Жүздеген қонақ, үстел қайысқан аста-төк тамақ, өнер жұлдыздары мен оркестерлер, қымбат көліктер...
Орталық Азияның басқа елдері сияқты Өзбекстан тұрғындары да әлеуметтік жағдайына қарамастан, үйлену тойларында осылай шашылғанды жөн көреді. Дегенмен, 13 пайызы кедейлік шегінен төмен тұрмыс кешетін 32 миллион тұрғынның барлығы мұндай дарақылықты құптай бермейді. Совет одағы құлағалы елді ұзақ басқарған Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болған соң оның орнына сайланған президент Шавкат Мирзияев те мұндай үлкен тойды жөн көрмей отыр.
Human Rights Watch ұйымының мәліметіне қарағанда Каримов тұсында нашарлап кеткен адам құқықтарының жағдайын жақсартуға бағыт ұстаған жаңа президент аста-төк той өткізу – ысырап дейді. Орташа айлық жалақы 100-300 АҚШ доллары болатын Өзбекстанда үйлену тойының шығыны 20 мың долларға жетіп жатады.
Президенттің сөзін іліп әкеткен сенат тамыздың 13-інде осы мәселені шешу үшін облыстық, аудандық және қалалық депутаттар кенгештерінде комиссиялар құру туралы өкім шығарды. Сарапшылардың айтуынша, бұл – осының алдында үкімет ұсынған жобадан әлдеқайда жұмсарған шешім. Сол жоба бойынша, той қонақтарының санын 150-ден асырмау, ас мәзірін қысқарту және лимузин сияқты қымбат көліктерге тыйым салу көзделген еді.
Адвокат әрі Human Rights Watch (HRW) ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Стив Свердлоудың айтуынша, сенаттың табысы төмен отбасыларды жөнсіз шығындардан сақтау ниеті дұрыс, дегенмен үкімет “қоғамдық моральға өктемдік жүргізбеуі керек”. Оның үстіне, бұл ұсыныс барша жұрттың көңілінен шығып отырған жоқ. Әсіресе, осындай банкеттер өткізу үшін салынған үлкен мейрамхана иелері наразы. Қонақ санын шектесе, мұндай мекемелер көп табыстан қағылары анық.
Бір қызығы, Өзбекстан – той шығынын шектеуді қолға алып отырған алғашқы ел емес. 2007 жылы Тәжікстан осыған ұқсас заң қабылдаған.
ТӘЖІКСТАН ҮЛГІСІ
Бір кезде Тәжікстанның авторитар президенті Эмомали Рахмон да аста-төк үйлену тойларына наразылық білдіріп, оларды “қажетсіз, ысырапшыл жиын” деп атаған. Рахмон “байлығын көрсету үшін шектен шыққан банкеттер ұйымдастырып, басқаларға үлгі болған” мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмендер мен діндарларды сынға алған. Тәжікстан тойға шақырылатын қонақ пен сойылатын малды, үйлену тойы кезінде көше аралайтын той көліктерінің санын шектеген. Оның үстіне, күйеу жігіт пен қалыңдық әулеттерін той шығындарын теңдей көтеруге мәжбүрлеген.
Тәжікстандағы заң бойынша, бұл заң талаптарын алғаш бұзғандарға 4 мың АҚШ доллары көлемінде, ал қайталап бұзғандарға 5 мың 700 доллар көлемінде айып салынады. Билік мұғалімдер мен басқа да бюджеттік мекеме қызметкерлері 150 доллар көлемінде айлық алатын елде мұндай үлкен айыппұл ысырапшыл той санын азаюы керек деп есептейді.
Жергілікті халық “тәнзим” деп атайтын бұл заң Тәжікстанда қалай жұмыс істеп жатыр? 2017 жылы Тәжікстанның оңтүстігінде бір топ шенеунік бір үйге той болардан бірнеше сағат бұрын кіріп, рейд жүргізген. Олар банкетке арнап әзірленген асты “мөлшерден тыс” деп танып, көпшілігін тәркілеп алып кеткен. Тәжікстанның оңтүстігіндегі Куляб қаласына жақын жердегі Даханада тамыздың 26-сындағы рейдке қатысқан әкімшілік өкілі Холмурод Иброхимов: “Біз ауылда заң бұзушылықтың алдын алдық” деп мәлімдеген. Тәркілеу туралы ақпарат шыққан соң Иброхимов: “Рейд кезінде біз күйеу жігіттің үйінде арнайы шелпек, халва сияқты ысырапқа жол беретін тағамдардың мөлшерден артық дайындалғанына көз жеткіздік. Азық-түлікті тәркілеп, оны Кулябтағы психиатриялық ауруханаға тапсырдық”, – деді.
Мирзияевтің той шығындарын азайтуға үндеген видеотаспасы 2018 жылдың наурызында жария болды. Содан бері Өзбекстанның оңтүстік-шығыстағы көршісінен үлгі алатыны байқалған. Бұл видеода өзбек басшысы “дарақы тойлар” туралы айтып, банкет қонақтарын, тағам көлемін және үйлену кортежіндегі көлік санын шектеуді тапсырған.
Мирзияев бұл пікірді Тәжікстанға барардың алдында айтқан. Әлеуметтік медиадағы жұрттың көбі “ол көршісінен үлгі алып отыр” деп болжаған.
“Үйлену тойындағы қонақ саны 150-ден, ал құдайы тамаққа келетіндер саны 200-ден аспауы керек. 20 килогамм тамақтың орнына кедей-кепшіктің үйін әктеп, оған жаңа теледидар алып берген әлдеқайда дұрыс болады”, - деген Мирзияев.
“Жұрттың бәрінің тойы осындай болуы керек. Егер жоғары лауазымды біреу, мейлі әкім болсын, прокурор болсын, осы ережені бұзса, оны түрмеге қамаймын. Көр де тұрыңдар!” деп қорқытады президент.
Біраз уақыттан соң, наурыздың ортасында Мирзияевтің “ұсыныстары” енгізіліген үкімет құжаты жарияланды. Әлеуметтік медиа мен басқа жердегі жұрт бұған түрлі пікір білдіріп жатты. HRW-дың өкілі Свердлоудың айтуынша, бұл – “Орталық Азияда басшылардың түрлі салаларда қоғамдық моральға өктемдік жүргізе бастағанының көрінісі”.
- Мәселен, Өзбекстанның бірнеше телеарнасы Батыс киноларындағы тым ұятсыз саналған көріністерді көрсеткені үшін эфирден алынды, кейбір әншілердің видеоларын алып тастады, бұл – консерватизмнің етек жайғанын, және қоғамдық цензураның күшейгенін байқатады, - дейді Свердлоу. Дегенмен ол, қарапайым өзбектердің көбі той шығынын шектеу заңдарын қолдайды деп санайды.
Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласының тұрғыны Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында жергілікті мейрамхананың кемінде 300 адам үшін ақы төлеуді талап еткенін айтты.
- Інімнің тойын өткізуге мейрамхана жалдамақшы едім, олар маған 300 адамдық банкетке ақша төлеуді талап етті, - дейді ол. Мейрамхана басшысы “бұл – біздің өз ережеміз” депті.
Мейрамхана менеджерлері мен қожайындары көбіне шығындардың ұлғайып жатқанын алға тартады.
“Электр, газ, су бағасы бірнеше есе өсті. Оның үстіне, жылжымайтын мүлік салығы да артты. Барлығы қонақтардың санына байланысты, – деді Ташкенттің бір мейрамханасының менеджері. – Осы шығындардың бәрін той бағасына қосуымыз керек. Қазір 500 адамға деп есептелген жалдау шығынын 150 адамға бөлуіміз керек. Демек, залды жалдау құны өседі. Ас мәзірінің шығындары базардағы бағаға байланысты тойға бірнеше күн қалғанда есептеледі”.
Бір қызығы, наурызда үкімет шығарған ереже көпшілік күткендей заңға айналмастан, біртіндеп ұмытылып қалды.
Тамыздың 13-і сенат шығарған өкім үйлену тойлары мен құдайы тамақ сияқты отбасы жиындары мәселесін реттейтін аймақтық комиссиялар құруды ұсынады. Өкімге сенсек, бұл комиссиялардың құрамына облыстық және аймақтық кенгештердің депутаттары кіреді. Демек, ысырапшыл банкеттерге қатысты қандай әрекет жасау керектігін солар шешетін болады.
ПІКІРЛЕР