Екі жыл бұрын өзбекстандық 16 ГАИ (жол полициясы – ред.) қызметкері видеоға түсірілген әрекеттері үшін қызметтен қуылды. Олар елдегі мыңдаған әріптестері тәрізді парақорлықпен айналысып, ақша бопсалаған.
Бұл видеоларды ішкі істер министрі Адхам Ахмедов басқа полиция қызметкерлеріне ескерту ретінде қолданды. Жүргізушілердің көбі көлігіне орнатылған камераға полицияның пара бопсалау әрекеттерін түсіріп алған екен.
Құқық қорғау өкілдері полицейлерді жұмыстан шығаруды заң үстемдік етпейтін елдегі сирек кездесетін жеңіс деп қабылдады. Бірақ сәл уақыттан соң полиция қызметкерлері "dashcams" (көлік панеліне камера орнату – ред.) қолдану заңсыз деп жариялады.
Осы уақытта Өзбекстан халқына тегін заңдық көмек көрсететін АҚШ-тағы диаспора заңгерлері "dashcams" өзбек заңыңа қайшы емес екенін ескертті, содан бері автокөлік жүргізушілері полиция өкілдерінің жемқорлығын әшкерелеу үшін бұндай камераларды әлі қолданып келеді.
«ДИНОЗАВР ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРГЕ СЕНБЕЙМІЗ»
«Ташаббус» (Бастама) және «Қорықпаймыз» атты екі топ соңғы жылдары интернеттегі сайттары арқылы шетелде тұратын өзбектердің марқұм болған президент Ислам Каримовтің ұзақ уақыт елді басқаруына және өзбек диссиденттік қозғалысының «ескі гвардиясының» әрекетіне наразы екендерін білдіріп келеді.
«Бұл қозғалысты бастаған себебіміз – «оппозициялық динозаврларға» (бұрыннан келе жатқан оппозициянерлер – ред.) бұдан әрі сенбейміз» дейді «Қорықпаймыз» тобының мүшесі Миррахмат Муминов. Оның Facebook-тегі парақшасына 15 мыңнан астам адам жазылған.
Батыс үкіметтері мен құқық қорғау топтары өзін сынаушыларды тұтқындап, азаптайды деп Каримовті көп сынады. Желтоқсанның 14-і күні президент болып сайланған Шавкат Мирзияев реформа жасайды деген үміт бар, бірақ Каримовтің қармағында ұзақ уақыт премьер болған адам реформа жасай ма, 30 миллион тұрғыны бар Өзбекстанда заң үстемдік ете ме, жоқ па – ол жағын болжауға әлі ерте.
өзбек істері бойынша тәуелсіз сарапшы, Парижде тұратын Камолиддин Раббимов «Каримов кетіп, Мирзияев билікке келген соң әлеуметтік түңілу үмітке ұласты. Өзбек оппозициясы үшін легитимділік дағдарысы басталды» дейді.
«Қорықпаймыз» тобының өкілі Муминов Ұлыбритания университетінде оқып келген соң өзбек шенеуніктерінің соңына түскенін айтады. 2006 жыл ол АҚШ-тан саяси баспана алған. Муминовтің айтуынша, 1991 жылы мемлекет Совет Одағынан бөлінгеннен бері өзбектің диссидент оппозиция жетекшілері «түк бітірмеген».
«Олар легитимділігін жоғалтты. Соны мойындаулары керек» дейді ол. «Қорықпаймыз» тобы онлайн флеш-моб ретінде 2014 жылы құрылды, топқа мүше болған 50 адам өздерін «Қорықпаймыз» деген жазумен суретке түсіріп, интернетке жариялады.
Facebook-тегі «Қорықпаймыз» парақшасын жасаушылардың бірі Дилобар Еркинзода «Өзбекстандағы сөз бостандығын қолдау үшін және үкіметке олардан қорықпайтынымызды көрсету үшін осылай істедік» дейді.
Кейін мыңдаған өзбектер (шетелде де, елде де тұратындар) осындай суреттер жариялап, Facebook-тегі «Қорықпаймыз» бетінде пікірталастарға қатысып, Өзбекстанда тыйым салынатын мақалалар жариялады.
«Қорықпаймыз» қозғалысы саяси тақырыптарды көтерсе, «Ташаббус» (tashabbus.com) және «Жемқорлыққа қарсы қор» мен «Қоғамдық бақылау» тәрізді эмигрант өзбектер құрған әлеуметтік медиа сайттар адамдардың шағымын жариялайды, мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлығын әйгілеп, Өзбекстан халқының жергілікті мәселелерін шешуге тырысады.
Бұл сайттар постсоветтік мемлекетті 20 жылдан астам билеген президент тұсында төменнен жоғарыға қарай өзгертуге тырысты. «Ташаббустың» негізін қалаушы және қазіргі президенті Дилорам Абдуллаева «Бізді ешкім жұмсап отырған жоқ» дейді.
«Адамдарға көмектесіп, әділ сот пен заңның салтанат құруына қол жеткізсек дейміз – азаматтардың заң сауаттылығын арттырып, өз құқықтарын біліп, соны талап еткенін қалаймыз» дейді ол.
«ҚАЗІРГІ БИЛІК ОЛАРДЫ ОҚШАУЛАП ТАСТАЙДЫ»
Уақытша президент болған кезде сайлауға мұқият дайындалған Мирзияев қараша айында мұндай сайттарды ығыстыруға тырысып, өзбек халқына арналған телефон желісі мен онлайн пошта ашты, мәселелеріңді үкіметке айтыңдар деді.
Ресми деректер бойынша ондаған мың хабарлама түскен, қоғамдық пікір туғызған жағдайлар да бар екен, тіпті нақты мәселелер де шешіліпті – кем дегенде бір шенеунік шағымнан соң жұмысынан кетіпті.
«Қорықпаймыз» өзбек оппозициясының бұрынғы өкілдері, «Ерік» демократиялық партиясының жетекшісі, шетелдегі диссидент Мұхаммад Салих тәрізді адамдардың орнын басамыз деп тұспалдайды, бірақ оған лайықты әрекеттері байқалмайды.
Топтың нақты басшылық құрылымы жоқ, тек кейбір мүшелері іштей иерархия құрып, саяси мақсаттарын анықтау үшін жиын өткізуге шақырады. Аты-жөнін атамаған өзбек экспатрианты «Қорықпаймыз» Facebook бетінде ғана қорықпайды. Олар Өзбекстанда жүрген жоқ қой, сондықтан қорықпайды. Бұл - белсенді оппозициялық топ емес» дейді.
Әлеуметтік желідегі өзбек оппозиционерлері 1991 жылы ел тәуелсіздік алған соң саяси тұрғыда жетілген адамдардан құралған. Саясаттанушы Раббимовтың айтуынша, олар ашық диалог форумын ұсынды, пайдалы заң кеңесін береді, жемқорлыққа қарсы болды, өзбектердің үкіметке сес көрсетуіне мүмкіндік берді. Бірақ ол Өзбекстанның автократиялық жүйесін төңкеріп тастауға жеткілікті емес.
«Өзбекстандағы автократиялық режим барынша қатал болған, солай қала да береді, олар мемлекеттік төңкерістің кез келген түрін күшпен тоқтатады» дейді Раббимов.
«Мирзияевтің 27 мемлекетке визасыз бару туралы қаулысы мен жергілікті және аймақтық билікті жоғарыдан тағайындамай, сайлаймыз деген шешімдері Өзбекстанның сыртқы оппозициясын жаңа режимнен оқшаулап тастауы мүмкін» дейді сарапшы.
Пит Баумгартнердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.