Accessibility links

Амазон өртке оранды. Бразилия G7 көмегінен бас тартпақ


Амазон орманындағы өрт
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Амазон орманындағы өрт

Тамыздың 26-сы күні Францияның Биарриц қаласында «Үлкен жетілік» (G7) елдерінің саммиті аяқталды. Жиында Франция президенті Эммануэль Макрон G7 елдері Бразилиядағы Амазон орманындағы өртті сөндіруге 22 миллион доллар бөлетінін айтты. Бірақ Бразилия билігі бұл көмектен бас тартатынын мәлімдеді.

Бразилияның Ұлттық ғарыштық зерттеу институтының дерегінше, 2019 жылы елдегі орман өрті 85 пайызға ұлғайған. Амазон орманындағы өрт Биаррицтегі G7 саммитінде талқыланған негізгі мәселе болды.

G7 саммитінің тамыздың 27-сі күнгі сессиясы ғаламдық жылыну мәселесіне арналды. Жиында қатысушылар Амазондағы өртті сөндіруге 22 миллион доллар бөлетіндерін жариялады. Макрон бұл қаржы өрт сөндіргіш ұшақтардың шығынына жұмсалатынын айтып, «қажет болса Франция Амазонға әскери көмек жіберуге дайын» деді.

Дүйсенбі күнгі климат мәселесі талқылаған сессияға АҚШ президенті Дональд Трамп қатыспады. Макрон Трамптың жеке кездесулермен жүргенін, климат мәселесі сөз болған жиынға Трамптың командасы келгенін айтты. Бірақ кейін Трамп жеке баспасөз мәслихатында «табиғатты қорғаушылардың ісіне араласпайтынын» жеткізді.

Амазон орманындағы өрт. Бразилия, 24 тамыз 2019 жыл.
Амазон орманындағы өрт. Бразилия, 24 тамыз 2019 жыл.

Тамыздың 27-сі күні Бразилия президентінің әкімшілігі «көмекке зәру емеспіз» деп мәлімдеді.

Болсонару әкімшілігінің жетекшісі Оникс Лоренцо «Көмек ұсынғандары үшін рақмет, бірақ ол қаржы Еуропаның өз ормандарын қорғауға қажет болар» деді.

«Макрон әлемдік мұра қатарына енетін шіркеудегі өрттің алдын ала алмады. Ол енді бізге өрт сөндіруді үйретпек пе?» деді Лоренцо биыл сәуірде Париждегі Нотре-Дам шіркеуіндегі өртті меңзеп.

Бразилия президент әкімшілігі тамыздың 27-сі күні «алдағы уақытта Болсонару Амазонға баратынын» мәлімдеді.

Франция президенті Макрон Амазондағы өрт жайлы G7 саммиті басталмай жатып, айта бастады. Тамыздың 23-і күні ол Twitter желісінде «үйіміз өртеніп жатыр» деп жазды. Ал Германия канцлері Ангела Меркель Амазондағы өртті «әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай» деп сипаттады. Бразилия президенті Жаир Болсонару Франция басшысының сөзіне шамданып, «Макрон әлем алдында ұпай жинамақ» деп сынады. Болсонару әлеуметтік желіде Макрон «тәуелсіз елдің ішкі мәселесіне араласып отыр» деп айыптады.

Тамыздың 25-і күні Бразилия президенті Амазондағы өртті сөндіруге 44 мың әскери жіберді. Бразилия билігінің мәлімдеуінше, Амазон орманындағы өрт сөндіру «қарқынды жүріп жатыр».

АМАЗОНДАҒЫ ӨРТКЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Бразилияның Ұлттық ғарыштық зерттеу институтының дерегінше, 2019 жылдың сегіз айында елде 75 мың орман өрті тіркелген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Өртенген Амазон.
Өртенген Амазон.

Амазон орманында тамыз-қазан аралығында құрғақшылық кезде, найзағай түскенде жиі өрт шығады. Дегенмен Оңтүстік Америка елдері өртті дер кезінде сөндіріп тұратын. Бірақ экологтар «соңғы жылдары Бразилия Амазондағы ағаштар мен өсімдіктерді әдейі өртеп, кейін сол жерді фермерлер мен ранчо иелеріне сатып жатыр» деп айыптайды.

АМАЗОН ОРМАНЫ ЖАЙЛЫ БЕС ДЕРЕК

  • Амазон орманының аумағы – 2,1 миллион шаршы метр.
  • Орман Бразилия (60%), Перу (13%), Колумбия (10%), Венесуэла, Эквадор, Боливия, Гайана, Суринам, Франциялық Гвиана аумағына дейін жайылып жатыр. Негізгі бөлігі Бразилияның аумағында.
  • Амазон – жергілікті 500 тайпаның мекені. Мұнда шамамен 1 миллионға жуық адам мекендейді.
  • Амазонда үш миллион өсімдік пен аң бар. Бұл орманды жолбарыс тұқымдас бірнеше аң, бауырымен жорғалаушылар, бақалар мен жәндіктер мекендейді.
  • Амазон – әлемдегі ең ірі орман. Бұл орманды «Әлемнің өкпесі» деп сипаттайды. Амазон жер бетінде ғаламдық жылыну процесін баяулатып тұрған көміртек қорына ие.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG