Accessibility links

Тірі баланы кім «өлтіргенін» тексеріп жатыр


Мухаммаджон Рашидов ауруханада жатыр.
Мухаммаджон Рашидов ауруханада жатыр.

Өзбекстанның Қашқадария облысының Қаршы қаласындағы тергеушілер операциядан кейін ата-анасына бір жарым айлық Мухаммаджон Рашидовты «өлі» деп хабарлаған дәрігерлердің іс-әрекетін тексеруге кірісті.

Баланың денесін жуып, жерлегелі жатқан кезде сәби кенеттен оянған. Қаршының дәрігерлері «операциядан соң туыстары қолхат беріп, баланы тірідей үйлеріне алып кеткенін» айтады.

ҚАТЕ ДИАГНОЗ СӘБИДІ «ӨЛТІРДІ»

Қаршы қаласының аты-жөнін атамаған ішкі істер бөлімі қызметкері қазіргі кезде құқық қорғау мекемелері Мухаммаджон Рашидовты өліге санаған дәрігерлердің әрекетін тергеп жатқанын айтты.

– Мухаммаджонның анасы Қаршы ауданының тумасы болғандықтан, бұл істі Қаршы ауданының тергеушілері тексеріп бастады. Бірақ сәбиді Қаршы қаласындағы көпбейінді ауруханада өлі деп танығандықтан шілденің 7-сі күні іс тергеуге берілді. Қазір біздің тергеушілер осы істі тергеп жатыр, – деді Қаршы қаласының ішкі істер бөлімі қызметкері.

Мухаммаджон Рашидов операциядан соң.
Мухаммаджон Рашидов операциядан соң.

Мухаммаджонның әжесі Наргиза Құрбанованың айтуынша, немересіне жасалған хирургиялық операциядан соң дәрігерлер оған және қызына жұбату айтып, сәбидің шетінеп кеткенін естірткен.

Операциядан соң дереу кім баланы үйге алып кетеді? Қандай ата-ана ондай баланы үйге әкеп, қашан өлесің деп бетіне қарап отырады?

– Мухаммаджон мамырдың 14-і күні туды, екі күннен соң құса бастады. Біз оны мамырдың 16-сы күні ауруханаға апардық, бірақ операцияны маусымның 28-і күні жасады. Соған қатты наразымыз. Осы уақыт ішінде баланың ішегі жарылып кетіпті. Операциядан соң бізге жағы мен аяғын байлап, баланың денесін берді. Оны әкетіп бара жатқанымызда дәрігер келіп: «Баланың денесін әкетіп бара жатырмыз» деп қолхат беріңіздер» деді. «Өлі сәбиге не үшін қолхат береміз?» деп сұрағанда дәрігер: «Кейбір адамдар өлі баланы алып кетіп, олардың денесін арыққа немесе қоқысқа лақтырып жібереді, сондықтан немеремді алдым деп қолхат беріңіз» деді. Мен оны жазып бердім. Енді дәрігерлер баланы қолхатпен тірідей алып кетті деп отыр. Операциядан соң дереу кім баланы үйге алып кетеді? Қандай ата-ана ондай баланы үйге әкеп, қашан өлесің деп бетіне қарап отырады? – деді сәбидің әжесі Наргиза Құрбанова Азаттыққа.

Оның айтуынша, сәби дұрыс қойылмаған диагноз кесірінен осындай жағдайға ұшыраған.

– Ауруханада сегіз дәрігер болса, олардың бәрі баланы сегіз түрлі әдіспен емдеді. Баланың тоқ ішегі жарылып, үлкен дәреті құрсақ қуысын улаған. Ішекке 15 күн бойы дәрет толған, – дейді ол.

Бір жарым айлық Мухаммаджон Рашидовтың тірі екенін баланы жерлер алдында денесін жуған ер адам байқапты.

– Қабірші жер қазып жатқанда бір ер адам оның денесін жуып жатқан, кенеттен «бала тірі» деп айғайлады. Кеше тергеушілер молла мен сәбиді жуындырған ер адамды тергеді. Немеремді жерлеуге махалланың бәрі жиналды. Тірі балаға қалайша жаназа шығардық, – дйеді сәбидің әжесі Наргиза Құрбанова.

РЕСМИ ЖАУАП

Алайда Қашқадария облысының медициналық бірлестігінің бас дәрігерінің орынбасары Рустам Ешмурадов операциядан соң Мухаммаджон Рашидовтың тірі болғанын айтады.

Ешкім оларға сәбиді өлді деген жоқ. Дәрігерлер ата-анасына баланың жағдайы ауыр екенін, аман қалуы екіталай екенін айтты.

– Ешкім оларға сәбиді өлді деген жоқ. Туыстары қолхат беріп, оны операциядан соң дереу алып кетті. Мухаммаджон операциядан соң шетінеп кетті деп ешкім мүлдем айтқан емес. Дәрігерлер ата-анасына баланың жағдайы ауыр екенін, аман қалуы екіталай екенін айтты. Ал олар «сәбиді қинамай, үйге алып кетеміз» деді, – дейді бас дәрігердің орынбасары.

Оның айтуынша, қазір Мухаммаджон Рашидов Қашқадария облысының медициналық бірлестігінің жансақтау бөлімінде жатыр.

Жақында Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі сайтында Қашқадария облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тулкин Расуловтың ресми жауабы шықты. Ол: «Баланы үйге алып кеткенде әлеуметтік желілерде жазғандай ол өлі болмаған, тірі болған. Оған баланың әжесі Шахноза Хамидоның (шын мәнінде әжесінің аты – Наргиза Құрбанова) қолхаты дәлел. Баланы туыстары өздері өлі деп шешкен, ол туралы медицина қызметкерлеріне айтпаған» дейді.

Баланы қайтадан сол күні Қашқадария облысының көпбейінді медициналық бірлестігіне шамамен 22:30-23:00-де алып келген. Содан соң емдеу рәсімдері басталады. Шілденің 4-і күні жедел медициналық қызмет көрсету республикалық ғылыми орталығының хирургі И.Каримов анализдің барлық нәтижесі, науқас тарихымен танысып, балаға кеңес береді. Ол басында балаға диагноз дұрыс қойылды, емдеу стандартты әдіспен жүргізілді деген қорытындыға келеді, содан кейін қосымша нұсқаулықтар берген.

Қазір бала жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бірақ Мухаммаджон Рашидовтың әжесі Наргиза Құрбанованың Азаттыққа айтуынша, Қашқадария облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тулкин Расуловтың өтініші жалған ақпаратқа құрылған. Ол шындықты дәлелдеу үшін күресетінін айтты.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы.

XS
SM
MD
LG