Абай мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы ойдым-ойдым жол. Қалбатау – Майқапшағай трассасы. Шаңы аспанға шығады. Кей тұста жолсыз шабындық арасымен төтелей тартуға тура келеді.
Жөнделіп жатқан алты жыл ішінде 415 шақырым жолдың жартысына жуығы ғана ашылған. 200 шақырымнан астам жол әлі дайын емес. Қолданысқа беру мерзімі өтіп, кейінге қалды.
Биыл сәуірде Қазақстан Бас прокуратурасы "жол жөндеуге қатысқан "КазГерСтрой" бірлескен кәсіпорны" 21 миллиард теңге аванс қаржысының еәуір бөлігін жол салудан басқа мақсатқа жұмсады" деп хабар таратты. "Компания Қайрат Сатыбалды құрылымдарымен байланысты" деп те жазды. Бірақ нақты кім кінәлі екені, қаржының қайтарылған-қайтарылмағаны туралы мәліметті "құпия" қалдырды.
Азаттық кәсіпорынға басшы болған адамның бірі қазір "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының тізгінін ұстап отырғанын анықтады. Жолдың бүгінгі ахуалын көріп, жүргіншілер пікірін де тыңдап қайтты.
ЖОЛ АЗАБЫ
Семейден шығып Ақсуат ауданын бетке алған Қаршыға Ілтан дөңгелегі жарылып, жолда қалған. Уақытын жоғалтып, мәшинесін тоздырғанына "жақсы" жолдың кесірі тигенін айтады.
– Жолдың жағдайы – осы. Бес жылдан асты. Қайтеміз, жүреміз… Әркім өзі жүретін жолын тауып алған. Сол жақ. Оң жақ. Олай-былай жүре бересің, – деді ол асфальті алынып, қиыршық тасы шығып жатқан жолға көңілі толмайтынын аңғартып.
Жөнделіп жатқан жолмен Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті аудандарының адамдары Өскемен, Семей қалаларына қатынайды.
Қытаймен шекарадағы алыс ауылдың халқы жолды 9-10 сағатта басып өтеді. "Бұрынғы жол барда екі еседей жылдам жететінбіз" дейді.
– Не бітпеді, не қоймады. Көбі қазір айналма жолдарға түседі. Оны келгенде өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Айналма жолдардың өзі быт-шыт, шаң-тозаң. Қала жаққа мәшинемен бір барып келсең, көліктің тіреуіші бұзылып тұрады. Сондықтан такси, жүк тасымалы қымбатқа шығып тұр, – деді Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында тұратын Мейіржан Темірбек.
Біз кезіккен жолаушылар жол азабын айтып шағынады, ауыр жолда шаршап-шалдығып әзер жететінін айтып налиды. Бәрінің тілегі – жол тез салынса.
Жол құрылысындағы кемшіліктерді жергілікті белсенділер мен депутаттар ауық-ауық көтеріп жүр.
– Шолақжыра деп аталатын жырамыз болған. Бұрын дәл үстінде көпір бар еді. Ал қазір салып жатқан жаңа көпір 50-60 метр жерге ауытқып түскен. Биыл көктемде қаншама халықтың малы осы жерде қар суы мен тасқыннан қырылды. Оған ешкім жауапты болмады, – деді Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Сұңғат Демесінов.
Жобада China Xingxing Corporation деген қытайлық компания – бас мердігер. Қосалқы мердігер – қазақстандық "КазГерСтрой". Халық осы екінші аталған компанияның міндетіндегі жерлер жөнделмей жатыр дейді.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы кейінгі аталған компанияның "салғырттығын" растады.
"Құрылыс консорциумының құрамында болған қазақстандық мердігер ұйым жұмысқа салғырт қарағандықтан құрылыс қарқыны едәуір төмендеді. Сондықтан былтыр қазақстандық мердігер құрылыс консорциумынан шығарылды. Консорциумның көшбасшысы болған қытайлық China XinXing Corporation құрылыс жұмыстарын аяқтауға міндеттелді" деп жауап берді ұлттық компания Азаттыққа.
МЕРДІГЕРДЕН ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫНА ДЕЙІН
Жобадан шеттетілген "КазГерСтройға" кімдер қожалық етті? Енді осыған тоқталайық.
2016 жылға дейін "КазГерСтрой" Роберт Шумахер деген германиялық кәсіпкер мен бұрынғы ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Тимур Тұрысбековтің иелігінде болды. Кейін Шумахер бұқаралық ақпарат құралдарына компаниядан "айырылып" қалғанын мәлімдеді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалды мен өзінің бизнес-серіктесінің әкесі Зауытбек Тұрысбековтің адамдары "мені компаниядан шығарып тастады" деді Шумахер. Ал Зауытбек Тұрысбеков бұл жөнінде "ондай адам емеспін" деп айтты.
Ақпарат құралдарында осындай дау болып жатқан шақта "КазГерСтрой" Сатыбалдыға "жақын" адамдардың қарамағына өтті. 2017 жылы Bereke Astana Group компаниясы арқылы Абай Жүнісов деген адам басқарды.
Абай Жүнісов бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туысы әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-офицері Қайрат Сатыбалдының бажасы болатын. Нақтырақ айтсақ, Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрғаны айтылатын Гүлмира Сатыбалдының сіңлісін алған.
"КазГерСтрой" құрылтайшылары қатарынан Шумахердің аты-жөні алынып тасталды, бірақ Абай Жүнісовпен бірге Тұрысбековке жақын адам үлескер болып тіркелді. Ол – қазіргі "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Мейірхат Қасымбаев. Зауытбек Тұрысбеков 2005-2011 жылдар аралығында мемлекеттік қызмет істері агенттігінде төраға, кейін Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып істегенде Қасымбаев оның көмекшісі әрі кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Мейірхат Қасымбаев 2017-2019 жылдары "КазГерСтройға" Bereke Astana Group арқылы құрылтайшы болды. Кейін Қазақстан үкіметіне қарайтын, халықаралық, республикалық маңызды жолдарды басқаратын ұлттық оператор – "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Қазір де сол қызметте. Бұл мүдделер қайшылығына әкелмей ме? Азаттық жазбаша сұрақты Қасымбаевтың өзіне қойған.
Оның бір кезде Қалбатау – Майқапшағай тасжолында өзі де мердігер болғанын "ҚазАвтоЖол" компаниясы Азаттыққа растады.
"2019-да ғана "КазГерСтройда" істеген, бірақ жол құрылысы бұдан ертерек басталып кеткен еді" деген уәж айтады ұлттық компания.
Біз жоғарыда Egov құжаттарына сүйеніп, Мейірхат Қасымбаев 2017-2019 жылдары "КазГерСтройды" Bereke Astana Group арқылы басқарғанын айттық. Жол жөндеу дәл 2017 жылы басталған.
Бұдан басқа да оның осы мердігер компанияда құрылыс басталғаннан бері істегенін айғақтайтын деректер бар. Мысалы, "ҚазАвтоЖол" сайтындағы өмірбаянында 2011-2019 жылдары Bereke Astana Group пен "КазГерСтройда" вице-президент және бақылау кеңесінің мүшесі болды деп көрсетілген. Ал Forbes Kazakhstan журналы 2017 жылы Мейірхат Қасымбаев пен Ернар Мұратов басқарған "КазГерСтрой" тендер алушылардың алдыңғы ондығына кіргенін жазды.
Азаттық "Жолға бөлінген аванс ақшасын жымқыру ісінде Мейірхат Қасымбаев күдікті ретінде қарастырылған ба?" деп құзырлы орындарға сұрау салған. Бірақ бұған Бас прокуратура да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те, ішкі істер министрлігі де жауап бермеді.
ҚҰПИЯ "ҰРЫ"
– Самат ағаңның қасында бол әрқашанда, Бауыр.
– Сағындым сізді.
– Бәрін онымен ақылдасып істе, жарай ма?
– Әрине.
Бұл – Қайрат Сатыбалды мен оның ұлы Бауыржан Нұрсұлтанның диалогы. Былтыр екеуі Қайрат Сатыбалдығы сот үкімі шығар алдында онлайн сөйлескен.
Қазір Bereke Astana Group компаниясы осы Бауыржан Нұрсұлтанның атына өткен. Оның қасында Айдар Лазаров деген тағы бір адам құрылтайшы ретінде тіркеліп тұр.
Оның "КазГерСтрой" кәсіпорны былтыр "Қалбатау – Майқапшағай" жобасынан "салғырттығы" кесірінен шеттетілсе де, қомақты тендер алуын жалғастырған. Мысалы, биыл Астананың көлік басқармасымен 2,5 миллиард теңгеге келісімшарт жасасқан. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, бұл компания Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мен №37 көше аралығында Бұқар жырау салып жатыр.
Қайрат Сатыбалдының баласы Бауыржан Нұрсұлтан әртүрлі адамдармен бірге түрлі компанияға иелік етеді. Тау-кен өндірісі, жол құрылысы, сауда-саттық, телекомуникация, электр желілерін тарту, инвестиция құю сынды салалармен айналысады.
Құзырлы органдар Қалбатау – Майқапшағай жол құрылысындағы қаржы жымқыру ісіне негізгі кінәлі кім екенін сол күйі айтпады.
Бас прокуратура көктемдегі мәлімдемесінде меңзегеніндей, Қайрат Сатыбалды кінәлі болды ма? Бұл сауалды да жауапсыз қалдырып, мәліметтер "құпия" деді.
Былтыр Қайрат Сатыбалдының сотында жол құрылысына қатысты іс болмаған. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларының қаржысын жымқырды деп айыпталып, алты жылға сотталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Азаттыққа жолдаған хатында қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлімінің 3-тармағына сәйкес "рақымшылық актісі" негізінде 2023 жылғы 24 маусымда қысқартылғанын хабарлады.
Ол бапта қылмыстық істі қысқартуға негіз болатын түрлі себептер жазылған. Оның ішінде "қылмыстық заңбұзушылық болмаса", "іс-әрекетте қылмыс құрамы болмаса", "рақымшылық актісі жасалған іс-әрекет үшін жаза қолдануды жойса", "қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтсе" іс қысқаруы мүмкін. Конституция бойынша, жеңіл және орташа қылмыс жасағандарға парламент рақымшылық жариялауы мүмкін. Рақымшылық нақты адамдарға қатысты жарияланбайды және ол ісі сот өндірісіне қабылданғандарға да қолданылуы мүмкін. Бұл шешімге нақты қай "рақымшылық актісі" негіз болғаны түсініксіз.
Лауазымды тұлғалар "рақымшылық актісімен" қылмыстық қудалаудан босатылды, жазаланбады. Ал Қалбатау – Майқапшағай жолын салуға бөлінген 21 миллиард теңге бюджетке қайтарылды ма, жоқ па деген Азаттықтың сұрағына Бас прокуратура да, жемқорлықпен күрес агенттігі де жауап бермеді. Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ойқы-шойқы жолдың азабын әлі қанша уақыт тартатыны белгісіз.
ПІКІРЛЕР