Accessibility links

Царнаев өлім жазасына кесілді


Қазақстандық азаматтар Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаев (ортада) достары Джохар Царнаевпен тұр. Царнаев 2013 жылғы Бостон марафонында "жарылыс ұйымдастырғаны үшін" өлім жазасына кесілді.
Қазақстандық азаматтар Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаев (ортада) достары Джохар Царнаевпен тұр. Царнаев 2013 жылғы Бостон марафонында "жарылыс ұйымдастырғаны үшін" өлім жазасына кесілді.

Алқабилер 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылыс ісіне қатысты үкім шығарды. Бұл іске қатысты қазақстандық екі бұрынғы студент те сот шешімін күтіп отыр.

Жұма күні Бостонда алқабилер Джохар Царнаевтың ісіне қатысты үкімді 14 сағатқа созылған талқылаудан кейін жариялады. Джохар Царнаев өлім жазасына кесілді.

Айыптаушылар бұған дейін де оған өлім жазасын сұраған еді. Алайда қорғаушылар Царнаевқа өлім жазасы емес, өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы берілетін шығар деп үміттенген болатын.

Бостонда жұмыс істеп жатқан "Америка дауысының" Орыс қызметінің тілшісі Фатима Тлисованың хабарлауынша, Джохар Царнаев сот залынан "түрі бозарып, аппақ қудай болып шыққан", ал алқабилердің кейбірі "жылап жіберген".

Судья Джордж О’Тул алқабилерге арнаған сөзінде "осы уақытқа дейін БАҚ-пен байланысуға тыйым салынып келген еді, енді ол тыйым жоқ" деген. "Америка дауысы" басылымы судьяның "Егер жария сұхбат беремін десеңіздер, алқадағы әріптестеріңіздің пікірін де ескеріңіздер. Олардың үкімін құрметтеңіздер" деген сөзін келтірген.

АҚШ заңы бойынша, алқабилер "өлімге кесетін" барлық 17 бап бойынша мәмілеге келіп, шешімді бірауыздан қабылдауы керек. Мұндай жағдайда алқабилер кеңесінің бір мүшесінің қарсылығы айыптыны өлім жазасынан алып қалып, үкімді өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасына өзгерте алады.

Бұған дейін, осы аптада Бостонның Федералдық округтік соты прокурорлар мен қорғаушылардың қорытынды сөздерін тыңдаған. Джохар Царнаев 2013 жылы сәуір айында Бостонда өткен марафонда ағасы Тамерлан Царнаевпен бірігіп, "жарылыс ұйымдастырды" деп айыпталған. Теракт кесірінен үш адам қаза тауып, 264 адам жараланған. Олардың көбі мүгедек болып қалды.

Бостон марафонындағы жарылыстан аман қалған Марк Фюкарейл сот залынан шығып келеді. Бостон, 4 наурыз 2015 жыл.
Бостон марафонындағы жарылыстан аман қалған Марк Фюкарейл сот залынан шығып келеді. Бостон, 4 наурыз 2015 жыл.

"Америка дауысының" хабарлауынша, айыптаушылар 21 жастағы Джохарды "сезімсіз, тәубеге келмейтін фанат, өлім жазасына лайық" деп сипаттаған. Ал адвокаттар оны "экстремист ағасының ықпалына түскен, бұғанасы қатпаған жеткіншек" ретінде суреттеп, соттан өлім жазасын тағайындаудан бас тартып, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Джохар Царнаев — АҚШ азаматтығын алған Солтүстік Кавказ аймағының тумасы. Оның бала күнінде бірнеше жыл Қырғызстанда өмір сүргені анықталды.

Бұл іс бойынша Дартмут университетінде Джохар Царнаевпен бірге оқыған екі қазақстандық Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов та қамауға алынған. Тергеу оларға "Царнаевтың жарылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жоюға тырысты" деген айып тағып отыр. Екі қазақстандыққа үкім биыл шығуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG