Accessibility links

Азаптан аман шыққандар ұзағырақ жасай ма?


Нацистік концлагерь тұтқындарын совет әскері босатқан сәт. 27 қаңтар 1945 жыл. Көрнекі сурет
Нацистік концлагерь тұтқындарын совет әскері босатқан сәт. 27 қаңтар 1945 жыл. Көрнекі сурет

Екінші дүниежүзілік соғыста құлдықты, аштықты, қорлықты әбден көріп, концлагерден ғайыптан тірі шыққан адамдардың қатары сирей бастады. Ең таңқаларлығы - олардың көпшілігі ұзақ ғұмыр кешкен.

Адамның азапқа төзгіш қасиеті жайында ең көп есте қалған қанатты сөзді неміс философы Фридрих Ницше айтқан шығар. Ол «Мені өлтіре алмаған нәрсенің бәрі, керісінше, мені шыңдай түседі» деген.

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын жаңа қырынан зерттеген мамандар осы көзқарасты растай түседі. Холокостан тірі шыққан ер адамдар, соғыстан бұрын Еуропадан кетіп үлгерген замандастарымен салыстырғанда ұзағырақ өмір сүрген.

АҚШ-тағы Ғылыми көпшілік кітапхананың ғалымдары соғысқа дейін және соғыстан кейін Израильге көшкен 55 мың польшалық еврейдің өмірін зерттеп, нәтижесін жариялады.

ӨМІР ҮШІН КҮРЕСТІҢ ОҢ ӘСЕРІ

Бозбала, не ересек кезінде Холокост зобалаңына тап келгендер бұл апатты көрмеген қандастарымен салыстырғанда шамамен 18 ай артық өмір сүрген. Зерттеу авторларының бірі Ави Саги-Шварц бұл құбылысты «теперіштен кейінгі өрлеудің» (сөзбе-сөз аудармасы «пост-травмалық өсу» - ред.) белгісі дейді.

- Біз «теперіштен кейінгі өрлеу» дегенде қауіпті ауру, соғыс, қорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, босып көшу, не болмаса жақсы көретін адамының өлімін көру сияқты өте қиын жағдайда жанталаса өмір сүру адам психологиясына оң әсер етеді дегіміз келеді, - дейді ол.
Польшадағы нацистік концлагерьлердің бірі. 1944 жылғы шілде. Көрнекі сурет
Польшадағы нацистік концлагерьлердің бірі. 1944 жылғы шілде. Көрнекі сурет

Генетикалық зерттеулер жас кезде алған жарақаттар ракпен және басқа да аурулармен күресетін хромосомаларды жоятын болғандықтан, адам өмірін қысқартуы мүмкін екенін көрсетті.

Бірақ Вашингтондағы Холокост музейінің ғылыми қызметкері және Хайфа университетінің психолог профессоры Саги-Шварц өте қауіпті кезеңдер өмірді бағалауға үйретіп, адамның ерік-жігерін жани түсуі мүмкін дейді.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ БӨЛЕК АХУАЛЫ

Зерттеушілер «олай болса апаттан аман қалған әйел адамдар не себепті ұзақ өмір сүрмеген?» деген сұраққа да жауап іздеген. Әйелдердің зобалаңға ілінбеген замандастарымен салыстырғанда ұзақ өмір сүргені байқалмаған.

Саги-Шварцтың пікірінше, мұндай айырмашылық табиғаттың өлшеп берген өміріне байланысты болуы мүмкін. Еврей әйелдерінің орташа өмір жасы - 84 жыл. Осы қалыпты межеден артық өмір сүру қиын сияқты.
Әйелдерге депрессия сияқты психологиялық кесел қаттырақ әсер етеді.

Бірақ Саги сонымен қатар әйелдерге депрессия сияқты психологиялық кесел қаттырақ әсер ететінін де айтады. Әсіресе, Холокостан аман шыққандардың өз бастарынан өткерген эмоциялық қиындықтарын жеңуі қиын.

- Депрессияның адам өмірін қысқартатынын білеміз. Теперіштен кейінгі қайта өрлеу өмірді ұзартуға себеп болуы мүмкін. Бірақ депрессия керісінше әсер етеді. Әдетте әйелдер депрессияға жиі ұшырайды. Яғни, әйел адам травмадан айығуға сондай бейім емес. Керісінше, олар депрессиядан туындайтын проблемаларға көбірек ұшырағыш болып келеді, - дейді ғалым.

Зерттеушілер апаттан аман қалған әйелдер мен ерлердің өмір жасының біркелкі болмау себебін анық түсіндіріп бере алмайды. Олар бұл теорияны «әртүрлі өмір ұзақтығы» деп атайды.

БАСҚА ҚЫРҒЫН ҚҰРБАНДАРЫН ЗЕРТТЕУ

Зерттеушілер «ең мықтылар ғана тірі қалады» деген идеяға сүйенеді. Олардың ойынша, бұрыннан да денсаулығы мықтылар тірі қалған. Күші көп еркектерді жұмысқа жегу үшін өлтірмеген. Олардың ұзақ өмір сүруін осылай да түсіндіруге болатын сияқты. Ауыр жұмыста да ең мықтылар ғана сұрыпталып аман қалған.

Әйелдер әлсіз болғандықтан, оларды қара жұмысқа жиі пайдаланған жоқ. Оның үстіне еврейлердің көзін жою жоспары басталғанда олардың тірі қалуға мүлдем мүмкіндігі қалмады.

Мәскеудегі Холокост құрбандарын еске алу шарасында жағылған шырақтар. 27 қаңтар 2013 жыл.
Мәскеудегі Холокост құрбандарын еске алу шарасында жағылған шырақтар. 27 қаңтар 2013 жыл.
Саги-Шварц өмір сүру ұзақтығының әртүрлі болуы Израильде пікірталас тудырғанын айтады. Адамдардың көбі «Холокоста 6 миллион еврей әлжуаз болғандықтан қаза тапты» деген пікірге қарсы шыққан. Бірақ Саги-Шварц бұл теория әлі де «Холокостан тірі шыққан ер адамдар не себепті ұзағырақ ғұмыр кешті?» деген сұраққа жауап табуға көмектеседі деп санайды.

- Еврейлердің жаппай көзін жою жоспарының аяусыз және жүйелі түрде жүзеге асқаны сонша, тіпті ең мықты деген адамдардың өзі одан аман қала алмағаны белгілі. Бірақ бірден атылып, өртелуге тиіс топқа жолы болып кірмей қалғандар мен гетто және лагерьлерге қамалғандар болмашы тамақ пен дәріні талғажау етіп, өмірлерін әупірімдеп сақтап қалған. Бәлкім осы кезде мықтылары сұрыпталып тірі қалған болса керек. Біз өмір сүру ұзақтығының айырмашылықтарын осылай түсіндіруге тырысамыз, - дейді ғалым.

Оның ойынша бұл теорияны әлі де зерттей түсу керек. Ол үшін сталиндік лагерлерден, Осман империясы дәуіріндегі Армениядағы қырғыннан, не болмаса Сириядағы соғыстан аман қалғандар туралы деректерді салыстырып, апаттан аман қалған ер адамдардың өмір ұзақтығын зерттеу қажет. Саги-Шварцтың ойынша, дәл осындай құбылысты басқа да қақтығыстар мен қауымдар арасынан байқауға болатын сияқты.

- Теперіштен кейін қайта өрлеу теориясы Холокост зобалаңын барынша терең түсінуге көмектеседі. «Дәл осындай азапты бастан кешкен басқа да адамдар арасында бұл теория дәлелденбейді» деуге де негіз жоқ, - деді Саги-Шварц.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG