Accessibility links

Сарапшылар Обаманың жолдауына пікір айтты


Обаманың жолдауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

АҚШ президенті Барак Обама халқына холдау жасап тұр. Вашингтон, 28 қаңтар 2014 жыл

АҚШ президенті Барак Обама 28 қаңтар күні кешке конгрессте "Мемлекеттің жағдайы" деген тақырыпта халыққа жолдау жасап, елдің өз тарихындағы ең ұзаққа созылған рецессиядан біртіндеп шығып келе жатқанын мәлімдеді.

Обаманың сөзінше, қазір АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткішті құрайды. Ал экономиканың өнеркәсіп саласында өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері бірінші рет жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Ол бұған қоса қазір АҚШ-тың өз аумағында өндіретін мұнай көлемі импортталатын мұнайдан асып кеткенін де айтты.

Барак Обама өзі президент болған жылдары бюджет тапшылығы екі есеге азайғанын, әлемде инвестиция салуға ең қолайлы ел Қытай емес, АҚШ екенін де сөз етті.

АҚШ президенті ел азаматтарының барлығы бірдей экономикалық игіліктерді тең көре алмай жатқанын айтып, конгресті әлеуметтік теңсіздікпен күрес шараларын қолдауға шақырды. Обама жұмыс орындарын ашып, америкалықтардың табысын арттыратын шараларды ұсынды.

- Экономикалық өсімді жетелдетіп, орта тапты күшейтіп, орта таптың өсуіне мүмкіндік туғызу үшін бірнеше нақты ұсыныс айтамын. Олардың кейбірін жүзеге асыру үшін конгрестің әрекеті керек. Конгреспен бірге жұмыс істеуге дайынмын, - деді АҚШ президенті.

Ол өзінің бастамаларын конгресс қолдамайтын болса, конгрестің қарсылығын еңсеру үшін конституция беретін өкілеттіктерді пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.

Барак Обама таяуда мемлекеттік қызметкерлердің ең төменгі жалақысын көбейту туралы жарлыққа қол қоятынын да хабарлады. Оның сөзінше, қызметкерлер сағатына 10 доллардан кем жалақы алмауы тиіс.

- Біздің әскерге тамақ пісіріп не ыдысын жуып жүрген адам болсаңыз, кедейлікте тұрмыс кешпеуге тиіссіз, - деді Барак Обама.

Ирактағы соғыстың аяқталуы мен алда Ауғанстаннан америкалық әскерилердің шығарылуын, Иранмен оның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге келуді Обама АҚШ-тың сыртқы саясатындағы жетістіктер ретінде атады.

АҚШ президенті Вашингтонның Еуропа мемлекеттерімен одағы тарихтағы ең берік одақ саналатынын және АҚШ өз елінде демократия орнатқысы келетіндерді қолдауға дайын екенін білдірді.

Обаманың айтуынша, АҚШ Украинадағы барлық азаматтардың өз пікірін еркін және бейбіт түрде білдіруге құқығы бар деп санайды. Ол Ресеймен қарым-қатынас туралы ештеңе айтқан жоқ. Барак Обама АҚШ нәсілі, ұстанған діні, сенімі мен жыныстық өзгешеліктеріне қарамастан барлық адамның тең екенін басшылыққа алатынын, оған Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында америкалық команданың қатысуы кезінде көз жеткізуге болатынын мәлімдеді.

Америкалық АВС телеарнасы сарапшы Мэтью Дауд ел президентінің жолдауындағы бірнеше сөз есінде қалғанын айтады.

- Ол өкілдер палатасы спикері Джон Бейнерді нұсқап, "бар менеджерінің ұлы спикер болатын, жалғызбасты ананың ұлы президент болатын елде тұрып жатырмыз" деді. Менің ойымша, бұл жолдау америкалыққа қатты әсер ете қоймас. Бұл ешқашан тиімді саяси құрал да болған емес. Демократтар "ғажап сөйледі" дейтін шығар, ал республикашылдар "Обама өз пікірімен санасуды талап ететін Обама күйінде қалды" дер, тәуелсіздер сөзіне қолдарын бір сілтеп, іске көшкенін күтер, - дейді ол.

The Los Angeles Times газетінің шолушысы Дойл Макмэнустің пікірінше, бұрын ауқымды бағдарлама ұсынатын президент Обама бұл жолы елеусіз идеялар ғана айтты.

- Обама биыл медициналық сақтандыру реформасының жүзеге асатынын дәлелдей алса, экономикалық және халықаралық қиындыққа ұрынбаса, партиясына сенаттан көп орын алуға септесе алса, "2014 жыл табысты жыл болды" дей алады, - дейді Макмэнус.
XS
SM
MD
LG