Облавка – Батыс Қазақстан облысындағы Жайық өзенінің жағасында орналасқан шағын ауыл. Облавканың іргесінен Жайық өзенінің арнасын бойлай Қазақстан мен Ресейді бөліп тұрған мемлекеттік шекара өтеді. Сол себепті бұл жерді шекара маңындағы ауыл деп те атайды. Орманға немесе балыққа бару үшін жергілікті халық арнайы рұқсат алуға міндетті. Бұл маңайдағы Жайықтың арнасы ирелең, сондықтан асау өзен бұрылатын тұсында жиі тасып, біресе Қазақстан жағын, біресе Ресей жағын шайып кетіп жатады.
Облавка – журналист Петр Троценконың "Шекарадағы жағдай" атты арнайы авторлық жобасындағы елді мекен. Бұл – Қазақстанның шекара маңындағы қалалар мен ауылдардың тұрмыс-тіршілігі туралы репортаждар сериясы.
2007 жылы Жайықтың асау ағысы Облавка аумағындағы жағалауды қатты шайып, он шақты жылдың ішінде суға кету қаупі төніп тұрған ауылдың болашағы үлкен мәселеге айналған. Өзен арнасын бойлай жүргізілген мемлекеттік шекара да мың құбылады: беймаза Жайық бір жерінде Қазақстан аумағына жайылып, Ресей жерін кеңейтсе, енді бір жерінде, керісінше – Ресейдің жер телімдері Қазақстан аумағында қалып қойып жатты.
Алайда Облавка маңындағы жағдай апат алдында болды: көктем сайын Жайық тасып, арнасынан асып, жағалауды су шайғанда ауылға ғана емес, Қазақстанның Орал қаласы мен Ресейдің Елек қаласын байланыстырып тұрған мемлекетаралық маңызы бар тасжолға да қауіп төнетін.
Соңында билік бір жарым шақырымға созылып жатқан жағалауды нығайтамыз деп шешіп, 2014 жылы бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары басталған. Оған республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге (сол кездегі ақша бағамымен алты миллион долларға жуық) қаржы бөлінген.
Облавкаға алғаш рет 2014 жылдың қарашасында, құрылыс жұмыстары қызып жатқан кезде бардым. Құрылысты ауыл халқы да бақылайды екен. Олар журналистпен сөйлесу үшін ауылдың шетіне жиналды. "Сол ақшаға адамдарды жұмысы бар, әйтеуір жағдайы жасалған қалаға көшірсе ғой", – деген еді маған сол кезде ауыл тұрғындарының бірі.
Облавка қоңыр күзде нағыз көңілсіз мекенге айналады екен: суық жел қаңырап қалған көшелерге ұсақ қоқыстарды айдап әкеліп, қаражол жарылып, балшық иленіп жататын, ауылда тіпті ұялы байланыс та жоқ еді.
Одан бері тоғыз жыл өтті. Қауіпті жағаға бөгет тұрғызған, енді Жайық ауылға да, тас жолға да қауіп төндірмейтін болған және Облавкада адамдар әлі өмір сүріп жатыр. Соңғы халық санағының нәтижесіне сенсек, ауылда 300-ге тарта адам тұрады. Кішкентай елді мекеннің келешегі күмәнді, дегенмен кейінгі тоғыз жылда жергілікті халық Облавкаға су құбырын тартуға, көшеге жарық орнатуға, ұялы байланысты және мобильді интернетті реттеуге қол жеткізген.
– Бұрын мүлде байланыс болған жоқ, – деп еске алды Облавкадағы жалғыз азық-түлік дүкенінің иесі әрі сатушысы Татьяна. – Кейін Beeline қосылды, антеннасы бар мұнара орнатты, бірақ байланыс бәрібір нашар болды. Мамандар келетін де, құрал-сайманын ақтарып, ештеңе істемей кетіп қалатын. Сосын ауыл жұртының телефондары арзан, сол себепті байланыс нашар деп түсіндіретін. Біз оларға ұрсып, әкімдікке дейін бардық, ол жерде де осы проблеманы көтердік. Сөйтсек, мұнарада техникалық ақау болған екен. Қазір байланыс та, интернет те бар.
Татьянаның дүкені жалғыз бөлмеден тұрады, көк түске боялған сөрелерге жып-жинақы орналастырып қойған тауары да көп емес: нан, консервілер, макарон, өсімдік майы, дақылдар және аздаған тәтті тағам. Татьяна өзін де, дүкенін де суретке түсіргенімізді қаламады, бірақ әңгімеден қашқан жоқ.
– Облавкада ештеңе, тіпті ауыл әкімдігі де жоқ. Бірақ өмір сүруге болады: газ бар, екі жыл бұрын су құбырын тартты, оған қоса әрбір үйдің ауласында құдық қазылған, – деп Татьяна шағын ауылының игіліктерін тізбектей жөнелді. – Жанымызда мұнай мен газ өндіретін кен орны бар, жұрттың бәрі сол жақта жұмыс істейді. Бірақ жастар сонда да жан-жаққа көшіп кетті, ауылда тек зейнеткерлер қалды. Экологияға қатысты айтар шағымымыз жоқ. Маңайда өзен де, орман да бар. Алайда кен орындарынан ауаға лас заттар жібергенде, демала алмай қаламыз. Бірақ оған да етіміз үйреніп кетті.
Облавкадан ондаған шақырым жерде Қазақстандағы ең ірі конденсатты мұнай-газ кен орны – Қарашығанақ орналасқан, бірақ жергілікті халық көмірсутек өндіру ауыл экологиясына қалай әсер етіп жатқанын ешкім зерттемегенін айтады.
Татьянадан азық-түлік дүкені жайында сұрадым. Күліп, қолын бір сілтеді: "Ауылда зейнеткерлерден басқа адам жоқ, қайдағы бизнес? Табыс дегеніміз – зейнетақыдан зейнатақыға дейін. Өзім де зейнетке шығатын уақытты күтіп жүрмін".
– Зейнетке шыққан соң Облавкадан көшіп кетесіз бе?
– Жоға, о не дегеніңіз? – деп шын таңданды Татьяна. – Күйеуім осында қаламыз деді. Сосын қайда барамыз? Біз сияқты зейнеткерлер кімге керек? Балалар Ақсайда тұрады, жап-жақын жер. Бірақ ол жаққа барғымыз келмейді. Бұл ауылдың, ең болмағанда, ауасы таза ғой. Өміріме өкпем жоқ, бұл жерде бау-бақша егуге, мал ұстауға болады. Тек ерінбесең және денсаулығың жараса болғаны.
Облавкада ауылдық медпункт бар. Ол жерде науқастарды қарайтын медбике отыр. Басқа мәселелер бойынша ауыл тұрғындары аудан орталығы Ақсай қаласына сабылады, оған апаратын 55 шақырымдық жол нашар. Оған қоса Облавкада тоғыз жылдық мектеп пен қашан барсаң аузында қара құлып тұратын мәдениет үйі бар.
– Ресеймен көрші болған қалай? – деп сұрадым мен Татьянадан қоштасар алдында. – Ол жаққа азық-түлік алуға баратын шығарсыздар?
– Жоға, ол жақта баға аспандап тұр. Біз емес, керісінше, олар келіп, біздің консервіленген етіміз бен майшабақтарымызды талап алып кетеді, – деп күлді ол. – Былтыр кеден бекетіне дейін жол төсей бастаған, тек қашан аяқталатынын бір құдай біледі. Біз Қазақстанда тұрамыз, ал арғы бетте Ресей тұр, ол жақта туыстарымыз көп. Әйтеуір, пандемия аяқталып, жиі көрісе бастадық қой.
77 жастағы Владимир Денисенко Облавкада туып-өскен. Совет Одағы тұсында Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан "Хлебороб" атты ірі совхозды басқарған. Зейнетке шыққаннан кейін туған ауылына оралып, оны абаттандыруға кіріскен: аудандық әкімдікке барып, депутаттарға хабарласып, министрлікке толассыз өтініш жазған. Сол белсенділігі нәтижесін берген: Облавкаға су құбырын тартып, көшеге жарық орнатқан. Сондай-ақ Денисенко – Жайықтың жағаны шайып, ауылға қауіп төндіре бастағанын байқаған алғашқы адам.
– Бұрын өзеннің жағасында екі көше болатын. Жыл сайын Жайық көтеріліп, бірнеше метр жерді шайып кетіп отырды, – дейді Денисенко. – Ақыры 20-дан аса үй суға кетті. Қазір жер арғы бетте, Ресейдің еншісінде қалған. Бір күні балыққа барсам, Жайық тасып, бейіттерді су алып жатыр екен. Үйге келіп, өлшеуішімді алдым да, жолға дейін қанша метр қалғанын өлшедім. 53 метр. Сөйтіп жобаласам, шамамен үш жылдан кейін Жайық жолды толық шайып кетеді екен. Сол кезде Облавкаға аудан әкімі келіп жатқан, оны ертіп алып, Жайықтың жағасына апардым да, өлшегенімді көрсеттім. Содан соң бір аптадан кейін облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы келіп, тексеріп, бағамдап, топографтар тобын шақырды. Содан кейін жағаны нығайту мақсатында әйгілі құрылыс басталды.
Денисенко алғашында ауылды басқа жерге көшіру жоспарланғанын еске алды – солай арзанға шығатын көрінеді – алайда бәрібір Жайықты тоқтату керек болғандықтан, ол идеядан бас тартқанын айтады. Нәтижесінде Облавканы да, жолды да, Қазақстан аумағын да сақтап қалған. Тек бейітті аман алып қала алмаған. Бір бөлігін өзен шайып, қалғаны жағадан алыстау жерге көшірілген. Мазардағы табыттардың көбі шіріп кеткендіктен, сүйектерді пакеттерге салып көшірген.
Владимир Денисенко 1960 жылдары тың игеру кезінде Облавкаға Беларусьтен көшіп келген қоныс аударушылардың құрметіне Беларусь деп аталған көшеде тұрады. Қазір олардың ұрпағы осы көшеде тұрып жатыр. Владимир Григорьевичтің ұлты украин, әкесі Харьков облысында дүниеге келген, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болашақ әйелімен танысып, екеуі Қазақстанға қоныс аударған.
– Мұнда бұрын тың игеру жылдары көшіп келген украиндер көп еді, – деді Денисенко. – Созхоз-колхоздар тарағаннан кейін көпшілігі отанына оралды. Біраз адам Облавкада қалды. Бұл жер олардың туған мекеніне айналды.
Денисенко ауылдың әлеуеті күшті дейді: жері шүйгін, суы мол, жанында орманы мен үлкен өзені бар. Алайда билік оны дамытуға қызығушылық танытпайды, себебі болашағы жоқ деп ойлайтын көрінеді.
– Бұрын Облавкада неміс коммунисі Эрнст Тельман атындағы колхоз бар еді, – деп сөзін жалғады ол. – Одақ тарағаннан кейін колхоздар да құрдымға кетті. Облавканың сол күйі бағы жанбады. Мықты шаруа қожалығын ұйымдастырып, жұмысты қиюластыратын бастамашы адам табылмады. Әрине, ферма ашуға тырысқандар болды, бірақ олардың өзі тез тарап кетті. Қазір жастардың кейбірі газ өндіруге, енді бірі мұнай өндіруге кетіп жатыр. Бәрінің арманы – аз жұмыс істеп, көп ақша табу. Осы күні адамдар біртүрлі болып кеткен ғой. Мен енді ештеңе істегім, еш нәрсені дамытқым келмейді, өйткені бәрібір ешкім қолдамайды. Бәлкім қартайған да шығармын. Бір ғана мақсатым бар – майдан шебінде қаза тапқан Облавка тұрғындарының есімі жазылған тақта орнатсам деймін.
Облавка шекара аумағы саналады. Ауыл халқы балыққа немесе орманға бару үшін әкімдіктен арнайы бір жылдық рұқсат алуы керек. Оны әрлі-берлі шыққан сайын қалтаға салып жүрмесе, шекара жолағында жүргені үшін айыппұл арқалайды. Бұрын адамдар рұқсат қағаз үшін шекара бекетіне баратын, қазір іс-шара жеңілдеп, ауылдық әкімдік рұқсат беретін болған.
Айтпақшы, бұл жерде Жайық өзеніне шомылуға тыйым салынған, алайда оған қарап жатқан адам аз: өзеннің өздері "жағажай" жасап алған тұсында ауылдың бір топ жасөспірім баласы улап-шулап шомылып, биік бетон жағадан суға секіріп жүр.
– Мына жерде суға түскендеріңе бола ұрыспай ма?
– Ұрсады, – деп жауап берді бір бала суға тағы секіріп жатып. – Бәрібір түсе береміз. Жайықты кесіп те өтеміз. Бүгін екі рет Ресейге барып-қайттым. Ал шекарашыларды сирек кездестіреміз, олар әдетте кешке қарай, біз үйге қайтқан соң қайықпен жүреді.
Облавкада өмір тып-тыныш болғаны сонша, ауылда тіршілік тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Адамы жоқ көшелерде жол жиегіндегі бұталарды еріне күйсеген сиырлар ғана жүр. Қалың шөптің арасы қоқысқа – пластик пакеттерге, бос бөтелкелерге, газет қиындыларына толып қалған.
Есесіне, ауылдың ортасында, азық-түлік дүкенінің жанында және автобус аялдамасында шалғайдағы ауылда кезікпейтін оғаштау конструкция тұр. Ол қоқыс сұрыптайтын жер екен. Дәлірек айтсақ, темір тормен қоршалған металл қаңқа. Бұл жерде қоқыс салатын жәшік жоқ.
– Бір кездері қоқыс жәшігі болған, кейін әкімдік алып тастады, – деді Облавка тұрғыны Елена Кравчук. – Сол баяғы себеп қой, адамдар қоқыс төгеді, бірақ алып кететін ешкім жоқ. Ақыр соңында жәшіктер толып, қалдықтар көшеге ұшады.
Елена Кравчук – ауылдағы белсенділердің бірі. Әкімдікке өтінішпен жиі жүгінемін дейді. Біресе қоқысты алып кетуді, біресе жолды жөндеп беруді, біресе бейітті дуалмен қоршауды өтінеді. Алайда әйелдің айтуынша, жергілікті биліктен көмек келер түрі жоқ.
– Көктем мен күзде немесе сәл жауын жауса, жол ми батпаққа айналады, – дейді ол. – Ал жол төсейміз деп уәде бергеніне екі жыл болды. Әкімге бәрібір, өзі Бумакөлде тұрады. Облавкаға сирек келеді. Сондықтан Бумакөлде асфальт бар да, бізде жоқ шығар. Бірақ біз асфальт төсейді деп күтпейміз де, осы бар жолдың өзін қырып берсе, бұлай батпақ болмас еді. Осы екі-үш жылдың ішінде балаларға сырғанақ орнатып бергені болмаса, әкім бізге мүлде көмектеспейді. "Сенің қолыңнан түк келмейді, ауылға деп ештеңе істемедің, әкімдік тіпті жолдың жиегіндегі шөпті де ормайды", – деп бетіне де айттым.
Бумакөл ауылдық округінің әкімі Нарынбек Қаймолдиновқа қоңырау шалдым. Жолда келе жатыр екен, байланыс нашар болды. Дегенмен Облавка енді келешегі жоқ ауылдардың санатында емес дегенді анықтадым.
– Шілде айында жүргізген санаққа сәйкес, Облавкада 265 адам тұрады, – деп әкім телефондағы кедергіге бола даусын қаттырақ шығарып, сөзін анық жеткізуге тырысты. – Қазір облыс бойынша баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларды іздеп жатырмыз. Адамдар көшіп кетпесін, мектеп жабылып қалмасын деп, оларды ауылға шақырамыз. Баспана мен жұмыс тауып береміз. Былтыр екі қызметтік үй сатып алдық, биыл тағы екеуін алдық. Ол үйлерге адамдар көшіп барған, жұмысқа орналасқан.
Әкімнің сөзінше, Облавкада көп жұмыс істеліп жатыр: 2024 жылы көптен күткен жол жөндеу жұмыстары басталмақ, жолға қиыршық құм мен тас аралас қоспа төселеді. Биыл күзде Облавкаға бейнебақылау орнатылса, қысқа қарай ауылдың кіреберісіне жолды қардан бөгейтін қалқан тұрғызылады.
– Бұған қоса, ауылда 60 орындық мектеп тұрғызу жоспарда бар. Жобаны Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ кен орнының операторы) мұнай консорциумы қаржыландырады. Сондай-ақ жаңа медициналық пункт құрылысы басталады, орнын анықтап, құжаттарын дайындап қойдық, тек қаржы күтіп отырмыз, – деді Нарынбек Қаймодинов.
Мен репортаж жасап жатқан уақытта әкім жол бойындағы шөптің шабылғанын, сондай-ақ "биржашылар" деп аталатын адамдар (еңбек биржасында есепте тұрған адамдар, ауыл әкімдігі оларға мезгіл-мезгіл жұмыс тауып беріп отырады) жол жиегін таза ұстап, қоқысты үнемі алып кетіп отыратынын айтты. Әңгіме арасында Нарынбек Қаймолдинов ауыл халқының қайсысы жол нашар, шөп өсіп кетті деп шағымданғанын білгісі келді, содан кейін Облавканы абаттандыруға қатысты тағы да бірнеше жоспары барын айта бастаған еді, байланыс нашарлап, үзіліп кетті. Әкімге сол күйі хабарласа алмадым.
Сұр шифермен қапталған жатаған ауыл үйлерінің арасынан Облавканың шет жағындағы шағын үй бірден көзге түседі. Бұл үйде ауылдың ең қарт тұрғыны, 90 жастағы Андрей Стрельченко тұрады. Ол әуесқой суретші, бірнеше жыл бұрын, жұмысқа жарап тұрған шағында үйін ақық түстес және қызыл бояумен безендіріп қойған екен. Кейбір жерінің сыры кетіп, түсі өңе бастағанымен, үй бәрібір ерекше көрінеді.
Андрей Стрелченко жалғыз тұрады. Жұбайы қайтыс болған, балалары мен немерелері әлдеқашан Ресейге көшіп кеткен. Ара-тұра зейнеткердің халін білуге келіп тұрады. Стрельченкоға ауыл әкімдігінің әлеуметтік қызметкері көмектеседі: үйін тазалап, азық-түлік сатып алады, дәрі-дәрмек әкеледі.
– Бұрын ауыл жақсы еді. Адамдар көп, мектеп үлкен болатын. Клубта бізге арнап концерттер өтіп тұратын. Кейін бәрі жақсы өмір іздеп жан-жаққа кетті де, Облавкада адам қарасы сиреді, – деп еске алды зейнеткер. – Қазір бізде ғана емес, барлық жерде солай шығар. Балалар қасымызға кел дейді, бірақ ешқайда кеткім келмейді. Бұл менің туған топырағым, осы жерде қаламын. Тек жастардың олай ойламайтыны өкінішті. Әйтпегенде Облавкада өмір қыз-қыз қайнап жатар еді.
ПІКІРЛЕР