Accessibility links

GGG "қиын жекпе-жекте" төрешілер шешімімен жеңіске жетті


Головкин (оң жақта) мен Деревянчко жекпе-жегі. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.
Головкин (оң жақта) мен Деревянчко жекпе-жегі. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы 37 жастағы Геннадий Головкин Нью-Йоркте украиналық 34 жастағы Сергей Деревянченконы жеңіп, IBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанды.

ЖЕКПЕ-ЖЕК ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Америка уақыты бойынша 5 қазанда (Қазақстан уақытымен 6 қазан таңертең) өткен кездесу 12 раундқа созылды. Головкин бірінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Деревянченко кездесуді жалғастырды.

Деревянчко нокдаун алған сәт. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.
Деревянчко нокдаун алған сәт. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.

Екінші раундта украиналық боксшы қарсыласынан соққы сериясын өткізіп, қабағы жарылды. Бірақ осыған қарамастан, 4-6 раундта Деревянченко белсенді қимылдап, Головкиннен алда болғандай көрінді. Үш төрешінің екеуі осы раундтарда жеңісті Деревянченкоға берген.

Ал 10-12 раунда GGG (Головкиннің бокстағы лақап аты) қарсыласын құлатуға тырысып белсенді қимылдады. Бірақ Сергей Деревянченко қорғана білді. 12 раундқа созылған жекпе-жекте үш төреші жеңісті Головкинге берді – 114:113, 115:112, 115:112.

Кәсіпқой бокс статистикасын жүргізетін Compubox сайтының дерегінше, жекпе-жек кезінде Головкин 720 соққы жасаған. Оның 243-і қарсыласына дөп тиген. Ал Деревянченко жасаған 738 соққының 230-ы Головкинге дарыған.

Енді Головкин – IBO (International Boxing Federation) және IBF (International boxing federation) тұжырымдары бойынша орта салмақта (70 кг) әлем чемпионы.

Головкин (оң жақта) мен Деревянченко жекпе-жегі.
Головкин (оң жақта) мен Деревянченко жекпе-жегі.

Кездесуден соң Головкин "Бірінші раундтан кейін қиын кездесу болатынын түсіндім. Бүгін мен үшін сәтті күн болды дей алмаймын. Нокдауннан кейін фокус жоғалтып алдым. Бұл мен үшін қиын жекпе-жек болды. Ол қайсарлық танытты. Мен әлі де жұмыс істеуім керек. Не керегін түсіндім. Бұл кездесу үлкен сабақ болды. Егер Деревянченкомен қайта кездесем десе, қарымта матчқа дайынмын. 37 жаста көп еңбектенуім керек" деді.

Орта салмақтағы чемпиондар

Кәсіпқой бокста WBA (World boxing association), WBC (World boxing council), IBF (International boxing federation), WBO (World boxing organization) деген негізгі төрт ұйым бар. Ал IBO (International boxing federation) – дәрежесі мен беделі жағынан бесінші ұйым. Әр ұйым әр салмақта өз белдігін береді. Қазір орта салмақта әр тұжырым бойынша әлем чемпионы атағы мына боксшыларда:

  • WBA – Сауль Альварес (Мексика)
  • WBC – Сауль Альварес (Мексика)
  • WBO -Димитриус Андраде (АҚШ)
  • IBF – Геннадий Головкин (Қазақстан)
  • IBO – Геннадий Головкин (Қазақстан)

Головкин сөйлеп жатқанда залға жиналған жанкүйерлердің бір бөлігі гуілдеп, нәтижеге қарсылық білдірді. Ал Деревянченко "Қабағым жырылып, кейбір сәтте дұрыс көре алмадым. Көзім бұлдырап кеткенде ол маған соққы жұмсап үлгерді... Егер қарымта кездесу өткізуге мүмкіндік болса, мен дайынмын" деді.

Los Angeles Times басылымының спорт шолушысы Дилан Хернандес Twitter парақшасында жекпе-жек жайлы “GGG қартайған адам сияқты қимылдады. Шынымен оның жасы келген шығар” деп жазды.

Ал ESPN сайтының бокс шолушысы Найджел Коллинздің Twitter желісіндегі пікірінше, "тең дәрежеде өткен кездесуде барлығын бірінші раундтағы нокдаун шешкен".

Осы жекпе-жек үшін Головкин 7,5 миллион доллар гонарар алады. Бұдан бөлек, боксты тікелей эфирде көрсеткен DAZN стрим каналынан түскен қаржының бір бөлігін иеленеді. Ал Деревянченконың гонарары – 5,2 миллион доллар.

Головкин кәсіпқой бокста осымен 42-рет жекпе-жекке шықты. 40-рет жеңіске жетті. Ол бұған дейін бір рет тең түсіп, бір мәрте жеңілген. GGG 2017 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) мексикалық Сауль Альвареспен кездесіп, тең түскен. Ал 2018 жылы қыркүйекте мексикалық Сауль Альвареспен екінші рет рингке шығып, жеңіліп қалған. Осы жеңілістен соң ол орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылған. Головкин жеңіліп қалғанда жанкүйерлердің бір бөлігі төрешілер шешімімен келіспеген.

Головкин Альвареске жеңілгенге дейін, сегіз жыл көлемінде орта салмақта үш тұжырым бойынша әлем чемпионы белдігіне иелік етіп келді. Кездесулерінің көбін нокаутпен жеңіп, атағын бірнеше рет қорғады. Бокс фанаттары арасында Головкин мен Альварестің үшінші рет жекпе-жекке шыққанын қалайтындар да бар. Головкин Деревянченкомен өткен жекпе-жектен соң Альвареспен үшінші рет кездесуге дайын екенін жеткізді.

Головкин (оң жақта) мен Деревянчко жекпе-жектен кейін. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.
Головкин (оң жақта) мен Деревянчко жекпе-жектен кейін. Нью-Йорк, 5 қазан 2019 жыл.

Головкин Forbes журналының есебі бойынша, әлемдегі ең бай жүз спортшының қатарына енеді. Оның байлығы – 25,5 миллион доллар.

Ал 33 жастағы Деревянченко кәсіпқой бокста осымен 15 рет рингке шығып, екінші рет жеңілді. 13 жекпе-жекте қарсыластарынан басым түскен.

IBF БЕЛДІГІНЕ "ТАЛАС"

Головкин IBF белдігін 2010-2018 жылдары иелік еткен. 2017 жылы мамырда ұйым “Головкин белдігін қорғау үшін Деревянченкомен кездесуі тиіс” деген шарт қойған. Бірақ екі боксшы қаржы жағынан келісе алмай, жекпе-жек өтпей қалған. Осыдан соң IBF Головкинді белдігінен айырған.

Орта салмақтағы IBF белдігін осыған дейін мексикалық Сауль Алварес иеленіп келген. Ұйым Альвареске де “Деревянченкомен жекпе-жекке шығу шартын” қойған. Альварес кездесуден түсетін табысқа көңілі толмай Деревянченкомен жекпе-жекке шығудан бас тартты. IBF Альварестен де бұл атақты тартып алды. Кейін бұл белдік үшін Головкин мен Деревянченко рингке шығуға келісті.

Головкин мен Деревянченко кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін әуесқой бокста жарыстарға қатысқан. Головкин 2002 жылы Азия ойындарында, 2003 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2004 жылы Афина олимпиадасында күміс медаль иеленді. 2006 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Ал Деревянченко 2007 жылы әуесқой бокстан өткен әлем біріншілігінде қола медаль алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG