбаз.

Кристофер Миллердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG