Accessibility links

АҚШ президенттігінен үмітті саясаткер сүрінді


Крис Кристи, Нью-Джерси штатының губернаторы. Форт Ли, 9 қаңтар 2014 жыл
Крис Кристи, Нью-Джерси штатының губернаторы. Форт Ли, 9 қаңтар 2014 жыл

2016 жылы республикашылар атынан президент сайлауына түспекші негізгі кандидат өзін штат губернаторы етіп сайлауға ықыласты болмаған қала мэріне тізе батырмақ болды деп айыпталады.

Нью-Джерси штатының танымал губернаторы Крис Кристиді республикашыл партияның атынан президенттікке түсетін келесі кандидат санап жүргендер көп еді. Қазір оның саяси карьерасы тұйыққа тіріліп тұр. Губернатордың адамдарына «Крис Кристиге қолдау көрсетпеген Форт Ли қаласының мэрін жазалау үшін қасақана жолды жауып, қолдан көлік кептелісін ұйымдастырған» деген айып тағылып жатыр.

Гудзон өзенін кесіп Нью-Джерси және Нью-Йорк қалаларын жалғап жатқан 14 жолақты Джордж Вашингтон көпірі әлемдегі ең көп көлік өтетін ірі көпірлердің бірі саналды. Бұл көпірден күн сайын шамамен 300 мыңдай көлік өтеді.

Қыркүйек айында осы көпірдің екі жолағы төрт күнге жабылып, көпір аузында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Өте алмаған көліктер, оқушылар таситын автобустар және жедел жәрдем машинасы бірнеше сағат тұрып қалды.
Көпірді әдетте үлкен жол апаты болса немесе жөндеу жұмыстары кезінде ғана жабатын.

ТӨРТ КҮНДІК КЕПТЕЛІС

Бірақ өткен аптада Нью-Джерсидің губернаторы Крис Кристи жолды өз әріптестерінің әдейі жапқанын мойындады.

Ол: «Өз командамдағы әріптестердің жасаған мына қиянатын естігінде өзімді қорланғандай сезініп, көңіл-күйім түсіп кетті. Бұл адамшылыққа жатпайтын іс. Олар бізге сенім артқан халықты және осы қызметті бізге сеніп тапсырған үкіметті жете құрметтемейтінін көрсетті» деді.

Кристидің аппарат жетекшісінің орынбасары жазған хаттар интернетте жария болып кеткесін, орынбасардың көлік кептелісін ұйымдастыруда белсенді әрекет еткені көрініп қалды.
Гудзон өзеніндегі көпірлердің бірімен келе жатқан адам. Нью-Джерси, 29 мамыр 2013 жыл
Гудзон өзеніндегі көпірлердің бірімен келе жатқан адам. Нью-Джерси, 29 мамыр 2013 жыл

Бұл әрекет республикашылар партиясының мүшесі Кристиді қолдамаса да, былтырғы губернатор сайлауында жеңіске жеткен жергілікті қала мэрінен кек алу мақсатында жасалғанға ұқсайды.

Форт Ли қаласының мэрі Марк Соколич – демократ. Форт Ли қаласы Джордж Вашингтон көпіріне жақын орналасқандықтан қаланың өзі де кептелістен жапа шегіп, төрт күндік кептеліс кезінде мэр қалың жұрттың сынына ұшыраған.

Былтырғы қараша айындағы губернатор сайлауында жеңіске жетіп, екінші рет 4 жылға губернатор болып қайта сайланған 51 жасар Кристи қаңтардың 9-ы күні аппарат жетекшісінің орынбасары Бриджет Энн Келлиді осы қателігі үшін қызметінен босатқанын айтты.

Көпір ісіне жауапты көлік департаментінің екі қызметкері де отставкаға кетті. Олардың екеуі де Кристи әкімшілігімен тығыз қарым қатынаста болған. Олардың біреуі Дэвид Уильдштейн Келлидің интернет арқылы жазған хатындағы «Форт Лиде көлік кептелісі болатын уақыт туды» деген сөзіне келісетінін жазған.

«БЕЙШАРА СЕРБ»

Уильдштейн кейнірек Кристидің сайлау кампаниясының жетекшісіне жазған хатында бұл істің енді «бейшара сербке» ауыр соққы боп тиетіні жайлы жазған. Ол «бейшара серб» деп Соколоичті меңзеген, бірақ оның тегі – серб емес, хорват.

Кристидің бұл «көпірді жабу» жоспары жайлы білген-білмегені анық емес. Интернеттегі күмәнді хаттарда оның аты аталмайды. Хаттар жария болғаннан бір күн өткен соң қаңтардың 9-ы күні губернатор қызметкерлерінің бұл әрекетінен мүлде бейхабар болғанын айтты.

Ол: «Бұлардың жоспары жайлы да, мэрге қиянат жасау әрекеті туралы да білген жоқпын. Мен осының бәрін біткен соң бір-ақ білдім. Ол кезде маған «көліктерді тексеріп жатырмыз» деп қана ақпарат берген. Кешеге дейін оқиғаның басқадай астары барына ешқандай дәлел де болмаған» деді.
Нью-Джерси қаласы тұрғындары.
Нью-Джерси қаласы тұрғындары.

АҚШ-тағы осы оқиғаны қадағалап отырған көптеген саясаткерлер Кристидің қол астындағы қызметкерлерінің жұмысынан расымен де бейхабар болғанына сену қиын деп санайды. Енді біреулері бұл қитұрқы әрекет Соколичтің бір өзіне ғана емес Форт Лиде тұратын штат сенатының демократ жетекшісіне де қарсы жасалған әрекет деп санайды.

The New York Times басылымы қаңтардың 10-ы күні: «Кристиге енді ешкім сенбейді. Егер ол елдің сеніміне қайтадан ие боламын десе тергеу ісіне көмектесуі тиіс» деп жазды.

Бұл оқиға Кристи үшін өте маңызды. Себебі саяси амбициясы зор Кристиді елдің көбі 2016 жылы болатын президент сайлауына Республикашылар партиясының атынан кандидат болып түседі деп күтіп жүрген. 160 келі тартатын етжеңді Кристи 2013 жылы арнайы ота жасатып, артық салмағынан арылды. Осы әрекетіне қарап ел-жұрт оны президент сайлауына дайындалып жатыр-ау деп тұспалдаған.

(Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG