Қабардин жылқысының күші мен шыдамдылығы аңызға айналған. 1800 жылдары Солтүстік Кавказда империялық Ресей әскеріне төтеп берген черкес жауынгерлері осы аттарға мініп соғысқан.
Алайда 1991 жылы Совет одағы тараған соң бұл жануар көзден таса болған. Дегенмен селекционерлер мен жануарлар статистикасын жинаушылар қабардин жылқыларының қайта түлеп, батыстағы жылқы фермаларында көбейіп жатқанын айтады.
Қабардин жылқыларын өсіріп, бәйгеге баптаған атбегі Павел Кравчуктың айтуынша, Совет одағы мен Ресейдің жылқы өсіру бағдарламалары күйреген тұста жануар лек-легімен Италия сияқты елдерге жөнелтілді. Олар негізінен етке, соның ішінде шұжық жасауға пайдаланды.
"Совет одағы құлаған соң Ресейдің мал фермалары жылқыны өсіріп-батпауға, малшылардың жалақысына ақшалары болмай қалды" деді ол.
Қабардин жылқысы – тұрқы орта, мығым денелі, қара, күрең не сұр түсті жануар. Оларды Солтүстік Кавказдың таулы аудандарында тұратын черкес тайпалары 1500 жылдары қолға үйреткен.
18-19 ғасырларда Кавказға бақылау орнатқысы келген Ресей империясы әскерімен соғыста, жіңішке тау жолдарына және суық температурадағы ептілігінің арқасында, жылқының бұл түрі черкестерге таптырмас көлік болған.
Патша армиясы қабардин жылқыларын талай әскери шабуылға пайдаланған, империяның шекарасын оңтүстік пен шығысқа қарай жылжытуға үлес қосқан казак әскері де осы жануарға көп арқа сүйеген.
Сұлулығы аңызға айналған қабардин жылқыларының Совет одағы құлаған соң жойылуға шақ қалуы атбегілерді қатты алаңдатты.
Кравчукпен бірге Еуропада қабардин жылқысын қайта түлету науқанын жүргізген неміс селекционері Тобиас Кноллдың айтуынша, бұрындары бұл жылқының Кавказдағы саны 100 мыңнан асқан.
Алайда 1990 жылдардың басында Қабардин-Балқар республикасында жүздеген бие ғана тіркелген.
Кнолл 1996 жылы Баварияда жалғыз қабардин сәйгүлігін көріп, оны ұнатып қалғанын айтады. Кейін бұл жылқының сирек түрі екенін естіп, оны Мюнхеннен солтүстік-шығыста жатқан фермасында өсіріп, үйір жасауды ұйғарған.
"Әлемде жылқының жүздеген түрі тұрғанда, тағы бір түрін сақтаудың қандай қажеттілігі болды деп сұрар. Бұл жылқыда басқаларында жоқ бір ерекшелік бар, мұны сақтау керек" дейді ол.
Кнолл сияқты басқа да селекционерлер жылқыны өз беттерімен өсіріп жатыр. Бұл Германияда қабардин жылқысына қызығушылықты арттырып, қазір оның мұндағы саны 400-ге жетті. Германияда бұл жылқыны көбіне мініске, туризмге және бәйгеге пайдаланады.
Қабардин жылқысын өсіріп, баптап жатқан атбегілер сәйгүліктерін жиі жарыстырып бабын байқап отырады. Үлкен бәйгелерде бұл жылқылар араб аттарымен бәйгеге түседі.
Павел Кравчук 2000 жылдардың басында Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы қабардин жылқысын үйрететін атбегілерге Польшаның Краков қаласының маңынан ат баптайтын орын ашуға көмектескен. Олар әкелген аттарын дайындап, Еуропа мен Таяу Шығыстағы 160 километрге дейін созылатын аламан жарыстарға қосып жүр. Қазір Полшада 70-100 қабардин жылқысы бар.
"Жүйріктігінің арқасында сәйгүліктің бұл түрі бүкіл Еуропаға танылып, Австрия, Чехия, Франция, Венгрия, Словакия, Испания және Швейцария сияқты елдерде шағын үйірлері қалыптаса бастады" дейді неміс селекционері Тобиас Кнолл.
Селекционерлер қабардин жылқысы өз отаны – Грузиямен шекараласатын шағын ғана таулы аймақ Қабардин-Балқарияда көбейер деп үміттенеді. Өзен-көлге бай бұл жасыл өлкеде 500 мыңға жуық адам тұрады.
Совет одағы ыдыраған соң Кавказ аймағын конфликт пен тұрақсыздық жайлады. Ресейдің оңтүстігіндегі республикалар мен Мәскеу арасындағы ескі текетірес қайта оянды.
"Бұл жануар – бостандығымыздың айрықша символы. Қабардин жылқысы – болмысымыздың бір бөлігі және ол ғасырлар бойы черкестердің тарихында маңызды рөл ойнаған" дейді кавказдық саяси сарапшы Ислам Текушев.
Аз ғана селекционердің арқасында сәйгүлік өсіру соңғы бірер жылда Қабардин-Балқарияда қайта қолға алына бастады.
Кравчуктың айтуынша, бұл аймақтағы олигархтар мен бизнесмендер де бұл жылқыны өсіруді қолға алған. Олардың қолында жүздеген қабардин жылқысы бар.
Неміс селекционері Тобиас Кноллдың айтуынша, қазір бүкіл Кавказ аймағында шамамен 10-12 мың қабардин жылқысы бар.
"Бұл тұқымды Еуропада сақтай алмаймыз. Cондықтан Кавказ аймағында– өз отанында өсіп-өнуі керек" дейді ол.
ПІКІРЛЕР