Accessibility links

Трамп пен Мирзияев қандай мәселелерді талқыламақ?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Мамырдың 16-сы күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыртуымен алғаш рет Ақ үйге ресми сапармен бармақ. Екі ел президенттері кездесуде адам құқығы мәселелерін, Орталық Азиядағы Қытай мен Ресей әрекеттерін сөз етеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті елдегі экономикалық реформалар мен адам құқығын жақсартуды жалғастыра беруге үгіттемек. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілдері айтты.

Ақ үй жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің Орталық және Оңтүстік Азия жөніндегі өкілі Лиза Кертис "Мирзияев билікке келгелі Өзбекстан үлкен қадамдар жасағанын" айтты.

Оның сөзінше, Ақ үй өкілдері Мирзияевтен елдегі ұзақ уақыттан бері қордаланған адам құқықтары, еркінен тыс жұмысқа жегу, дін және сөз бостандығы мәселелерін шешуді сұрайды.

"Бұл сапар - Мирзияев жасап жатқан реформаларды кеңейту үлкен мүмкіндік" деді Кертис мамырдың 14-і күні Атлант кеңесінің кездесуінде.

Мирзияевпен бірге АҚШ-қа бизнесмендер мен шенеуніктер келеді. Екі ел төрт миллиард доллардың келісім-шартына қол қояды.

Кертистің айтуынша, "Мирзияевпен бірге АҚШ-қа бизнесмендер мен шенеуніктер келеді. Екі ел төрт миллиард доллардың келісім-шартына қол қояды".

"Кездесуде екі ел президенттері Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы әрекеттерін де талқылайды. Ауғанстандағы мәселелерді шешу жолдарын сөз етеді" деді Кертис.

Ал америка-өзбек сауда палатасының төрайымы Кэролин Лэмм “Узбекистан 24” телеарнасына берген сұхбатында екі елдің мұнай-газ және түрлі-түсті металлургия бойынша әріптестік орнатуға мүдделі екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы өзгерістер "жылымықты" білдіре ме?

Трамп пен Мирзияев мамырдың 16-ы күні Вашингтонда кездеседі. Мирзияевтің АҚШ-қа сапары алдында Ташкент Өзбекстанда және елден тысқары жерлерде еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысқан белсенді Фахриддин Тилляевті түрмеден босатты. Тилляев 2014 жылы "адам саудалады" деген айыппен 11 жылға сотталған еді. Белсенді бұл істе "саяси астар бар" деген.

Дональд Трамп.
Дональд Трамп.

Өзбекстанда 2016 жылы президент Ислам Каримов қайтыс болып, орнына Шавкат Мирзияев келгелі бірнеше саяси тұтқын бостандыққа шығып, шетте кеткендер елге орала бастады. Өзбекстан президенті елге шетелдік инвесторларды тартып, "тұралап қалған ел экономикасын дамыту үшін" бірнеше реформа қабылдады.

Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы АҚШ президенті Дональд Трампты Өзбекстан басшысымен болатын кездесуде адам құқығына қатысты реформаларды жалғастырып, тереңдету туралы үгіттеуге шақырды.

АҚШ президентіне жолданған хатта құқық қорғау ұйымы өкілдері "Мирзияевтің Ақ үйге алғашқы сапары сіз үшін Өзбекстанды ұзақ уақыт бойы кейінге шегеріліп келген адам құқығы реформаларын жасауға ынталандыру бойынша маңызды мүмкіндік болмақ” деп жазған.

Мирзияев билікке келгелі Каримов билігі кезінен елдегі күштік құрылымдарды басқарып келгендерді орнынан алған. Сарапшылар Мирзияевтің бұл істерін "билігін күшейту әрекеті" дейді.

Оқи отырыңыз: "Мирзияев өз олигархтары командасын құрады"

Адам құқығы жөніндегі халықаралық Human Rights Watch ұйымы наурыздың 24-і күні жариялаған есебінде Өзбекстанда елдегі жағдайды сынағандар, саяси тұтқындар мен журналистердің біразы әлі қамауда отырғанын жазған.

Трамп пен Мирзяев ең алғаш рет 2017 жылы мамыр айында Эр-Риядта өткен араб-мұсылман елдері және АҚШ арасындағы саммит барысында кездескен.


Мирзяев өткен жылы күзде Нью-Йоркке сапарында бірқатар американдық компаниялармен кездесіп, екіжақты бизнес-форумға қатысқан. Форумның нәтижесінде АҚШ компанияларымен жалпы құны 2,6 миллиард доллар болатын мұнай-газ, мұнай-химия, машинақұрылыс, электротехника өнеркәсібі және азаматтық авиация саласына қатысты құжаттарға қол қойылған.

XS
SM
MD
LG