Accessibility links

Трамптың климат келісімінен шыққанын жаппай сынады


АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй аумағында АҚШ-тың Париж келісімінен шығатынын мәлімдеп тұр. Вашингтон, 1 маусым 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй аумағында АҚШ-тың Париж келісімінен шығатынын мәлімдеп тұр. Вашингтон, 1 маусым 2017 жыл.

Одақтастары мен бәсекелестері АҚШ президенті Дональда Трамптың 2015 жылғы Париж климат келісімінен шығу туралы шешімін сынап, оның келісімді қайта жасау туралы ұсынысын шетке ысырды.

Маусымның 1-і күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының 2015 жылы қол қойылған климат бойынша Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді.

Франция, Германия, Италия басшылары бірлескен мәлімдемелерінде «Біз келісім қайта қаралмайтынын ескертеміз» деді. Олар Трамптың келісімнен шығу туралы шешімін «өкінішті» деп бағалап, әлемнің қалған елдерін «климаттың өзгеруімен күресті күшейтуге» шақырды.

Маусымның 1-і күні Франция президенті Эммануэль Макрон Трампқа телефон соғып, «ештеңенің қайта қаралмағанын» айтқан. Макрон бұдан кейін жасаған телевизиялық үндеуінде «"Б" жоспары жоқ, өйткені "Б" планетасы жоқ. Біз келісімді қайта қарамаймыз. Оны қайта қараудың жөні жоқ» деген.

Еуропа комиссиясы президенті Жан-Клод Юнкер АҚШ президенті Дональд Трамптың Париж келісімінен шығу туралы шешімін «үлкен қателік» деп атады. АҚШ-тың жақын одақтастары - Ұлыбритания, Германия, Жапония лидерлері де өндіріс қалдықтарын көп шығаратын елдің бірі АҚШ-тың келісімнен бас тартқанына «өкініш» білдірді.

Синьхуа агенттігінің хабарлауына қарағанда, климат мәселесі бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтасуға уәде берген Қытай үкіметі де Трамптың шешімін «жаһандық дәрежедегі қателік» деп атады.

Синьхуа Трамп шешімін «АҚШ-тағы жұмыс орындарын сақтауға тырысу» деп түсіндіргенімен, «Трамп келісімнен шығу үшін бұлтартпас себептер керек екенін, АҚШ-тың Париж келісімінен шығуының салдары қандай болатынын түсінеді деп үміттенеміз» деген.

Ресей басшылары Трамп шешімін «құрметтейтіндерін», бірақ келісімнен шығып кетуді қолдамайтындарын мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «Ресей климат туралы келісімнің шарттарын сақтайды, оны жасаудың өзі кезінде үлкен шаруа болған еді. Келісім бір елдердің ғана мүддесін қорғауы керек деген талап дұрыс емес» деген.

Трамптың Париж келісімінен шығу туралы шешімі АҚШ-та да дауға ұласты. Конгрестегі республикашыл депутаттар Трамптың батылдығын қолдап, оның 194 елдің алдында қаймықпағанын құптаған. Олар маусымның 1-і күні Париж келісімін АҚШ үшін «әлі шикі» деп мәлімдеді.

Алайда Конгрестегі демократтар оның бұл әрекетін «қоршаған ортаға зиянды» және «әлемдік лидер мәртебесінен бас тарту» деп атады.

Трампты үнемі сынайтынымен танылған, былтырғы сайлауда Демократиялық партия атынан президент сайлауына кандидат болуға тырысқан АҚШ сенаторы Берни Сандерс «Біздің планетаны болашақ ұрпаққа сақтау үшін еңбектенуден бас тартуға моральдық құқығымыз жоқ» деп мәлімдеген.

АҚШ-тың демократ сенаторы Берни Сандерс. Филадельфия, 25 шілде 2016 жыл.
АҚШ-тың демократ сенаторы Берни Сандерс. Филадельфия, 25 шілде 2016 жыл.

Трамп шешімімен климат туралы келісімнен шыққан АҚШ ендігі жерде келісімге қосылмаған екі шағын ел - Сирия және Никарагуамен бірге экология мәселелерін шешу жолындағы әлемдік ынтымақтастықтан тыс қалмақ.

АҚШ штаттары мен қалаларының көптеген губернаторлары мен мэрлері Трамп әрекетіне қарсылық көрсетуге уәде беріп үлгерді. Олар Барак Обама ұсынған «қоршаған ортаны ластайтын өндірістік қалдықтарды қысқарту» жоспарын ары қарай жалғастыратындарын мәлімдеді.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джон Керри Трамп шешімін «АҚШ-тың әлемдік ықпалын азайтатын, адамзаттың аман қалу проблемасын шешуге тырысудан өзге елдердің қашқақтауына себеп болатын» қадам ретінде бағалады.

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Альберт Гор «Трамптың бассыздығы АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келтіріп жатыр» деп мәлімдеген.

Ал Трамп өз шешімін түсіндіріп, «Мені Париж тұрғындары емес, Питтсбург тұрғындары сайлаған, мен солардың мүддесін қорғауға тиіспін» деген.

Бірақ бұл сөзге Питтсбургмэрі Билл Педуто жауап беріп үлгерді. Мэр «Питтсбург 20-ғасырда болат қорыту орталығы болған шығар, бірақ қазір ол - «жасыл» қала және экологиялық-технологиялық прогреске ұмтылып отыр. Питтсбург әлеммен бірге, Париж келісімін сақтайды» деген. Педуто Трампқа Питтсбург тұрғындарының 80 пайызы Хиллари Клинтонға дауыс бергенін ескерткен.

Трампқа сайлау кезінде негізінен АҚШ-тың ауыл шаруашылығы аудандарындағы көмір өндіретін өңірлер тұрғындары дауыс берген еді. Трамп «Париж климат келісімінің АҚШ-тағы миллиондаған тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардағы жұмысшылар мүддесіне қарсы» екенін мәлімдеген.

Ол «АҚШ азаматтарын қорғау» туралы үндеу тастап, «АҚШ-тың өз экономикасын өзі басқаруы керек екенін» айтқан. Трамп «шетелдік лидерлер енді АҚШ экономикасын қалай реттеу керек екені туралы ақыл үйретпеуі керек, оны біздің азаматтарымыз бен олардың сайлауда жеңген өкілдері шешуі тиіс» деген.

Трамп «Париж келісімі АҚШ-қа жарамайды, әділетсіз. Бұл келісім АҚШ-тың байлығын басқа елдерге бөліп беруді қалайды» дейді. АҚШ президенті «басқа елдермен келіссөздеор жүргізуге дайын екенін» ескертіп, «ондай келіссөздерден кейін АҚШ-қа пайдалы шарттар бекітілсе, елдің келісімге қайта кіруі мүмкін екенін» айтады.

Ол «Егер біз жаңа келісім жасасақ керемет болар еді, бірақ ондай келісім жасалмаса да түгіміз кетпейді» дейді.

АҚШ-ты климат туралы келісімнен шығару және Обаманың денсаулық сақтау бағдарламасын тоқтату Трамптың былтырғы сайлау кампаниясында берген уәделерінің бір парасы еді.

Ал Обама «Трамптың бұл шешімі америкалықтарды әлем алдында масқара етеді, бірақ АҚШ штаттары мен қалалары, өндіріс орындары климаттың жылынуымен өз беттерінше күресе беретін болса, Трамп әрекетінің зияны азаяды деп сенемін» деген.

Еуропа Одағының климат және энергетика бойынша комиссары Мигель Ариас Каньете мырза «бүгін - әлем үшін өкінішті күн, өйткені климаттың өзгеруімен күресетін негізгі әріптес теріс айналды» деп мәлімдеген. Бірақ ол «бұл жағдай климат өзгерістерімен күрес ісінде Еуропаны әлемдегі жетекші орынға шығарады» деген.

Еуропа Одағының климат және энергетика бойынша комиссары Мигель Ариас Каньете. Брюссель, 14 желтоқсан 2015 жыл.
Еуропа Одағының климат және энергетика бойынша комиссары Мигель Ариас Каньете. Брюссель, 14 желтоқсан 2015 жыл.

Өткен аптада Италияда өткен «Үлкен жетілік» саммитінде АҚШ-тан басқа барлық ірі өндірістік елдер Париж келісімін «қатаң түрде орындайтындарын» растады.

Еуропа комиссиясы президенті Жан-Клод Юнкер АҚШ президенті Дональд Трампқа «келісімнен жай ғана шыға сала алмайтынын, оған бірнеше жыл керек болатынын ескерткенін» айтады. Ол «АҚШ келісімнен оп-оңай шығып кете алмайды, Трамп келісімнің кейбір шарттарын білмейтін сияқты» дейді.

XS
SM
MD
LG