Accessibility links

Ресейлік Су-25 ұшағын қалай атып түсірген?


Сирияның Идлиб аймағында құлаған Су-25 ұшағының қалдығы. 3 ақпан 2018 жыл.
Сирияның Идлиб аймағында құлаған Су-25 ұшағының қалдығы. 3 ақпан 2018 жыл.

Ақпанның 3-і күні содырлар Сирияның Идлиб провинциясында ресейлік Су-25 әскери ұшағын атып түсірген еді. Ұшқыш, майор Роман Николаевич Филипов парашютпен секіріп, қарсыластың территориясына аман-есен түскенімен, атыс кезінде қаза тапқан. Су-25 шабуылдаушы ұшағы - Сирияда содырлар құлатқан және жерден атып түсірілген алғашқы ресейлік ұшақ.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, "ресейлік Су-25 шабуылдаушы ұшақты әуеден атып түсірген базаға "мүлт жібермейтін қарудан соққы" берілген. Бірақ бомбаланған базадан түсірілген кадрлар мен әлеуметтік желілерде сириялық белсенділер жариялаған видеолардан бомбалар мен хлор толтырылған бөшкелер тастап жатқанын көруге болады. Сарапшылар бұл бомбалауды "кек қайтару амалы" дейді.

Сарапшыларға Ресей әскери ведомствосының СУ-25 ұшағын атып түсіруге қатысты мәлімдемелерінің кей тұстары түініксіз көрінеді. Азаттықтың Орыс қызметі шабуылдаушы ұшақты атып түсірген соң екі күннен кейін Conflict Intelligence Team тәуелсіз зерттеушілер тобының сарапшысы Кирилл Михайловпен сұхбаттасты. Ол Су-25 ұшағын қалай атып түсіргенін және мерт болған ұшқыш Роман Филипов туралы айтып берді.

Азаттық: Ұшақты қай жерде атып түсірген?

Кирилл Михайлов: Ұшақты атып түсірген содырлар мен ұшақ құлаған жерге барып көрген сириялық белсенділердің айтуынша, бұл оқиға Серакаб қаласына жақын маңдағы Масеран елдімекені тұсында болған. Бұл қазір Сирия президенті Башар Асадтың қарсыластары - "біртоға оппозиция" саналатын "Сирия азаттық армиясынан" бастап "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы терроршыларына дейінгі қилы идеологияны ұстанатын топтардың бақылауындағы Идлиб провинциясы қалаларының бірі. Серакаб – провинцияның Асад күштері әлі бағындыра алмай отырған ең ірі қалаларының бірі. Қазір ол жаққа асадшыл күштер шабуылдап жатыр.

Азаттық: Ұшақты дәл қай топ атып түсірді? Шабуылдаған топты Түркия қолдайтыны рас па? Ресей қазір Сирияда Түркиямен ынтымақтасып отыр ғой. Мысалы, Африн кантонынан өзінің әскери бақылаушыларын шығарып, Анкараның ол жақта күрдтерге қарсы ауқымды әскери операция бастауына мүмкіндік берді. Бұған қоса, Ресей Түркия және Иранмен "деэскалация аймақтарын" құру жөнінде келіскен еді ғой?

Кирилл Михайлов: Ұшақтың құлаған сәті түсірілген алғашқы видеоларды "Сирия азаттық армиясы" туы астында соғысып жатқан "Жейшн ән-Наср" (Жеңіс армиясы) тобы жариялады. Бірақ жауапкершілікті бұл топ емес "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы мойнына алғаны іле-шала анықталды. Бұл - Әл-Каиданың Сириядағы бұрынғы филиалы "Жабхат ән-Нусра" тобы басқаратын жихадшылар мен исламшыл топтардың коалициясы. ДАИШ-тың соңғы жеңілістерінен кейін "Жабхат ән-Нусра" Идлиб провинциясы ғана емес, бүкіл Сириядағы ең мықты жихадшылар тобы болып тұр.

Бұл топ Ресейде де, АҚШ-та да ресми түрде террорлық ұйым деп танылған. Олар ұшақты атып түсірген жылжымалы зениттік зымыран кешені позициясына жақын маңнан түсірілген видео жариялады. Ұшқыштың құжаттары мен жеке заттарының фотоларын да солар жариялады. Сондықтан ұшақты атып түсірген "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы болуы керек.

Ал Түркияның рөліне қатысты бірдеңе деп айту қиын. Түркия Сирияда "терроризммен" күресіп жатқанын жиі мәлімдейді. Бірақ Ресей-Түркия-Иран елдерінің "деэскалация аймақтарын" құру келісімі аясында Идлибке бақылаушы ретінде кірген түркиялық колонналарды "Тахрир аш-Шам" содырлары ертіп апарған еді. Содырлардың өздері түріктермен "әскери нейтралитет" сияқты келісім шартты орындап отырмыз дейді. Олар Түркия әскерінің Идлибте тұрғанына көнуге әзір. Өйткені "Тахрир аш-Шам" тобының бұл территорияда үстемдік етуіне Түркия қатер төндірмейді.

Азаттық: Ұшқыштың қазасына орай күрдтердің Ресейге алғашқылардың бірі болып көңіл айтқаны сондықтан екен ғой. Өйткені қазір олардың негізгі жауы Түркия болып тұр емес пе?

Кирилл Михайлов: Түркия Африн аймағында операция бастағаннан соң Ресей ол аймақтан әскерін алып кеткен. Осыдан кейін күрдтер Ресей "ту сыртымыздан пышақ ұрды" деген. Бірақ осы жолы Ресейге көңіл айтқаны рас. Күрдтерді жақтайтындардың көбі "күрдтер Түркия қолдап отырған жихадшы топтармен соғысып жатыр" дейді. Шын мәнінде, бұл жағдай біраз күрделі болып тұр. Өйткені Түркия жағында мүлде "азғындаған" топтар да, азды-көпті өркениетті "Ұлттық армия" да соғысып жатыр. Түркияның тікелей араласуымен құрылған "Ұлттық армияны" Донбастағы "ДНР және ЛНР армиялармен" салыстыруға болады. Күрдтер ресейлік ұшақты қазір Африн аймағына шабуыл жасап жатқан жихадшылар атып түсіргеніне сенімді.

Азаттық: Негізі, Су-25 Идлибке не үшін ұшып барған? Қорғаныс министрлігі "барлау мақсатымен" дейді. Су-25 ұшағының Сирияда атқаратын міндеттері қандай?

Кирилл Михайлов: Қорғаныс министрлігі өкілдері Су-25 "деэскалация аймақтарын аралап шығу" міндетін орындады деп мәлімдеп, барынша сақтық танытты. Оның миссиясы жайлы ештеңе айтылған жоқ. Бірақ егер ол әлдебір бақылау миссиясын орындады деп айтса, оғаш көрінер еді. Өйткені Ресейдің қолында жердегі жағдайды барлап, бақылап отыратын құралдар жетеді. Мысалы - Ил-20, Ил-22 ұшақтары. Былтыр қарашаның аяғында Хмеймим әуе базасынан спутникпен түсірілген суреттерде осы екі ұшақ көрінген. Бұған қоса, ұшқышсыз басқарылатын аппараттары да көп. Мысалы, қаңтарда Идлиб провинциясында "Нураддин аз-Зинки" тобы исламшылдары Ресей қару-жарағының ішіндегі ең күрделі әрі мықты "Форпост" ұшқышсыз басқарылатын аппаратын атып түсірген. Ресейдің қолында Сирияда пайдаланып отырған бақылау құралдары жетеді. Ал Су-25 Сирияда әдетте немен айналысады деген сұраққа келсек, Су-24 сияқты ол да Асадтың қарсыластарына, оның ішінде, азаматтық инфрақұрылымдарға да соққы береді.

Негізі, Сирияда қалған Ресей авиациясы қазір Башар Асад күштерінің Идлиб провинциясындағы шабуылын демеумен айналысады. Бұл шабуылдың өрістегеніне бірнеше апта болды және барынша сәтті жүріп жатыр. Бірақ бұл шайқас Ресей, Түркия және Иран арасында Астанада өткен келіссөзде келісілген "деэскалация аймақтарының" бірінде жүріп жатқаны проблема болып тұр. Идлибдте жақта жағдай әлдеқайда күрделірек. Біз ұшақ құлаған тұста "Сирия азаттық армиясы" құрылымдары да болғанын байқадық. Қазір Идлибті қорғап жатқандардың бәрі "терроршылар" деуге болмайды. Ал Ресей бомбалап жатқандар базалардың бәрі "терроршылар" деп мүлде айта алмаймыз. Ресей авиациясы қолданып жатқан снаряд, зымыранның көбі жоғары дәлдікпен тимейді. Сондықтан шабуылдан бейбіт тұрғындар да мерт болып жатыр.

Ұшақты атып түсірген күні Ресей авиациясының кассеталық бомбаларды да қолданғанын байқадық. Бізге Серакаб қаласынан Асад авиациясының хлор қолданғаны жайлы хабарлар түсті. Олар АҚШ-тың қоқан-лоққысына қарамастан тікұшақтардан хлор толтырылған бөшкелерді бұрынғысынша тастап жатыр. Ал соның кесірінен "Жабхат ән-Нусра" мен "Тахрир аш-Шам" топтарын мүлде қолдамайтын, тіпті терроршылардың қаладан кетуін талап етіп шерулер өткізіп жүрген бейбіт тұрғындар да қаза тауып жатыр. Тұрып жатқан қалаларын "Ән-Нусра" терроршылары бекініп алғандықтан бомбалап жатқанын бейбіт тұрғындардың көбі түсінеді. Бірақ оларға "Ән-Нусра" мен "Тахрир аш-Шам" топтарының бұл қалаларда өз тәртібін, шариғаттың қатал нұсқаларын орнатып жатқаны да ұнамайды. Бұған қарамастан, Ресей мен Иран коалициясы атқылауды тоқтатпай отыр.

Азаттық: Құлаған ұшақ пен оның ұшқышы жайлы не білеміз? Оның Қырымнан шыққаны әрі түбекті аннексиялағаннан кейін Украинаға берген антынан айнып, ресейлік әскериге айналғаны рас па?

Кирилл Михайлов: Күйреген ұшақтың фотосуреттері мен оның бортындағы нөмірін көрген кезде Қырымдағы Бельбек аэродромында тұрған ұшақ екенін анықтадық. Бұдан кейін "Новая газета" басылымының дереккөзі марқұм аннексиядан кейін Ресей жаққа өткен бұрынғы украиналық ұшқыш деп хабарлады. Бірақ біз интернеттен 2013 жылы Роман Филипов деген әлдебір капитан Приморье өлкесінің Чернигов қаласының командасы құрамында "Авиадартс" жарысына қатысқаны туралы ақпарат таптық. Сосын "Одноклассники" желісінен оның аккаунтын таптық. Ол жерде де Владивосток қаласы деп көрсетілген. Қазір оның аккауынтында көңіл айтқан комментарийлер жарияланып жатыр. Оның Владивостокта жұмыс істегенін Владивостоктағы шарап сататын дүкен мен автосалонның дисконт карталары да растайды. Шамасы, ол сол жақта қызмет етіп, кейін Хмеймим базасындағы аралас авиаполкке ауысқан сияқты.

Құлаған Су-25 ұшағының қанаты. 3 ақпан 2018 жыл.
Құлаған Су-25 ұшағының қанаты. 3 ақпан 2018 жыл.

Азаттық: Қаза тапқан ұшқыш өзін гранатамен жарып жібере жаздағаны әрі өлер алдында "Бұл сендерге, жігіттер үшін" деп айқайлағаны рас па? Ұшақты атып түсірген жерден түсірілген видеоларға қарап қандай болжам жасауға болады?

Кирилл Михайлов: "Бұл сендерге, жігіттер үшін" деген айқайы анық естіледі. Ұшқышта граната қайдан жүр? Естеліктерге қарағанда, бұл - совет ұшқыштары Ауғанстанда қолданған практика. Бұған қоса, содырлар Филиповқа тиесілі Стечкин тапаншасының суретін жариялады. Екі оқсауыттың бірі бос, қалған екеуі жартылай толтырылған. Демек, ол жерге аман-есен түскен. Бір оқсауытты атып бітіргеннен кейін қоршауда қалғанын және тұтқынға берілуге тура келетінін түсініп өзін гранатамен жарып жіберген деп болжауға болады.

Мұны ерлік деуге болар, бірақ мұндай әрекеттің қисынын түсіне алмай отырмыз. Өйткені Идлибте жүрген "Хайят Тахрир аш-Шам" сияқты террорлық топтар түріктермен бірнеше рет келіскен. Сондықтан егер тұтқынға түссе, оны алмастыруы мүмкін еді. Кезінде ресейлік ұшқыш Олег Пешковтың денесін қайтарудың сәті түсті ғой. Роман Филиповтың да денесін қайтаратын шығар деп үміттенеміз.

Азаттық: Роман Филипов наградаға ұсыну туралы қол қойылмаған рапорт жарияланды. Ол туралы не айтуға болады?

Кирилл Михайлов: "Красная звезда" газетінің жуырдағы мақаласына сенсек, бұл рапортты Ресейдің Хмеймимдегі базасында ұшқыштар тобын басқаратын полковник Сергей Аксенов шығарған. Егер ұшқыш әлдебір ерлік жасап немесе өзгеше әрекетімен көзге түссе бұйрыққа кез келген сәтте қол қойылуы мүмкін.

(Ақпанның 5-і күні елдің қорғаныс министрі Роман Филипов Ресей батыры атағына ұсынылады деп хабарлады).

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Марк Крутов алған сұхбат орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG