Ташкенттегі Өзбекстан мен АҚШ-тың бірлескен GM Uzbekistan автомобиль жасау кәсіпорны басшылығына жуық дереккөздің Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлауынша, концерннің бас директоры Тохиржон Жалилов қамалғаннан кейін ол мекемеде тексеру күшейген.
Оның айтуынша, өткен аптада қазір Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) тергеу абақтысында отырған GM Uzbekistan бас директоры Тохиржон Жалиловтан өзге кемінде 10 адам (арасында Жалиловтың баласы да бар) тұтқындалған.
– Жалиловты ҰҚҚ қамау орнында тергеп жатыр. Менің білуімше, қамалғандардың арасында оның баласы мен орынбасары да бар. ҰҚҚ-нің алаяқтық схемасын іске асыруға көмектескен екі офицері қашып кеткен. Бірақ ықпалды адамдардың көмегінсіз мұндай үлкен істі тез тындыру мүмкін емес, әрі Жалилов бұл схемадағы негізгі тұлға емес екені анық, – дейді Азаттық дереккөзі.
Азаттықтың билік органдарындағы тағы бір дереккөзінің хабарлауынша, Тохиржан Жалиловтың баласы бұл іске куәгер ретінде іліккен.
– Жалиловтың баласын бұл іске куәгер ретінде тартқан. Оның қамалғаны жайлы нақты ақпарат жоқ, куәгер ретінде ұстап әкеткен. Бірақ оны өткен жұма күні әкесімен бірге алып кеткен күйі әлі босатпапты. Бұған қоса тағы 10 адамның қамалғанын білемін. Олардың арасында GM Uzbekistan концерніне қарасты қаржы департаментінің екі басшысы бар, – дейді Азаттық дереккөзі.
Өзбекстанның бас прокуратурасы да, өзге тергеу органдары да GM Uzbekistan автоконцерні бас директоры мен өзге лауазымды тұлғаларын қамалғанына бес күн өтсе де ешқандай комментарий берген жоқ.
GM Uzbekistan концерні акциясының 75 пайызына иелік ететін «Узавтосаноат» мемлекеттік акционерлік компаниясы өкілдері де автоконцерн басшыларын қамауға алуға қатысты комментарий беруден бас тартты.
47 жастағы Тохиржан Жалилов GM Uzbekistan бас директоры қызметінен бөлек, «Узавтосаноат» мемлекеттік компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін де атқарады. Басшылардың бірі ретінде оның аты-жөні «Узавтосаноат» веб-сайтынан әзірше алынбаған.
КАРИМОВ МӘСКЕУДЕН КЕЛГЕННЕН КЕЙІНГІ ІС
Азаттық дереккөзінің айтуынша, машина жасау саласын бақылау «Узавтосаноат» компаниясы басқарма төрағасы әрі Өзбекстан премьер-министрі Улугбек Рузикуловтың құзырында болғанына қарамастан, тергеу органдары әлі оны жауап алуға шақырмаған.
Сәуірдің ортасында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Мәскеуге ресми сапары қарсаңында GM Uzbekistan концерні Ресей нарығы үшін шығарылған Ravon R2 маркалы автомобильдерін жеткізуді кешіктіріп жатқаны жайлы хабар тараған. GM Uzbekistan кәсіпорны бас директорына қатысы бар делінген қылмыстық схема президент Каримов Мәскеуден келген күннің ертеңінде әшкереленген.
Азаттық GM Uzbekistan автоконцернінің 25 пайыз акциясына иелік ететін америкалық General Motors компаниясынан комментарий сұрады, бірақ GM өкілдері бұл тақырыпқа қатысты әзірше комментарий бере алмайтынын хабарлады.
GM Uzbekistan автоконцерніне жуық дереккөздің айтуынша, қазір автоконцерннің Асақ қаласындағы зауытында автомобиль шығару уақытша тоқтап қалған.
Азаттық дереккөздерінің GM Uzbekistan ісі бойынша бүгінге дейін берген ақпаратына сәйкес, автоконцерннің бас директоры Тохиржан Жалилов бастаған топ Ресейге экспорттауға арналған 1 мың автомобильді Қазақстанның Шымкент қаласындағы уақытша сақтау орнына апарып тастаған. Кейін әлгі автомобильдерді Өзбекстанға қайта әкеліп, қымбатқа сатқан. GM Uzbekistan шығаратын автомобильдер Өзбекстанға қарағанда Ресей мен Қазақстанда екі есе арзан бағаға сатылады.
Азаттық дереккөзінің айтуынша, қылмыстық топ баға айырмасынан түскен табысты иемденіп отырған.
– Алаяқтық схемасының қыр-сыры өте қарапайым болған. Автомобильдерді әуелі Қазақстанның оңтүстік аймақтарына әкетіп, кейін Өзбекстанға қайта экспорттап, қымбат бағаға сатып отырған. Қазір тергеушілер сатылған әр көлікті тексеріп жатыр. Білуімше, қазір зауыт жұмысы тоқтап қалған, автомобильдер де өте аз шығып жатыр. Бұған қоса Ферғана алқабында әлгі экспорттық схема бойынша сатылған 100 шақты көлікті тәркілепті деп естідім. ҰҚҚ қызметкерлері ол көліктерді сатып алғандарды тексеріп, көліктерін тартып алып, мөр басып, қолдануға тыйым салып жатыр, – дейді Азаттық дереккөзі.
ӨЗБЕКСТАНДЫҚТАРҒА ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТҚА САТУ
Ресми тұлғалар GM Uzbekistan автоконцерні жыл сайын 1 мың автомобиль сатады деп мәлімдегенімен, әуелі көлік құнының 85 пайызын төлейтін өзбекстандық сатып алушы көлігін айлап күтеді. Өзбекстандықтар арасында GM Uzbekistan автомобильдеріне сұраныс көптігінің сыры да осында.
Азаттық дереккөздерінің айтуынша, әлденеше жылға созылған жасанды жағдай қылмыстық топтың мүддесін көздеп қалыптасқан.
Ресей нарығына үшін Ravon брендті автомобильдің үш үлгісі – R2, Gentra және Nexia шығады. Ал өзбекстандықтар ол көліктердің Chevrolet маркасын екі есе қымбатқа сатып алады.
2015 жылдың аяғында GM Uzbekistan шығаратын автомобильдерді ел ішінде сатып алу процесі оңайлады деген хабар тараған. Ол кезде Ресей нарығы үшін шығарылған Gentra маркалы автомобильдері жақсы сатылған. Ферғана тұрғыны Шухрат Хамидов – Gentra маркалы көлігіне сол кезде қолы жеткен бақытты жандардың бірі.
– 2015 жылдың аяғында, яғни төрт ай бұрын Gentra көлігін сатып алдым. Автосалонға келіп едім, қолыма шартты ұстатып: «Ақшасын төлеңіз де бізге телефоныңызды жазып кетіңіз» деді. Мен көлік құнының 85 пайызын төледім. Бұл сенбі болатын. «Енді бес-алты ай күтуге тура келетін шығар» деп ойладым. Бірақ сейсенбі күні маған телефон соғып: «Көлігіңізді әкеліп қойдық, алып кетуіңізге болады» деді. Сөйтіп үш күнде көлік сатып алдым, – дейді ферғаналық тұрғын.
Бұған қоса ол Ресейде 6400 АҚШ долларына сатылатын көлікті 51 миллион сумға сатып алғанын айтады. Өзбекстандағы доллардың сол кездегі ресми бағамымен есептегенде, Ферғана тұрғыны Шухрат Хамидов Gentra көлігін 18 мың долларға (ресми бағам бойынша) немесе 10 мың долларға («қара базар» бағамы бойынша) сатып алған болып шығады.
Тағы бір қызығы, Gentra маркалы көлігі GM Uzbekistan концернінің ресми веб-сайтында жарияланған тізімде бар да, елдің ішкі автонарығында сатылатын автомобильдер тізімінде жоқ.
UzDaewooAuto кәсіпорнының мұрагеріне айналған GM Uzbekistan автоконцернін 2008 жылы наурызда General Motors және «Узавтосаноат» компаниялары құрған. Акцияларының 25 пайызына АҚШ, 75 пайызына Өзбекстан иелік ететін компанияның басшысы 2010 жылы Тохиржан Жалилов болған.
Тохиржон Жалилов ертеректе UzDaewooAvto кәсіпорнының Ресейдегі өкілі әрі «УзАвтоРус» кәсіпорны басшылы болған. Ол кезде «Жалилов Воронежде дилерлік автосалондар ашу үшін жергілікті шенеуніктерге пара берген» деген мәлімдемелерге байланысты қылмыстық іс қозғалған. Жалиловтан пара алды деп айыпталған шенеуніктер сотқа тартылған.