Accessibility links

Алғашқы алтын, кумирден озған фанат пен жасыл су


Maria Lenk Aquatics Centre спорт кешеніндегі биіктен секіруге арналған бассейнде түсі жасыл болып өзгерген суда жүзіп жүрген германиялық спортшы Патрик Хаусдинг. Рио, 13 тамыз 2016 жыл.
Maria Lenk Aquatics Centre спорт кешеніндегі биіктен секіруге арналған бассейнде түсі жасыл болып өзгерген суда жүзіп жүрген германиялық спортшы Патрик Хаусдинг. Рио, 13 тамыз 2016 жыл.

Риода Фиджи, Вьетнам және Пуэрто-Рико спортшылары алғаш рет олимпиада алтынын жеңіп алды. Әйгілі жүзгіш Майкл Фелпс сингапурлық жас спортшыдан қалып қойды. Бассейндегі судың түсі неліктен өзгергенін анықтай алмай жатыр.

АЛҒАШ РЕТ АЛТЫН АЛҒАН ЕЛДЕР

Риодағы олимпиадалық ойындарда үш елдің спортшылары өз тарихында алғаш рет алтын медальді жеңіп алды.

Пуэрто-Риконың 22 жастағы теннисшісі Моника Пуиг әйелдер арасындағы жекелей сында бәсекелестерінен озып, өз еліне олимпиаданың тұңғыш алтынын алып берді. Әлемдік рейтингте 34-орында тұрған Пуиг финалда әлемнің екінші ракеткасы германиялық Анжелика Керберден басым түсті – 6:4, 4:6, 6:1.

Фиджи (ақ формада) мен Жаңа Зеландияның командалары арасында регбиден ширек финалдық кездесу.
Фиджи (ақ формада) мен Жаңа Зеландияның командалары арасында регбиден ширек финалдық кездесу.

Ал Фиджидің регби құрамасы ерлер арасындағы жарыстың финалында Ұлыбританияны ұтып, алтын жүлдені жеңіп алды. Бұл – Фиджи тарихындағы ең алғашқы олимпиада медалі.

Сондай-ақ 41 жастағы Вьетнам спортшысы Хоанг Суан Винь 10 метрден пневматикалық тапаншадан нысана көздеуден ең үздік мерген атанды. Ол – Вьетнам тарихында олимпиада чемпионы атағына ие болған алғашқы спортшы.

РЕСЕЙЛІК ЖҮЗГІШКЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Риодағы жүзуден жарыс өтіп жатқан Olympic Aquatics Center кешеніне ресейлік Юлия Ефимова шыққанда жанкүйерлер оны наразы гуілмен қарсы алды. Бұл спортшы 2014 жылы допингпен ұсталып, екі жылға спорттық жарыстардан шеттетілген. Ал 2016 жылдың басында оның допинг сынамасынан мельдоний табылып, халықаралық су спорты федерациясы (FINA) Ефимованы олимпиада ойындарынан шеттеткен. Бірақ 4 тамызда спорттық арбитраж соты (CAS) оның апелляциялық шағымын қанағаттандырып, Юлия Ефимоваға олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат берген.

Алайда кейбір спортшылар мен жанкүйерлер Ефимованың олимпиадаға қатысуына үзілді-кесілді қарсы болды. Ресейлік жүзгіш Риода 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль иеленді. Марапаттау рәсімінде Юлия Ефимоваға медаль тапсырғанда зал оған қошемет көрсеткен жоқ.

Әйелдер арасында 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан екінші орын алған соң ресейлік Юлия Ефимованың жылап тұрған сәті. Рио-де-Жанейро, 8 тамыз 2016 жыл.
Әйелдер арасында 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан екінші орын алған соң ресейлік Юлия Ефимованың жылап тұрған сәті. Рио-де-Жанейро, 8 тамыз 2016 жыл.

Ал Украина спортшылары Риодағы олимпиада кезінде Ресей телеарналарына сұхбат бермей жатыр. Спорттық гимнастикадан күміс медаль алған Олег Верняев микст-зонада (спортшылардың журналистерге сұхбат беретін аймағы) «Россия» деген жазуы бар микрофон ұстаған журналистің сұрағына жауап беруден бас тартқан.

ФЕЛПСТЕН ФАНАТЫ ОЗДЫ

Америкалық 31 жастағы жүзгіш Майкл Фелпс 23 дүркін олимпиада чемпионы атанды. Әйгілі спортшы Риода бес алтын, бір күміс медаль иеленді. Бірақ Фелпс 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде өзінен он жас кіші сингапурлық Джозеф Исаак Шулингтен қалып, мәреге екінші болып жетті.

Жүзуден 23 дүркін олимпиада чемпионы, АҚШ спортшысы Майкл Фелпс.
Жүзуден 23 дүркін олимпиада чемпионы, АҚШ спортшысы Майкл Фелпс.

Фелпсті пір тұтатын Шулинг 2008 жылы жасөпірім шағында онымен кездесіп, Фелпс жаттығу кезінде Шулингке ақыл-кеңес берген. Ал бұл жолғы олимпиадада сингапурлық жүзгіш кумирінен озып, өз еліне Рио ойындарының алғашқы медалін әперді.

ЕГИПЕТ БАЛУАНЫ ҚОЛ АЛЫСПАДЫ

Дзюдодан 100 килограмнан асатын салмақ дәрежесінде израильдік Ор Сассон мен египеттік Ислам Әл-Шахаби арасында өткен сайыстан кейін Египет балуаны қарсыласымен қол алысудан бас тартты. Дзюдо ережесі бойынша бәсекелестер кездесуден соң бір-бірінің қолын алып, алғыс білдірулері керек. Әл-Шахабидің қылығы спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Бұл кездесуде Сассон жеңіске жеткен еді.

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Египет спортшысына жаза қолданбады. IJF «екі ел спортшыларының бір-бірімен кездесуге шығуының өзі спорт үшін үлкен жетістік» деп бағалады. Араб елдері, соның ішінде Египет Израильді Палестинадағы оқиғаларға кінәлайды.

АУДАРЫЛҒАН ҚАЙЫҚ ЖӘНЕ ЖАСЫЛ ТҮСТІ СУ

Академиялық ескек есуден жарысқа қатысқан қазақстандық Владимир Яковлев жарысты іріктеу кезеңінен аяқтауға мәжбүр болды. Ол мінген қайық сөреден шыға бергенде аударылып қалды. Ескекші қайығына қайта мінгенше біраз уақыт жоғалтып, мәреге ең соңғы болып келді.

Қазақстандық спортшы Владимир Яковлев мінген қайық суда аударылып қалды. Рио, 9 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық спортшы Владимир Яковлев мінген қайық суда аударылып қалды. Рио, 9 тамыз 2016 жыл.

Сондай-ақ байдарка жарысы өтетін каналда спортшылардың бірі жаттығу кезінде су ішінен қалқып шыққан жиһазға соғылып, аударылып қалған.

Ал суға секіру және су добы өтіп жатқан Maria Lenk Aquatics Centre спорт кешенінде судың түсі өзгеріп, жасыл болып кеткен.

Олимпиада жарыстары өтіп жатқан бассейндегі судың түсі жасыл болып өзгеріп кетті. Рио, 10 тамыз 2016 жыл.
Олимпиада жарыстары өтіп жатқан бассейндегі судың түсі жасыл болып өзгеріп кетті. Рио, 10 тамыз 2016 жыл.

Ұйымдастырушылар оның себебін әлі анықтай алмай жатыр. Германиялық суға секіруші Штефан Фек өзінің Facebook парақшасына «судан жағымсыз иіс шығатыны» туралы жазды.

XS
SM
MD
LG