Accessibility links

2064 жылы не болады?


Фантаст-жазушы Айзек Азимов.
Фантаст-жазушы Айзек Азимов.

1964 жылы фантаст-жазушы Айзек Азимов «50 жылдан соң әлем қалай өзгереді?» деген сауалға жауап іздеп, 2014 жылға көріпкелдік жасайды. Оның сымсыз құралдар сияқты көптеген болжамдары қазір шындыққа айналды. Ал 2064 жылы не болады?

Азимовтің ұшатын автокөліктер мен жер асты қалалары тәрізді жорамалдары әлі де қиялдың жемісі тәрізді. 2014 жылдың басында Азаттық тілшісі футуролог Ян Пирсонға жолығып, 2064 жылға шолу жасауды өтінді.

АЗИМОВ ЖӘНЕ ПИРСОН

«Мен роботпын», «Мәңгіліктің ақыры» сияқты ғылыми фантастикалық туындылардың авторы Айзек Азимов 1964 жылы Нью-Йорктегі дүниежүзілік көрмеге қатысады. Көрме 20-ғасырдың басындағы электрлік құрал-жабдықтарға арналды. Осыдан кейін Азимов «50 жылдан кейін адамзат дамуында қандай өзгерістер болады?» деген сауал төңірегінде ойланып, «2014 жылғы дүниежүзілік көрмеге шолу» атты эссе жазады.

Фантаст-жазушы Айзек Азимов.
Фантаст-жазушы Айзек Азимов.
3D-фильмдер, сымсыз тұрмыстық жабдықтар, жүргізушісіз жүретін көліктер, бейнелік экран арқылы қоңырау шалып, кітап оқу, құжат қарау сияқты жорамалдары шынымен жүзеге асты.

Алайда әлі де қиял қалпында қалған болжамдары да бар. Азимов «2014 жылы адамдардың көбі жердің беткі қабатын ауыл шаруашылығына пайдалану үшін жер астында немесе суда тіршілік етеді. Ал роботтар бау-бақшаны күтіп-бағады» деген еді. Ол «ұшып жүретін автокөліктер жасалады» деген де болжам айтқан.

Британдық инженер әрі футуролог, доктор Ян Пирсон Азимов стиліндегі өз болжамын ұсынады.

ТҰРҒЫН ҮЙ

Азимов 2014 жылы адамзат саны өсіп, жердің немесе судың астын мекендей бастайды деп болжады. Ал «адамдар көбейіп, урбанизация нәтижесінде мегаполистердегі тұрғындар саны 50 миллионға жетеді» деген Пирсон болашақтың басқа үлгісін ұсынады.

- Адамдар биіктігі бір шақырымға жететін өте биік зәулім үйлер тұрғызады. Қазір ондай үйлерді сала алмаймыз, оған төтеп беретін мықты материалдар жоқ. Бірақ 2050-2060 жылдары көміртегінен алынған графен сияқты қосындылар пайда болады. Олар өте арзан, бірақ өте мықты ғимараттар тұрғызуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

ГАДЖЕТТЕР

Азимов «2014 жылы ас әзірлеу, жұмыртқа араластырып, ет қуыру сияқты адамды зеріктіретін жұмыстарды шағын құрылғылар (гаджеттер) атқарады» деген жорамал жазған еді. Бірақ 2014 жылы гаджеттер көбінесе асүйдегі аспаптан гөрі байланыс құралдарында көп қолданылатын болды.

Пирсонның пікірінше, «Олардың көлемі барған сайын кішірейе береді, тіпті өте кішкентай болатыны соншалық, терминнің өзі мағынасын жоғалтады. Адамдар мұрынға тағатын пирсингке немесе сырғаның ілмегіне цифрлық құрылғыны әшекей бұйым ретінде орнатады, ол барлық байланыс қызметін атқарады».

- Барлық ақпараттық технология жетістігі кішкентай құрылғыға орнатылады. Асыл тастың кез келген бөлшегі барлық ақпараттық технологияны алмастыра алады. Дисплей сіздің контактілік линзаңызға немесе күнқағарыңызға салынуы мүмкін. Оларды 3D кеңістікте басқара аласыз. Солайша, адам ешқандай құрылғыны тасып жүрмейді, қолға алып қарамайды. Олай етудің қажеті болмайды, - дейді ол.

РОБОТТАР

Футуролог Ян Пирсон.
Футуролог Ян Пирсон.
«Мен роботпын» кітабының авторы Азимов роботтардың пайдасы мен зиянын қатар болжайды. Фантаст-жазушы ақылды роботтардан пайда көру немесе зиян шегу адамдардың өзіне байланысты екенін ескертеді.

Ал Пирсон робот-техниканың болашағы зор екенін айтады: «оларға жасанды ақыл-ой орнатуға, роботтардың аяқ-қолдарын епті етіп жасауға мүмкіндік беретін материалдар жетіліп келеді». Оның ойынша, болашақтың роботы өте күрделі механизм болмақ және футуристік фильмдерден көретін металл машиналарға ұқсамайды.

- Олардың тетіктері мен дөңгелектері, сымдары көп болмайды, керісінше пластик қаңқаға полимер гельмен бекітілуі ықтимал. Сондықтан ғылыми-фантастикалық кинодағы роботтардай емес, адамға көбірек ұқсауы мүмкін, - дейді Пирсон.

ЭНЕРГИЯ

Азимов «2014 жылы ядролық синтез жасайтын электрлік станциялар қолданыла бастайды» деген болжам жасаған еді. Бірақ оның бұл жорамалы да, Аризона (АҚШ), Негев (Израильдің оңтүстігіндегі шөл) және Қазақстанда күннен қуат алатын станциялар салынады деген болжамы да жүзеге аспады.

Ал Пирсонның айтуынша, 2064 жылы осы екі қуат көзі негізгі энергия көзіне айналуы әбден мүмкін.

- 2064 жылы ядролық реакторлардан арзан энергия алу мүмкіндігі артады. Әркім армандаған утопиялық энергия ақиқатқа айналады. Техникалық кедергілерді жеңген соң күн сәулесінен энергия өндіру тиімді, арзан түсуі мүмкін. Энергияның басқа түрін өндірумен салыстырғанда қымбатқа түсетін мұнайдың көп бөлігі жер қойнауынан алынбай қалатын шығар, - дейді ол.

КӨЛІК

Азимов 2014 жылы автокөліктер жер бетінен бір метр биіктікте қалқи ұшып жүреді, «бір-біріне соғылмайды» деп болжаған. Пирсонның пікірінше, «2064 жылы электрондық көліктер болады, ал ұшатын көліктердің қажеттілігі шамалы».

- Электрондық автокөліктер бір-бірінен сантиметр немесе тіпті миллиметр қашықтықта соғыспай жүре алатын болады. Қазіргіге қарағанда көшеде автокөліктер 75 есе көп болуы мүмкін, - дейді Пирсон.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Болашақты бұрын қалай елестеткен?



СОҒЫС

Азимов өз эссесінде соғыс туралы болжам жасамайды, тек «егер термоядролық соғыс болса, болашақ туралы әңгіме айтудың өзі артық» деп ескертеді. Пирсон онымен келісе отырып, Таяу Шығыс немесе Азияда дүниежүзілік соғыстың басталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Батыста оңшыл және солшыл идеологтардың қақтығысы болуы да мүмкін». Оның айтуынша, технологияның жылдам дамуы нәтижесінде кейінгі соғыстардың зияны да орасан болады.

- Өте қорқынышты жағдай орнайды. Соғысқа арналған технологиялар жетерлік. Химиялық, ядролық және биологиялық қарулар – сұмдық дүниелер. Қазір нанотехнология арқылы адамдарды жойып жіберетін дүниелер жасалды. Келесі соғыстар расымен де орасан апат әкеледі, - дейді ол.

ОЙЫН-САУЫҚ

«2014 жылы адамдар 3D-фильмдер көру үшін үш сағат бойы кезекке тұрады» деген Азимов үй кинотеатрын да болжап кеткен. Ал Пирсон 2064 жылы да негізгі ойын-сауық түрі - кино, концерт, ойындар сияқты дәстүрлі қалпын сақтайды дейді. Бірақ футуролог пікірінше, ойын-сауықтың сипаты мүлде өзгереді.

- 2064 жылы сіз музыкалық туындыны ойласаңыз, ол басыңызда өзінен-өзі ойнап қоя береді! Ол қалай ойнап жатыр, қайдан келді деп бас қатырмайсыз. 2064 жылғы тағы бір көңіл көтеру түрі - өз түсіңді басқаның түсімен байланыстыру мүмкіндігі. Өзіңіз ойлаған заттың бейнесін көзге елестетіп, миға орната аласыз, ол басқа адамның көріп жатқан түсімен жалғасып кетеді, - дейді Пирсон.

ГЕНДЕРЛІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Гей-клубта боянып жатқан биші. Ресей, 2013 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)
Гей-клубта боянып жатқан биші. Ресей, 2013 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)
Азимовтың эссесінде гендерлік қарым-қатынас туралы ештеңе айтылмайды. Бірақ бұл тұрғыда үлкен өзгерістер басталып кеткенін ескерткен Пирсон «генетикалық өзгерістер арқасында ер немесе әйел деген түсінік түбірімен өзгереді» деп болжайды.

- Гендерлік қарым-қатынастың жаңа дәуірі басталады, күн сайын жынысыңды өзгерту мүмкін болады. Бірақ қазіргідей ер немесе әйел деген екі жыныс өкілі ғана болмайды. Мүлде жаңа жыныстар пайда болады, - дейді ол.

ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ ДАҒДАРЫС

Шынымен де көріпкелдік танытқан Азимов «2014 жылы психология басты медициналық мамандыққа айналады, автоматтық технология дамыған сайын адамдар зерігуден зардап шегеді» деген еді.

Ал Пирсон керісінше, «автоматтық технология адамдарды қара жұмыстан құтқарады, солайша шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндік болады» дейді. Дегенмен оның болжауынша, адамдар наразылық танытып, шағымдану «дәстүрін» ұмытпайды.

- Болашақта адамдар ең бір қуанышты сәтте қайғыға салынатын болады. Технология дамыған сайын адамдар өмірдің барлық ләззатын сезініп үлгермедім деп қорқатын жағдайға жетеді. Бұл қазірдің өзінде байқалады, адамдар шешімдерін «күйзеле отырып» қабылдайтын заманмен бетпе-бет келіп жатыр, - дейді Пирсон.

МӘҢГІЛІК ӨМІР

Азимов «технологияның арқасында адамдардың өмірін ұзарту мүмкіндігі туады, солайша жер бетінде демографиялық мәселе туындайды» деп болжады. Бірақ ол Пирсон сияқты «мәңгілік өмір» туралы айтпаған еді. Ал Пирсон «адамның денесі өмір сүруін тоқтатса да, ақыл-ойы жасанды денеге орнатылады немесе компьютер желісі ретінде ары қарай мәңгілік өмір сүре береді» дейді.
Бұны ол «электрондық мәңгілік өмір» деп атайды. Футуролог Ян Пирсон:

- 2050 жылдың соңына қарай сіздің ойыңыздың 90 пайызы өздігінен орындалатын болады. 2060 жылға қарай сізді жүк көлігі басып кетсе, оны қайғылы жағдай деп санамайтын боласыз. Себебі миыңыз желідегі жұмысын жалғастыра береді. Солайша жақын маңдағы андроид дүкенінен бір андроид сатып аласыз да, оған ақыл-ойыңызды жүктей саласыз, сосын ештеңе болмағандай өмір сүре бересіз. Тіпті өзіңіздің бірнеше көшірмеңізді жасап қойсаңыз болады. Бұл шын мәнінде адамзаттың болашағын өзгертетін құбылыс, - дейді.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG