БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун өткен аптада Орталық Азиядағы бес елді – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанды бес күнде аралап шықты. Ол адам құқығы мәселесінде Орталық Азиядағы бес елдің ішіндегі адам құқықтарын сақтау көрсеткіштері ең төмен мемлекет саналатын Түркіменстанды сынады. Ең өкініштісі, Түркіменстанда да, жалпы Орталық Азияда да оның бұл пікірі жұрттың құлағына жеткен жоқ.
ТҮРКІМЕНСТАН МЕН ДЕМОКРАТИЯ
Пан Ги Мун маусымның 13-інде Ашғабадта студенттердің алдында сөз сөйлеп, «адам құқықтарының кейбір көрсеткіштері төмендеп, демократиялық кеңістік тарылды» деп алаңдаған пікір естігенін айтты.
«Көшеде наразылық шеруі болмауы мүмкін. Бірақ еркін пікір білдіруге тыйым салынса, қоғам түбірінен шіруі ықтимал, ал бұл экстремистік идеологиялардың белең алуына мүмкіндік береді. Адам құқықтарының қорғалмауы, халыққа есеп беретін үкіметтің құрылмауы, жұртшылықтың саяси белсенділігінің төмен болуы, барлығына бірдей тең мүмкіндіктердің берілмеуі қоғамның алшақтауына алып келуі мүмкін. Алшақтық артқан сайын экстремизмге кең жол ашылады. Аймақта бұл құбылыстың жайылып келе жатқанын байқаймын. Бұл жайт мені қатты толғандырады» деді БҰҰ бас хатшысы.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен кездесуінде Пан Ги Мун Ашғабаттан адам құқықтарының ахуалын жақсартуда нақты қадамдар жасауды сұрап, түркімен түрмелеріне тәуелсіз сарапшылардың кіруіне рұқсат беруді өтінген. Ол «БАҚ саласындағы плюрализм, пікір білдіру еркіндігі және ақпарат алу, соның ішінде әлеуметтік медиа арқылы ақпарат алу мүмкіндігін арттыру» мәселелерін қозғап, «азаматтық қоғам дамыса, ұлт та дамиды» деп мәлімдеген. БҰҰ бас хатшысы Түркіменстан үкіметіне «жаңа бас көтеріп келе жатқан азаматтық қоғаммен әріптестікті нығайту» жөнінде кеңес берген.
Мұндай сөздерді кез келген түркімен азаматы дүйім жұртқа айтар болса, табан астында түрмеге жабылары анық. Түркіменстанда интернетке санаулы ғана адам қосылғанын, мұнда шынайы азаматтық қоғамның еш белгісі жоқ екенін айта кету керек.
Бірақ Пан Ги Мун Орталық Азиядағы адам құқықтарын қорғаушы белсенділер естігісі келген сөзді айтты.
ОШ ПЕН ӘНДІЖАН
Ең өкініштісі, БҰҰ бас хатшысының бұл баяндамасы тікелей эфирден көрсетілген жоқ, ал жергілікті ақпарат құралдары оның сөздерінің тонын теріс айналдырып берді.
Түркіменстаның мемлекеттік телеарнасы Пан Ги Мунның сапары жайлы хабарда «Түркіменстан демократия институттарын нығайту, гендерлік теңдікке қол жеткізу, ғаламдық жылынудың салдарын жою мәселелері бойынша БҰҰ-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр» деп қана хабарлады. Жергілікті телеарна Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Пан Ги Мун Ауғанстан мәселесін, «энергия ресурстарын әлемдік нарыққа тасымалдаудың сенімді де тұрақты транзит жолын талқыға салды» деп хабарлады. Энергоресурстар тасымалы – түркімен президентінің халықаралық деңгейдегі барлық тұғалармен кездесуінде көп айтылатын тақырып.
Өзбекстанда да осыған ұқсас жағдай болды. БҰҰ бас хатшысы президент Ислам Каримовті мақта алқаптарына халықты күштеп жегуді тоқтатып, түрмелердегі ахуалды жақсартуға шақырған. Ал жергілікті ақпарат құралдары Ислам Каримов пен Пан Ги Мунның «Ауғанстандағы қауіпсіздік, радикалдану, қақтығыс және қантөгіс мәселелерін, тартылып бара жатқан Арал теңізінің жайын талқылады» деп хабарлады.
Бір қызығы, Өзбекстанның «Бірінші арнасы» Пан Ги Мунның Қырғызстанға барған кезінде өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығыстың бес жылдығына байланысты Ош қаласына аялдағанын сөз етті. Өзбек теларнасы Ислам Каримовтың Пан Ги Мун Ошта айтқан сөзбен – «Бұл мәселе әлі толық шешіліп біткен жоқ. Адам қанын төккендер де, оларға бұйрық бергендер де әлі толық анықталып, лайықты жазасын алған жоқ. Олар жазалануы тиіс» деген пікірімен – келісетінін айтты.
Алайда Әндіжан оқиғасы туралы сөз болған жоқ.
Ал Өзбекстан үкіметінің ресми веб-сайтында Пан Ги Мунның «Өзбекстанды заң үстемдігін нығайтып, адам құқықтарын қорғауда, ана мен балаға қамқорлық жасауда, білім беру жүйесін жетілдіруде жеткен жетістіктерін айтып мақтағаны» хабарланған.
Орталық Азияға барып, ол аймақтағы сөз бостандығы, адам құқықтары мәселелерін ашық айтатын тұлғалар көп. Алайда жергілікті ақпарат құралдары «шетелдік қонақтар ел үкіметінің саясатын қолдайды» деген сыңайда біржақты хабар береді. БҰҰ бас хатшысының бұл жолғы сапары шет мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінің пікірлері Орталық Азия тұрғындарының құлағына жетуі қиын екенін тағы да дәлелдеді.
Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.