"Махалла" қайырымдылық қоры, қалалық, облыстық және аудандық әкімдіктер ұйымдастырған "Біздің идеямыз - біздің қорғанышымыз" деп аталатын тренингтер әзірге елдің жекелеген аймақтарында өтіп жатыр. Ол тренингтерде ақсақалдарға, қарауылдар мен махалла белсенділеріне діни экстремизммен күрес түрлерін айтады.
Осындай тренингтердің бірі 29 маусым мен 4 шілде аралығында Ташкентте өтті. Бір апталық тренингке келгендерге Өзбекстаннан шетелге қысқа немесе ұзақ мерзімге кетіп бара жатқан азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізу ережелері түсіндірілді.
- Махаллада кімнің шетелге кетіп, кімнің келіп жатқанын, қандай көңіл-күймен оралғанын ақсақалдар, қарауылдар мен белсенділер біледі. Қазір үкімет оларға экстремизммен күресті үйретеді. Сосын олар алған білімін жергілікті жерлерге таратады. Қазір үгіт-насихат жұмыстары күшейтілді, - деді "Махалла" қайырымдылық қорының Ташкент облыстық бөлімшесі қызметкерлерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне.
"ЭКСТРЕМИСТІК ЫҚПАЛҒА ТҮСКЕНДЕРДІ" ТАНУ
Тренингтің әрбір кезеңінен кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Шараға қатысушылар сол сертификаттары арқылы өз территорияларында және көрші махаллаларда түсіндіру жұмыстарын жүргізе алады.
- Тренинг кезінде қатысушыларға қазіргі экстремистік топтар, мысалы, "Ислам мемлекеті" туралы ақпарат беріледі. Оларға адамдардың бұл экстремистік топтар ықпалына қалай түсіп қалатыны айтылады. Махалла қызметкерлері экстремистік ұйымдар ықпалына түсіп қалғандарды тануды, оларды қалай кері қайтаруды, әйелдермен және ерлермен қалай жұмыс істеуді үйренеді, - дейді тренингтерді ұйымдастыруға қатысқан самарқандтық шенеуніктердің бірі.
Өзбекстанда жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде ұйымдастырылған 9 мың 804 азаматтық кеңес бар. Олардың 8 мың 163-і - махалла азаматтарының кеңесі.
Соңғы екі жылда махаллалардың азаматтық кеңесі құқық қорғау орындары мен арнайы қызметтің азаматтарды тіркеу, бақылау және аңду жүргізуінде, осы қызметтер арқылы алынған ақпаратты күштік құрылымдарға беруде "оң қолға" айналған.
Бұған дейін, сәуір айында Interfax.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында сарапшы Рафик Сайфуллин өзбек құқық қорғау органдарының "Ислам мемлекеті" террорлық тобынан төнетін қауіптің ауқымын анықтап, оларға тойтарыс берудің жолдарын қарастырып жатқанын айтқан. Сарапшы «Сирия мен Ирак жерінде "Ислам мемлекеті" сапында соғысып, елге қайтуға әрекеттенгендер шекараға жеткен жерінде тұтқындалады. [Сириядан қайтқандарды] күтіп алатын «ерекше» бағдарлама бар» деген.
Халықаралық дағдарыс тобының биыл жариялаған есебінде Орталық Азия азаматтарының арасында өзбектердің "Ислам мемлекеті" тобына көптеп қосылғаны айтылған. Баяндама дерегі бойынша және 2014 жылдың қыркүйегінде сұхбат берген ресейлік шенеуніктің сөзінше, Сириядағы өзбектердің саны Ташкент мәлімдегендей 500 емес, 2500-ден асуы мүмкін.
Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.