Accessibility links

АҚШ-тың аты аңыз президенті үлкен Джордж Буш қайтыс болды


Үлкен Джордж Буш
Үлкен Джордж Буш

АҚШ-тың 41-президенті үлкен Джордж Буш 94 жасында өмірден өтті. Ол 20 ғасырдың ең шешуші кезеңінде – Совет одағы құлап, "темір перденің" іргесі сөгілген тұста, 1989-1993 жылдар аралығында АҚШ-ты басқарған. Азаттық радиосы оның өмірі мен қалдырған мұрасын шолып шықты.

"Жоғары моральдық принциптерді ұстанбайынша, Америка өзімен-өзі бола алмайды. Бүгінде халқымыздың алдында ұлттың – мейірімді, ал әлемнің бауырмал бейнесін қалыптастыру мақсаты тұр. Достарым, осы іске кірісуіміз керек".

1989 жылы инаугурация салтанатында осылай деп қызметке кіріскен Джордж Буштың президенттік мерзімі қырғиқабақ соғыстың аяқталған кезімен тұспа-тұс келді.

Ол бір мерзім АҚШ президенті болған тұста "темір перде" алынып, Совет одағы құлады. Сөйтіп, АҚШ-тың әлемде жеке-дара үстемдік еткен кезеңі басталды.

Буш Иракқа соғыс ашып, онысы кейін Парсы шығанағындағы "бірінші соғыс" деген атқа ие болды. Одан соң Ресеймен стратегиялық әріптестік орнатып, соның арқасында Мәскеу ядролық қару қорын біршама азайтты.

Джордж Буш пен Михаил Горбачев ядролық бағдарлама жөніндегі келісімге қол қойған сәт. 31 шілде 1991 жыл.
Джордж Буш пен Михаил Горбачев ядролық бағдарлама жөніндегі келісімге қол қойған сәт. 31 шілде 1991 жыл.

Оның президенттіктен өзге жетістіктері өз алдына бір төбе. Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, Орталық барлау басқармасының басшысы, екі мерзім АҚШ вице-президенті, БҰҰ-дағы және Қытайдағы елші, президенттің әкесі және брокколиді суқаны сүймейтін адам ретінде танылған. Бұған қоса, үлкен Джордж Буш АҚШ-тың ең ұзақ жасаған экс-президенті атанды.

Ол 1924 жылы Массачусетсте белгілі банкир әрі сенатор Прескотт Буштың отбасында дүниеге келген.

Әулеттегі саясаткерлік дәстүрді жалғастырған ол Рональд Рейганның билігі тұсында екі мерзім вице-президент болып, кейін өзі президенттікке сайланған. Содан кейін бір ұлы (кіші Джордж Буш) президент болып сайланып, бұл қызметті екі мерзім атқарды. Екінші ұлы Джеб Буш екі мерзім қатарынан Флорида штатының губернаторы болды, алайда оның 2016 жылы Республикалық партия атынан президенттікке түспек болған әрекеті нәтиже бермеді.


Элиталы мектепте білім алған Джордж Буш 1942 жылы АҚШ-тың Әскери-теңіз флоты құрамына қабылданған. 18 жастағы ол флоттағы ең жас ұшқыш болса да, Тынық мұхит майданында 58 рет бомбалаушы ұшақпен әскери операцияға қатысқан. 1944 жылы сол миссиялардың бірінде олардың эскадрильясын жапондар атқылап, өртке оранған ұшақтан бомба тастап үлгерген Буш ұшақ тасығыш алып кемеге қона алмай, суға құлаған. Төрт сағат теңізде жүзген оны кейін басқалар құтқарып алған. Ержүректігінің арқасында үлкен Джордж Буш "Ұшқан крест" сыйлығымен марапатталған.

Әскери борышын өтеген соң Джорд Буш Йель университетіне оқуға түсіп, оны бітіріп шығады. 1945 жылы Барбара Пирске үйленіп, Техаста мұнай бизнесін бастаған. Арада жиырма жыл өткенде ғана ол саясатқа араласады.

АҚШ сенаты сайлауына қатысушы кандидат Джордж Буш. Техас, 15 қыркүйек 1964 жыл.
АҚШ сенаты сайлауына қатысушы кандидат Джордж Буш. Техас, 15 қыркүйек 1964 жыл.

​Cенат сайлауында екі рет жеңілген Джордж Буш кейін Өкілдер палатасы сайлауына түсіп, жеңіп шығады. Көп ұзамай Бушқа президент Ричард Никсонның назары ауып, оны АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі етіп тағайындайды. Уотергейт жанжалынан кейін Никсонның орнына келген президент Джеральд Форд Джордж Бушты Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры қызметіне тағайындайды.

1980 жылы президент сайлауына түспек болған Джордж Буш Республикалық партия ішіндегі додада Рональд Рейганнан жеңіледі. Науқан кезінде Буш Рейганның бюджет саясатына қатысты ұстанымын өткір сынап, оның жоспарын "вуду экономикасы" деп келемеж қылған. Соған қарамастан, Рейган оны вице-президент рөліне лайық көріп, екеуі сайлауда демократ Джимми Картерді жеңіп шығады. Сөйтіп олар Ақ үйде екі мерзім қатарынан билік құрады.

1988 жылғы президент сайлауында Джордж Буш "либерал" сөзін төменсіткені сонша, оны тіпті ауызға алмауға тырысатын. Ол либерал қарсыластарын "L-word" деп кемсітетін. Сондай-ақ, ол "Естеріңізде болсын, ешқандай жаңа салық енгізбеймін" деп уәде беріп, кейін ол сөзінде тұра алмады.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Джордж Буш (сол жақта). Нью-Йорк, 5 желтоқсан 1971 жыл.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Джордж Буш (сол жақта). Нью-Йорк, 5 желтоқсан 1971 жыл.

​Президент болған кезінде Буш сыртқы саясатқа, соның ішінде құлдырап бара жатқан СССР-ға ерекше көңіл бөлді. Совет одағының күні біткенін түсінген ол 40 жылға созылған қырғиқабақ соғыстан кейінгі жаңа дәуірге жол салып, бағдар берді.

- Тоталитарлық заман өтіп барады. Оның ескі идеялары қураған кәрі ағаштың жапырақтарындай желмен ұшты. Жаңа самал соқты, еркіндіктен қуат алған ұлт алға жылжуға дайын тұр. Жаңа белестерді бағындырып, жаңа әрекетті бастауымыз керек, - деді ол инаугурация кезінде.

Ақырында Совет одағы ыдырап, Буш өзі "әлемдік жаңа тәртіп" деп атаған ережені қалыптастырды. Ол бұрынғы коммунистік режим елдерінде Батыс стиліндегі демократияны орнықтырып, оларды әлемдік экономикаға интеграциялауға үлес қосты.

Халықаралық салада жолы болса да, ел ішіндегі мәселелер Буштың екінші рет сайлануына мүмкіндік бермеді. Соның ішінде басты түйткіл – оның бюджет дефицитін азайту үшін салықты арттыру туралы 1990 жылы қабылдаған шешімі еді. Сайланар алдында ол Республикалық партияның жалпыұлттық жиынында салықты көбейтпеймін деп уәде берген болатын. Бұл оны қолдағандардың көбінің көңілін қалдырды. Сөйтіп, 1992 жылғы сайлауда ол демократ Билл Клинтоннан жеңілді.

Үлкен Джордж Буш (сол жақта) пен кіші Джордж Буш (оң жақта) қол алысып отыр. Техас, 23 сәуір 2013 жыл.
Үлкен Джордж Буш (сол жақта) пен кіші Джордж Буш (оң жақта) қол алысып отыр. Техас, 23 сәуір 2013 жыл.

Ақ үйден кеткен соң Буш саясаттан іргесін аулақ салғанымен, қоғамдық белсенділігін жалғастыра берді. Бұрынғы қарсыласы Билл Клинтон екеуі әлеуметтік және мәдени мәселелерді шешуге қатысып, шетелдерде ізгі ниет елшісі қызметтерін атқарды. Бәсекелес партиялардың атынан сайланған экс-президенттер 2004 жылы цунамиден зардап шеккендерге, 2005 жылы АҚШ-тың оңтүстігін шарпыған "Катрина" дауылы кесірінен панасыз қалғандарға жылу жинауға көмектесті.

Буш Паркинсон ауруының бір түрі – қантамыр паркинсонизмі дертіне шалдығып, 2012 жылдан бері моторлы скутермен және мүгедек арбасымен жүрді.

Үлкен Джорд Буш Барбара Буштың жерлеу рәсімінде отыр. 21 сәуір 2018 жыл.
Үлкен Джорд Буш Барбара Буштың жерлеу рәсімінде отыр. 21 сәуір 2018 жыл.

Үлкен Джордж Буш зайыбы Барбарамен 73 жыл бірге өмір сүрді. Бұл – АҚШ-тың президент әулетіндегі ең ұзақ отасқан жұп. АҚШ тарихындағы ең әйгілі бірінші ханымдардың бірі саналған Барбара Буш 2018 жылғы сәуірде дүние салды.

Қарттық меңдеп, денсаулығы нашарласа да, ол батыл әрекеттер жасады. Зейнетке шыққан соң ол 75, 80 және 90 жасқа толғанда әуеден парашютпен секірді.

Соңғы рет ол 2014 жылы Мэн штатындағы Кеннебанкпорттағы өзі жақсы көретін үйінің қасында тандем болып парашютпен секіріп, 90 жасқа толған мерейтойын атап өтті және бұл туралы Twitter әлеуметтік желісінде пост жазған еді.

XS
SM
MD
LG