Халықаралық зерттеушілер тобы бүлікшілер басып алған Украинаға келіп, малайзиялық Airlines Flight MH17 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты деректер жинайды. Апаттың дәлелдерін табу қиын болар, жергілікті тұрғындар немесе сепаратистер айғақтардың бәрін жойып жіберген шығар деген де күдік бар.
«Aviation Safety» журналының редакторы Джозеф Бернсайд Азаттық тілшісіне сұхбат беріп, сарапшылар оқиға орнына жеткенде қандай айғақтар іздейтіні туралы айтып берді.
Азаттық: – Апат орнына жеткен зерттеушілер алдымен қандай мәселеге назар аударады?
Джозеф Бернсайд: – Олар алдымен ұшу дерегін тіркегіш пен борттағы сөзді өздігінен жазатын құралды іздейді. Оған қарап ұшақ пен оның жабдықтарына, басқару тетігіне не болғанын анықтайды, оқиға кезінде және одан бұрын кабинада болған жағдайды біле алады.
Азаттық: – Ұшақ өздігінен апатқа ұшырамай, оны біреу атып түсірсе, оны қалай анықтайды?
Джозеф Бернсайд: – Ұшаққа әскери қарсылық көрсетілген жағдайда ұшу дерегін тіркегіште немесе кабинадағы өздігінен жазатын құралда дерек аз болады. Нақты оқиға басталғанға дейін бәрі қалыпты болғаны байқалады. Мысалы, кабинадағы өздігінен жазатын құрал сұмдық жағдайдың кенеттен туындағанын көрсетсе, апаттың болғанына көзіміз жетеді.
Ұшақты зымыран атып түсіргенін, тіпті оның қандай зымыран екенін анықтау үшін басқа әдістер қолданылады. Ұшақ маңында зымыран бөлшектері, металл қалдықтары тәрізді заттар қалады.
Азаттық: – Біраз адамдар ұшақ құлаған жерге барған болар деген қауіп бар. Олар зерттеу жұмысына кедергі келтірмей ме?
Джозеф Бернсайд: – Оның зияны өте көп. Зерттеушілер апат болған жерге бірінші болып барып, жұмыс істегенді жөн көреді. Әртүрлі заттардың құлау сипаты, қашықтығы мен бағыты апаттың нақты себебін анықтауда өте маңызды рөл атқарады.
Табиғи апат емес, ұшақты зымыран атқылаған болса – біз айтқан жайттың маңызы азаяды. Дегенмен де, оқиға орнынан бақылауда ұстамаса – маңызды айғақтардан айрылып қалу қаупі бар.
Азаттық: – Жарылыстан болған қалдықтар мен басқа да заттық дәлелдер туралы айттыңыз. Олар зымыранның қандай бағыттан атқанын көрсете ала ма?
Джозеф Бернсайд: – Ол жағы екіталай. Зымыран түрін анықтау үшін басқа айғақтар – оны іске қосу кешені, т.б. тексеріледі. АҚШ әскерилерінің зымыран түрін анықтағаны, оның ұшу бағыты мен уақытын болжағанына қатысты мәліметтерді БАҚ жазып жатады. Соларды радар дерегімен немесе ұшаққа қатысты басқа да деректермен салыстыра қарап, зымыранның ұшаққа жақындаған кездегі бағытын анықтауға болады.
Азаттық: – Қара жәшіктің жазғыш құралын қалпына келтіру мен олардың кімге тиесілі екеніне қатысты әртүрлі мәліметтер айтылып жатыр. Кабинадағы өздігінен жазғыш құралдың дерегін өзгертуге немесе бұрмалауға бола ма?
Джозеф Бернсайд: – Бұл сауалды жазғыш құралды дайындағандарға қою керек болар. Адам баласы ойлап тапқан кез келген электрондық құрылғыны басқа адам өзгерте алады деп ойлаймын. Бірақ оны жасау, жүзеге асыру туралы сауалды өндірушіге қою керек деп білемін.
Азаттық: – Украина әскери шенеуніктері Украина әуе кеңістігіне қатысты ескерту жасады және кейбір коммерциялық әуе лайнерлері Украина аспанында ұшуды тоқтатты. Украина төбесінен ұшатын коммерциялық ұшақтардың қалғанына таң қалдыңыз ба?
Джозеф Бернсайд: – Иә деп те, жоқ деп те жауап беруге болады. Авиация операторларына берілетін құжат (ол коммерциялық немесе жекеменшік болсын) – ұшқыштарға арналған хабарлама (NOTAM) деп аталады. NOTAM-да көп нәрсе жазылады, кейде ондағы жазбаны нақты түсіну қиынға түседі. Мен Украина әуесінде ұшуға шектеу қойған АҚШ федералдық авиациялық әкімшілігі мен шетелдік агенттіктер дайындаған бірнеше NOTAM-мен таныспын.
Мен оқыған барлық NOTAM-ға сай, малайзиялық ұшақ (егер ол расымен 33 мың футта немесе 330 құраммен апатқа ұшыраса) сол NOTAM-дарда сипатталған шектен асып кеткен. Көптеген әуе компаниялары NOTAM бойынша Украина үстінен ұшуға рұқсат етуі мүмкін. Бірақ ұшақтың NOTAM-да көрсетілген Украина бөлігі үстінде ұшқаны және басқа аймақтарға жоламағаны (МН17) операторлары сол NOTAM-дар туралы білгенін және оны сақтауға тырысқанын көрсетеді деп ойлаймын.
Азаттық: – Бұл өте ауыр сауал, дегенмен көптеген жандарды мазалайтыны анық. Зымыран соққан ұшақтағы адамдар қандай күй кешеді? Олар бірден көз жұма ма?
Джозеф Бернсайд: – Өкінішке қарай, олай емес деп ойлаймын. Зымыран соққан ұшақта отырмағандықтан, бұл сауалға жауап беру өте қиын, бірақ оның бәрі оқтұмсықтың жақындығы мен өлшеміне байланысты шығар. Оның қандай бөлігі немесе бытырасы атылады? Сондықтан, кейбір жолаушылар бірден опат болады деп жорамал жасаймыз. Ал біраз бөлігі бірден дүние салмауы да мүмкін. Олар есінен танып қалуы немесе жаралануы мүмкін. Ұшақ жерге құлағанға дейін біраз адам тірі болды деп есептеуге болады.
Дейзи Синделардың сұхбатын аударған – Динара Әлімжан.