Accessibility links
Skip to main content
Skip to main Navigation
Skip to Search
Жаңалықтар
Саясат
AzattyqTV
Қаңтар оқиғасы
Адам құқықтары
Әлеумет
Әлем
Арнайы жобалар
Русский
Жазылыңыз
Басқа тілдерде
İздеу
РУС
Live
Live
İздеу
Бұған дейінгі
Келесі
Шұғыл хабар:
ФОТОРЕПОРТАЖ
2017 жылдың тарихи суреттері
21 желтоқсан 2017 жыл, 18:29
Азаттық радиосы
Биылғы ең бір әсерлі көріністерді тарихқа айналдырған 10 фотограф.
1
Украинаның Калиновка қаласында орналасқан әскери қоймадағы тонналаған қару-жарақ, оқ-дәрі мен зымырандарды жойып жіберген жарылыс. 27 қыркүйек 2017 жыл.
Зымырандар атылып жатқан тұсқа барынша жақын бару үшін "Рейтер" агенттігінің фотографы Глеб Гаранич пен оның оператор әріптесі екеуі түні бойы көліктен түспеген әрі бірнеше полиция тосқауылынан өткен.
Журналистер беренді бешпет киіп, камераларын штативке орнатып алып, объективтерін лаулап жатқан қоймаларға қарай бұрған. Бірер минуттан кейін көкжиек алапат жарылыстан жарқырап кеткен. "Жарылыс үні мен дүмпуі бізге 10 секундтан кейін жетті" деп еске алады Гаранич. Бұдан бөлек, фотографтың есінде "майдан шебінен мың шақырым жерде мұндай болады дегенге сене алмаған" жергілікті тұрғындардың үрейлі жүзі қалған.
2
Минск түбінде өткен "Рок құндыздарға араша түседі" фестивалінде жұрт мүгедектер арбасында отырған Павел Коновальчикті төбелеріне көтеріп тұр. 2017 жылғы 22 шілде.
Музыка фестивалінде "Дай дорогу" тобы өнер көрсеткен кезде Павел Коновальчик "Жол, жол беріңдер" деп айқайлап, сахнаға қарай жақындауға тырысқан. Сахна түбінде тұрған фотограф Александр Кандыбо жұрттың Коновальчикті арбасымен бірге төбелеріне көтеріп алғанын көрген. Азаттықтың Орыс қызметімен телефон арқылы сөйлескен фотограф Коновальчикті көрермендер екі ән айтылып біткенше жерге түсірмей көтеріп тұрғанын айтты. Кейін берген сұхбатында мүгедек жігіт: "Қанат бітіп ұшып кеткендей болдым" деді.
3
Алеппоның Әл-Шаар ауданында тұратын 70 жастағы ер адам қираған жатын бөлмесінде трубка тартып, граммофоннан музыка тыңдап отыр. 9 наурыз 2017 жыл.
Соғыстан қираған пәтер ішінде музыка тыңдаудың ебін тапқан қарт Сириядағы азамат соғысының зардабын көрсететін бейнеге айналды. Қарттың есімі - Мухаммад Анис. Ол косметикалық фабриканың қожайыны болған әрі көне автомобильдер коллекциясын жинаумен әуестенген. 70 жастағы Анис "Франс Пресс" агенттігінің фотографы Джозеф Эйд пен оның журналист әріптесімен танысып, екеуін бомбалаудан қираған әрі соғысқа қарамастан тастап кетуге қимаған үйіне шақырған.
Азаттықтың Орыс қызметіне жолдаған жауабында Эйд "бұл суретінің өмірге деген құштарлықты көрсететінін” жазды. Фотографтың айтуынша, қазір Анис косметикалық бизнесін қайта іске қосып, үйін жөндеп жатыр.
4
Нью-Йорктегі "Трамп-тауэр" ғимараты алдында нәсілшілдікке қарсы Black Lives Matter наразылық акциясында тұрған Кенди Фримен. 14 қаңтар 2017 жыл.
Болашақ президентті көз қиығымен болсын көріп қалармыз деген үмітпен "Трамп-тауэр" ғимараты алдында күні бойы тұрған тілшілер қайтуға жинала бастаған еді. Азаттықтың Орыс қызметімен телефон арқылы сөйлескен фотограф Стефани Кит сол күні кешкісін нәсілшілдікке қарсы "Қара нәсілділердің өмірі түкке тұрғысыз емес" наразылық акциясы жоспарланғанын біліп, әлгі жерден кетпегенін айтты. Шерушілер "Трамп-тауэр" ғимаратына жеткен кезде қараңғы түсіп кеткен болатын. Киттің назары үсті-басын қар басқан Кенди Фрименге бірден ауған. Ол жас қыздан рұқсат сұрап, оны сол жердегі зергерлік дүкеннен түскен жарықтың астына тұрғызып қойып суретке тарта бастаған. "Түсірілім бар-жоғы екі минутқа созылды" дейді фотограф. Ол Кендиден "өзіне деген сенімін" күшейткен портрет үшін алғыс хат алған
5
Лас-Вегастағы Route 91 Harvest кантри фестивалінде болған атыстан бас сауғалап қашқан адамдар. 2017 жылғы 1 қазан.
Фотограф Дэвид Беккер АҚШ тарихындағы бейбіт адамдарға жасалған ең ірі қастандыққа куә болды. Баспасөз өкілдеріне арналған шатырда отырған Беккер бытырлаған дыбыстарды естіп, сыртқа шыққан. Азаттықтың Орыс қызметімен телефон арқылы сөйлескен фотограф-фрилансер "Жанұшыра қашып бара жатқан адамдарды суретке тартып жатып, колонкалар неге барылдап тұр деп ойлап қоямын. Әйтеуір өз-өзімді солай жұбатып қоямын. Үрейі ұшқан адамдар бас сауғалап қашып барады, сондықтан мұны түсіруге тиіс екенімді түсініп тұрдым" деді. Беккер кәсіби камерамен түсірген, соның арқасында біз оның өзі көрмеген детальдарды көреміз. Ол "Мен жерде жатқан адамдардың сұлбасын ғана байқадым" дейді. Қандай сұмдық болғанын түсірген суреттерді қарап шыққаннан кейін ғана түсіне бастаған. "Басымды қандай қатерге тіккенімді сол кезде ғана ұқтым" дейді ол.
6
Мосулды ДАИШ экстремистерінен босату операциясы кезінде ирактық сарбаз бір ер адамнан денесінде жанкешті белдігі жоқ екенін көрсетуді талап етіп тұр. 4 наурыз 2017 жыл.
3 наурызда "Рейтерс" агенттігінің фотографы Горан Томашевич ДАИШ содырлары бекініп алған аудандарды аралап жүрген Ирак сарбаздарының жанында жүріп мерт бола жаздаған. Күтпеген жерден атыс басталып, Томашевичтің жанында тұрған сарбаз оққа ұшқан. Фотограф өзге сарбаздармен бірге қашып кірген үйді снайпер атқылаған. Ертеңінде тәжірибелі әскери фотограф жаңа заман соғысына тән мына көріністі көрген.
7
Германиялық нацистердің Совет Одағына басып кіруіне 76 жыл толуына орай Мәскеуде өткен қаралы жиын кезінде Ресей президенті Владимир Путин Белгісіз солдат қабірі алдында қалың нөсердің астында тұр. 22 маусым 2017 жыл.
Алексей Дружинин 22 маусым күні таңертең Мәскеуде күн салқын әрі ауа райы құбылмалы болды деп еске алады. Фотограф "Мәңгілік алау" басына жеткенде аспан шайдай ашылған. Бірақ президент бастаған делегация гүлдестеге жақындаған сәтте жаңбыр шелектеп құйып кеткен. Автор Азаттықтың Орыс қызметіне Мессенджер арқылы жұрттың әлгі фотосуреттегі қолшатырсыз Путинді қызу талқылағанын айтқан. Кейінірек Путиннен "Қолшатырдан неге бас тарттыңыз?" деп сұрағанда, әрдайым өзін "мықты адам" етіп көрсететін ол: "Еріп кететін қант емеспін ғой" деп жауап берген.
8
Мәскеуде біреулер бетіне көкдәрі (зеленка) шашып жіберген ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. 27 сәуір 2017 жыл.
Биыл екінші рет бетіне көкдәрі шашып жіберу оқиғасынан соң Алексей Навальный Twitter желісінде "Түрім күлкілі көрінеді, бірақ көзім удай ашып барады" деп жазған болатын. Евгений Фельдман әлгі фотоны Навальный ауруханадан шыққан кезде түсірген. Азаттықтың Орыс қызметіне Скайп арқылы берген сұхбатында ол "алдыңғы екі ай бойы Ресейді аралаған кезімізде бізге талай шабуыл жасап, көкдәрі де, сия да шашқан, талай жұмыртқа да лақтырған“ дейді.
Фельдманның сөзінше, Навальный күзетшілері мен штаб мүшелеріне ренжігенімен, ашуы тез тараған. Көкдәрі оң жанарын күйдіріп кеткен Навальный фотоға түскен соң YouTube-тегі тікелей эфиріне бет алған. Бұдан кейін Навальныйға шабуыл жасалмаған. Фельдман шабуылдаушылар "әрекеттерінен түк шықпайтынын, саясаткерді азап шегуші етіп көрсететіндерін“ түсінді деп санайды.
9
Украинаның Жоғарғы Рада отырысы кезінде депутат Надежда Савченко әдепсіз қылық көрсетіп тұр. 22 маусым 2017 жыл.
Ресей түрмесінде отырған кезде украиналық әскери Надежда Савченко Мәскеудің агрессиясына қарсы ұлттық символға айналды. Кезінде оның Ресей сотын мазақтап, ортаңғы саусағын көрсеткен қылығы көпшілікке мәлім болған. Ал Украинаның азды-көпті еркін парламентіндегі қылығы оны даңққа бөлеген жоқ.
Савченко Украинаға салтанатпен оралғанына бір жыл өткен кезде фотограф Владислав Мусиенко 22 маусымда парламент отырыстарын суретке тартып жүрген. Еліне оралған соң беделі түсіп кеткен Савченкоға украиналықтардың қалай қарайтыны жайлы Мусиенко ештеңе айтпады. Бірақ ол "әлгі сурет парламентте өзіңді бұлай ұстауға болмайтынын көрсететін фото деп санаймын" дейді.
10
Қазақстандағы Алтынемел ұлттық паркіне қарасты Айқайқұмдағы боран. 30 сәуір 2017 жыл.
Қазақстандағы әйгілі Әнші шағылды көру үшін Алеся Осадчая Мәскеуден арнайы барған, бірақ ол барған күні құмды боран басталып кеткен. Азаттықтың Орыс қызметімен телефон арқылы сөйлескен Мәскеу ветеринарлық академиясында сабақ беретін әуесқой фотограф ұйтқыған жел "биіктігі 20 метр болатын төбеден құм саулатып жіберді" дейді. Сол күнгі желдің күштілігі соншалықты табиғи саябақтың қарауылы туристер шықса, қауіпті болмас па екен деп құмды қыратқа әуелі өзі шығып көруді ұйғарған. Ол кісі шағыл құмнан түсіп келе жатқанда ұйтқыған құйынның ортасында қалып қойған. Осадчаяның фотосуретінде әлгі сәт түсірілген. Сол күнгі ерекше ауа райы мен әдемі шағылды бейнелейтін екі сурет National Geographic журналы жариялаған "Жыл фотосуреті" конкурсының финалына қатар өткен.
2017 жылдың тарихи суреттері
Back to top
XS
SM
MD
LG