Accessibility links

Малала - балалардың білім алуы үшін күресіп жүрген жас


Малала Юсуфзай. Нигерия, 14 шілде 2014 жыл.
Малала Юсуфзай. Нигерия, 14 шілде 2014 жыл.

Малала күні, яғни қыздардың білім алуы жолында күресіп жүрген пәкістандық жасөспірім қыз Малала Юсуфзайдың туған күні 14 шілдеде аталып өтті. Осы белсенділігі үшін содырлар 2012 жылы оған қастандық жасап, атып өлтірмек болған еді.

Азат Ауғанстан радиосының тілшісі 17 жасқа толған Малала Юсуфзаймен сұхбаттасып, оның БҰҰ-дағы «Ғаламдық білім беру – алғашқы бастама» жобасы туралы, әлемде мектепке бара алмай жүрген 58 миллион баланың атынан тындырып жатқан шаруалары туралы сұрады.

Азаттық: Сізге оқ атылғанда бүкіл әлем халқы есеңгіреп қалды. Содан бері сіз балалардың білім алуы үшін күресетін қозғалыстың аясында әлемнің түкпір-түкпірін шарлап жүрсіз. Осы сапарлар барысында сізді таңғалдырған не қатты шошытқан нәрсе болды ма?

Малала Юсуфзай: Жалғыз мен ғана шабуылға ұшыраған жоқпын. Мұндай шабуылдар әлемнің түкпір-түкпірінде күн сайын болып тұрады. Мұндай жағдай Сирияда, Палестинада, Иракта болып жатыр. Адамдар өмірлік миссияларын атқара жүріп неге жазықты болғандарын біле алмастан оққа ұшып жатыр. Йордания мен Сирияның шекарасында болғанымда Сириядан Йорданияға өтіп бара жатқан 50-60 қаралы кісіні көрдім. Бел қайысар жүкті арқалап, қайда жатып ұйықтарын білмей, саясында отырып тыныстап алар пана таба алмай үміті үзілген аналарды көрдім. Бірақ олар туған елдерінен гөрі өздері беттеген жатқан аймақта бейбіт өмір бар шығар деген үміттің жетегінде кетіп барады. Денесін жабатын лыпасы жоқ балаларды да көрдім. Олардың халі мүшкіл. Олардың көбі бірнеше күн қатарынан нәр татпаған. Осы көрініс мені қатты шошытты. «Әлемде не болып жатыр? Бұл адамдар неге үдере көшіп барады? Олардың жазығы не? Біз неге бұл адамдарды құтқару үшін үн қосып, дабыл қақпаймыз?» деп ойладым. Қазір олардың мәселесін көтеру өте маңызды. Біз олардың мәселесіне жұрттың назарын аудару үшін Twitter желісін де пайдаланып отырмыз. Бірақ бұл мәселелер тек екі-үш күн ғана күн тәртібінде тұрады да, кейін ұмытылып кетеді. Бұл мәселелерді күн құрғатпай айта беру керек. Бұл кісілерге бейбіт өмір керек дегенді қайта-қайта ескертуіміз қажет. Оларға үлкен машина, қымбат үй сияқты заттар керек емес. Олар бар болғаны бейбіт өмірді қалайды, өз үйлеріне қайта оралуды армандайды.

Малала күніне арналған видео

Азаттық: Әлемде балалардың білім алуын Малала қорының көмегімен насихаттауға қалай үлес қосып жүрсіз?

Малала Юсуфзай: Қордың құрылғанына бір жыл да болған жоқ, соған қарамастан біз көп нәрсе тындырдық. Сват аймағында (Пәкістанның солтүстігіндегі аймақ – ред.) жұмысқа жегілген не үй қызметші болып жұмыс істейтін балаларға қатысты жобамызды бастадық. Мұндай балаларға шәкіртақы төлеп, олардың мектепке баруына мүмкіндік береміз. Біз Йорданияға да бардық. Сириядағы босқындардың балаларына мектепке баруға көмектесіп жатырмыз. Сондай-ақ кедейліктің кесірінен білім ала алмай жүрген кениялық балаларға да көмек қолын создық.

Азаттық: Кітабыңызда Сват аймағын жақсы көретініңізді айтыпсыз. Жақын арада Сватқа қайтып бару ойыңыз жоқ па?

Малала Юсуфзай: Әлемнің қаншама жерінде болсам да, Сват сияқты сұлу жерді көрмедім. Сватқа қайтып барып, туып-өскен үйімді көргім

Пәкістанның Сват аймағындағы оқушылар. 23 қыркүйек 2013 жыл.
Пәкістанның Сват аймағындағы оқушылар. 23 қыркүйек 2013 жыл.

келеді. Өзімнің осы өңірден шыққанымды және пуштун болғанымды мақтан тұтамын. Құдай бұйыртса, бір күні Сватқа қайтып барармын деп үміттенемін.

Азаттық: Жұрттың бәрі білім алуы керек деген миссиямен түрлі өңірлерді тынбай аралап жүресіз. Қалай үлгересіз?

Малала Юсуфзай: Кеңсеге күн сайын барып тұруға тырысамын. Сабағымнан қалмаймын, үй тапсырмасын уақытында орындаймын, бірақ мен үшін басқа балалардың білім алуы да өте маңызды. Сондықтан кейде сабаққа баратын уақытымды өз миссиям үшін «құрбан» етемін. Мектепке бір күн бармағанымның арқасында жүздеген баланы оқуға жіберуім мүмкін ғой.

Азаттық: Әкеңіз туралы көп айтасыз. Кітабыңызда да ол кісіні көп сөз еткенсіз. Ал сіздің мұндай жетістікке жетуіңізге анаңыздың қосқан үлесі қандай?

Малала Юсуфзай: Анам менің және әкемнің өміріне көп үлес қосты. Әкем екеумізді жаппай білім беруге шақыратын науқанды бастағанымызды оң іс деп біледі. Анам – өте батыл адам. Ол білімге өте құштар. Қазір білім беру орталығына барып дәріс алып жүр. «Бұрынырақ білім алғанымда ғой» деп өкінгенімен, әлі де кеш емес деп есептейді.

Азаттық: Жұрт сізді жасына жетпей тым ерте есейген дейді. Қажырлы еңбегіңіз үшін сізді бүкіл әлем таниды, соның кесірінен балалалық шағыңыз құрбандыққа шалынды деп ойламайсыз ба?

Малала Юсуфзай: Сват аймағындағы өзім куә болған көріністер өмірімді түбірімен өзгертті. Мектепке бара алмай жүрген қыздарды, күн сайын жарылып жатқан бомбаларды көрдім, адамдардың өміріне күн сайын қауіп төніп тұрды. Осы оқиғалардың барлығы менің өмірімді басқа арнаға бұрды. Мен білім мен бейбітшілік үшін күресемін деп шештім және осы әрекетімді жалғастыра беремін. Алған сыйлықтарымның барлығы мен үшін қымбат. Осы миссияны атқаруыма қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысым шексіз. Менің балалық бақытым ойыншық пен қуыршақ та, әдемі киім де емес. Мен де басқа балалар сияқты армандаймын, бірақ менің арманым олардікінен өзгеше. Өмірлік мақсатым – әр баланың мектепке барып, білім алуы үшін күресу. Ал жеке өмірімді басқа балалар сияқты өткіземін, тіпті кейде бауырларыммен дауласып та аламын. Бірақ өмірлік мақсатыма жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшісі Малали Баширдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG