Жизақ облысы Достық ауданындағы 17-мектептің әкімшілігі қатты аяз қысқан күндері балаларды ауыртып алмау үшін ата-аналарға отын әкелуді міндеттеді.
Осы мектепте қызын оқытатын ата-аналардың бірі Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұқбатында «Әр күні тізім бойынша бір оқушының ата-анасы мектепке отын алып баруы тиіс» дейді.
- Қатты аяз басталғалы бері біз тұрып жатқан аудандағы мектепте журналдағы фамилия бойынша балалардың ата-анасына осындай міндет жүктеліп отыр. Отынды ата-аналар әкелуі тиіс. Бүгін біздің кезегіміз еді. Мектепке отын тасыдым.
«Пешті де өзіміз жасап берген едік. Ата-аналар ақша жинап, бәрін өзіміз орнатып бергенбіз»
Оның айтуынша, бұл аудандағы мектептердің басым бөлігінде осындай жағдай қалыптасқан. Газ болмағандықтан ауыл мектептері кәдімгі пеш жағып отыр.
Мектептерді жылыту міндеті тек Жизақ облысындағы ата-аналарға ғана емес, сонымен қатар басқа аймақтардағы оқушылардың әке-шешелеріне жүктелген екен. Қоқан, Марғұлан және тағы басқа қала тұрғындары мектепке отын тасып жүргендерін хабарлады.
Азаттық тілшісі жергілікті халыққа білім беру бөліміне телефон соққанымен, бұл ахуалға байланысты ресми өкілдердің пікірін ала алмады.