Accessibility links

АҚШ-та Ресейге санкцияны күшейтуге шақырады


БҰҰ-дағы Ресей өкілдігі алдындағы Путин саясатына қарсы акция. Нью-Йорк, 1 наурыз 2015 жыл.
БҰҰ-дағы Ресей өкілдігі алдындағы Путин саясатына қарсы акция. Нью-Йорк, 1 наурыз 2015 жыл.

Америкалық саясаткерлер мен публицистердің Ресейге қарсы санкцияны күшейту жайлы ой-пікірлері.

Борис Немцовқа жасалған қастандық пен Кремльдің бұл зұлымдыққа қатысты реакциясынан кейін америкалықтардың назары АҚШ-Ресей қарым-қатынасына тағы ауды.

АҚШ президенті Барак Обама «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында Борис Немцовтың қазасына қатысты «Мен бұл қастандықты мұқият тексеруге шақырдым әрі тәуелсіз тұрғыда тексереді деп үміттенемін. Қазіргі Ресейдегі ахуалды ескерсек, бұл мүмкін бе, ол жағы белгісіз... Бұл – Ресейдің ішінде қалыптасқан ахуалдың көрінісі, азаматтық қоғам, тәуелсіз журналистер, интернетте пікір алмасуға тырысатын жандар қауіп күшейіп келе жатқанын, еркіндік шектелетінін сезіп отыр. Мемлекет бақылауындағы баспасөз құралдары ресейліктер үшін жалғыз ақпарат көзіне айналып барады. Бұл – үлкен проблема. Бұл бір жағынан Ресейдің Украинаға қарсы агрессия ұйымдастыруына мүмкіндік берді» деген пікір айтты.

Біз ел басшысына лайық адамға жасалған қастандықтың куәсі болдық

Америкалық комментаторлар қастандықты президенттен гөрі қаттырақ айыптайды. Мысалы, «Вашингтон пост» газеті Немцов пен Кировқа жасалған қастандықтар ұқсас деп санайды. «Бір апта бұрын оққа ұшқан жұртқа жұғымды саясаткер, Владимир Путиннің басты қарсыласы Борис Немцовқа жасалған қастандықтан өткеннің жаңғырығы сезіледі. 80 жыл бұрынғы Сталин сияқты Путин де тергеу амалдарын өз бақылауына аламын деп уәде еткен. 80 жыл бұрын сияқты бұл қастандық та Кремльдің іргесінде жасалды» деп жазды газет.

Басылым Ресей жөніндегі маман Карен Давишаның «Кировты саяси қастандықпен, партия жетекшісіне айналу мүмкін адамның көзін жою мақсатында өлтірді. Ал Борис Немцовты кім өлтірсе де, біз ел басшысына лайық адамға жасалған қастандықтың куәсі болдық» деген пікірін келтірген.

«Уолл-стрит джорнэл» газеті «қанішерлер табылмайды, ал қастандық себептері анықталмайды» деп санайды әрі Владимир Путин билігіндегі Ресейді «гангстерлер елі» деп атаған. Foxnews телеарнасына берген сұхбатында беделді комментатор Чарлз Краутхаммер қастандыққа тікелей немесе жанама тапсырыс беруші ретінде Кремльді атайды. «Тергеу амалдары кезінде шындық ашылады деуге титтей де сенім жоқ. Өйткені бұл – Путиннің тікелей жарлығымен немесе мазасын қашырған үгітші Немцовтан құтылатын күн бола ма деп назаланған Путиннің емеурінімен жасалған қастандық. Мұны оның айналасындағылардың бірі істеді. Ең бастысы, бұл – оппозицияға «енді түрме емес, ажал құшасыңдар» деген ескерту» дейді ол.

Сергей Лавров (сол жақта) пен Джон Керри.
Сергей Лавров (сол жақта) пен Джон Керри.

Борис Немцовтың қазасынан кейін Вашингтонда «Ресей Украинаға қысымын күшейтуі мүмкін» деген қауіп ұлғайған сияқты. Президент Обаманың өзі комментарийінде Ресей саясаткері қазасы мен «Ресейдің Украинадағы агрессиясын» байланыстырады. Немцовтың қазасынан кейін іле-шала АҚШ-тың жоғары шенді ресми тұлғалары Мәскеуге қатаң ескерту жасады. Дүйсенбі күні Женевада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен мемлекеттік хатшы Джон Керри баспасөз жиынында Украинаның шығысында бітім шарттары бұзылса, бұл әрекеттер «онсыз да берекесі қашқан Ресей экономикасына қысымды күшейтетін зардаптарға ұласатынын» ескертті.

Үш күннен кейін АҚШ Конгресінің өкілдер палатасында өткен тыңдау кезінде мемлекеттік хатшының орынбасары Виктория Нуланд Ресей экономикасының түрлі салаларына қарсы жаңа санкцияларды талқылау үшін бір топ америкалық сарапшы Еуропада жүргенін жариялады. Ол «АҚШ-тың қолында Минск келісімін бұзылғанын дәлелдейтін 100-ден аса дерек бар, ал Ресей бітім шарттарын бұдан әрі бұзса және территориялар басып алуға әрекет жасаса жаңа санкциялар салынады» деп мәлімдеді.

Бейсенбі күні өкілдер палатасы спикері Джон Бейнер бастаған 11 ықпалды конгрессмен Украинаға дереу қару-жарақ беруге шақырып, президент Обамаға хат жолдады. Халықаралық тұрақтылықты бұзған Ресей әрекетіне АҚШ лайықты жауап қайтармай отыр деп ескерткен олар Кремльдің қылығын «халықаралық заңдарды өрескел бұзу, Батыс елдеріне күш көрсету, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әрең орнаған халықаралық тұрақтылыққа жасалған шабуыл» деп атаған.

Ресейдің қаншалықты әлсіз ел екенін жұрттың көбі білмейді

АҚШ саясаттанушыларының айтуынша, Украинаға қару-жарақ беру, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салу мүмкіндігі әзірше аз. Бұл шаралар Кремль Минскіде алған міндеттемелерін бұзған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Бірақ америкалық беделді қаржыгер әрі АҚШ қаржы министрінің бұрынғы орынбасары Роджер Алтманның пікірінше, бұрын салынған санкциялардың өзі Ресей билігіне жұрт ойлағаннан да ауыр соққы болып тиген.

«Блумберг» ақпараттық қызметіне берген сұхбатында Алтман «Меніңше, Ресейдің қаншалықты әлсіз ел екенін жұрттың көбі білмейді. Бұл – халқы азайып бара жатқан ел. Санкциялар мен қаржы нарығынан аластау Ресейді көптеген қосымша қиындыққа ұрындырды. Ресей валютасы 50 пайызға құлдырап кетті, банк жүйесі шатқаяқтап тұр, ең ірі деген корпорацияларының шетел валютасымен қайтаруы тиіс қарызы көп. Мысалы, әлемдік қаржы жүйесіне толық тәуелді Ресей банктердің жаппай күйреуі салдарынан теориялық тұрғыдан алғанда, дәрменсіз күйге түсетін сәт тууы мүмкін. Сондықтан қосымша санкциялар Кремльді ымыраға көнуге мәжбүрлеуі мүмкін» дейді.

«Уолл-стрит джорнэл» газеті санкциялардың әсерін растайтын дерек жариялады. Газеттің хабарлауынша, АҚШ қаржы министрлігі дерегіне сәйкес, АҚШ-та ресейлік банктердің кемінде 640 миллион доллар активі бұғатталған. Оның басым бөлігі, яғни 560 миллион доллары – «Ресей» банкіне тиесілі әрі банк активінің 10 пайызын құрайды.

XS
SM
MD
LG