Accessibility links

Өзбекстанда жұмыссыздар қатарына бір топ шенеунік қосылды


Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстанда жұмыссыздар санатына тағы бір топ қосылды. Онсыз да жұмыс таба алмай жүрген азаматтарға бұл - жаман жаңалық. Осы жолы елге жұмыс табуға көмектесуі тиіс еңбек министрлігінің қызметкерлері жұмыстын қысқарды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов ақпанның 22-сі күні министрлікті қайта құру және оның кейбір міндеттерін денсаулық сақтау және қаржы министрліктеріне жүктеу туралы бұйрыққа қол қойды.

Шамасы, бұл екі министрлікке қосымша қызметкерлер алудың қажеті болмайтын сияқты. Кей деректерге қарағанда, бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлерінің жартысына жуығы жұмыстан босатылады.

Министрліктің бұрынғы қызметкерлері жұмыстарынан босағанда алатын жәрдемақы тағайындалмағанын білген кезде одан әрі қапа болды. Олардың бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне жағымсыз жаңалықтың мұнымен бітпейтінін айтады.

Олардың көбі наурыз айының жалақысын алмаған, сол беті алмай кететін тәрізді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы ақпанның соңында ресми түрде тоқтатылған, бірақ бұл жайында оларға ешкім ештеңе айтпаған.

Дүниежүзілік банк Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) биыл 7,5 пайызға өседі деп болжаған еді, ал президент Каримов 2016 жылы ЖІӨ 7,8 пайызға артады деп үміттендіреді. Бірақ Өзбекстан экономикасының қазіргі ахуалы осы айтқандай жақсы емес.

Биліктің көңіл жұбантарлық болжамдарына қарамастан, Өзбекстан тұрғындары жағдайларының нашарлап бара жатқанын айтады. Тұрғындар Азаттықтың Өзбек қызметіне бағаның өсіп жатқанын, жалақыларының нақты құны төмендегенін айтады. Ұлттық валюта –сомның қара нарықтағы бағамы ресми бағамнан екі есе жоғары болып тұр.

Кейбір адамдар, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар, жалақысын уақтылы алмайды. Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан облысының кеден комитетінде істейтін қызметкерлер тобы Азаттық тілшісіне наурыздан бастап еңбекақыларының 15 пайызға азайғанын, сол жалақының өзін кейде уақтылы алмайтындарын мәлімдеді.

Азаттықтың Өзбек қызметі Кеден комитетінің бухгалтері Жамшид Рахмедовке хабарласты. Рахмедов жалақының азайғанын растады, бірақ қызметкерлер жыл сайын 15 пайыздық бонус алып келгенін, өндіріске негізделген бонустар бұрынғыдай төлене беретінін айтты.

Ол жалақыны кешіктіріп беретіндерін де мойындады. «Оған Өзбекстан банктерінде қолма-қол ақшаның тапшылығы себеп».

Өзбекстанда жанармай бекеттерінде көліктер ұзын-сонар кезекке тұрады, газ тапшылығы жиі болады. Кейде тіпті қыс кезінде үйлерге газ берілмей қалады. Ал Өзбекстан - газ экспорттайтын ел. Бірақ газ экспорттау да азайған және газдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда жарты есеге жуық арзандады.

Өзбекстан Ресейге биыл 3-4 миллиард текше метр газ сатпақ, былтыр бұл көрсеткіш 1 миллиард текше метр болып азайған. 2009 жылы Өзбекстан Ресейге 15 миллиард текше метр газ сатқан болатын.

Өзбекстан Қытайға жыл сайын 10 миллиард текше газ сату туралы келісім жасаған. Бірақ Қытай Халық Республикасы кеден басқармасының басшысы 2015 жылдың наурызында Қытайдың жыл басынан бері Өзбекстаннан газ импорттамағанын мәлімдеді.

Қыркүйек айында Өзбекстан мемлекеттік мұнай-газ компаниясы – «Өзбекмұнайгаз» шенеунігі Азаттықтың Өзбек қызметіне 2012 және 2015 жылдары Қытай жалпы есеппен 6,5 миллиард газ алғанын хабарлады.

Елдің ресми ЖІӨ-сінің бір бөлігіне саналмаса да, Ресейден Өзбекстанға ақша салатын еңбек мигранттары 2013 жылы 6.6 миллиард АҚШ долларын аударса, 2015 жылы бұл сома 3.5 миллиард долларға азайған.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG