Accessibility links

Заманауи соғыс. Украина дроншылары майданның алдыңғы шебінде


Украина әскерінің дрон операторлары "Күзетші" мен "Ким" дрондарды қалыбына салып жатыр. Харьков облысы, 22 қазан.
Украина әскерінің дрон операторлары "Күзетші" мен "Ким" дрондарды қалыбына салып жатыр. Харьков облысы, 22 қазан.

Ресей басқыншылығына дейін бодибилдингпен айналысқан, инженер құрылысшы болған немесе тұрғын үй саласында жұмыс істеген адамдар қазір тәжірибелі дрон операторына айналған. Олардың бұл жолы Украинаның көп нәрсеге қол жеткізгенін және бұдан әрі де көп нәрсені жасау қажетін көрсететіндей.

Ресей шекарасынан алты шақырым жерде тұрған Украинаның "Хартия" әскери бөлімінің дрон операторы бірнеше шақырым жерге түскен Ресей снарядының дауысын елеген жоқ.

Мұның орнына ол бар назарын Украинаның алысқа ұшатын дронын аспанға көтеруге аударды. Бұл – ауа райы дрон ұшыруға қолайлы аз күндердің бірі еді.

Үш дрон операторының ешбірі компьютер гениі болған емес. Бетінде татуировкасы бар "Күзетші" соғысқа дейін бодибилдингпен айналысқан. "Лего" инженер болса, ал дронның ақауын жөндеуге тырысып жатқан "Ким" тұрғын үй саласында жұмыс істеген. Қауіпсіздік мақсатында үшеуі де лақап атын атағанды жөн көрді.

Дрон операторы ретінде барлау деректерін жинайтын олар тоғызыншы айға кеткен Ресей басқыншылығына қарсы күрестің эпицентріне айналған.

Украина әскерінің "Ким" дейтін дрон операторы дронды бақылауға мүмкіндік беретін антеннаны орнатып жатыр. Харьков облысы, 22 қазан.
Украина әскерінің "Ким" дейтін дрон операторы дронды бақылауға мүмкіндік беретін антеннаны орнатып жатыр. Харьков облысы, 22 қазан.

Олардың салаға енді келген адамнан ардагер сарбазға айналуы Украинаның көп нәрсеге қол жеткізгенін және қару-жарақтан бастап барлауға дейінгі мәселелерде қаншалық алысқа баруы керек екенін көрсететіндей.

Дрондар Украинадағы соғыста маңызды рөл атқарады. Екі жақ та оларды барлау деректерін жинауға, артиллерия шабуылын анықтауға, бомба тастауға қолданады.

"Хартия" дрондар бөлімінің командирі Ярослав Маркевич артиллериямен бірге жұмыс істейтін дрондарды шабуыл операцияларының ең маңызды бөлігі және қыркүйекте Украинаның Харьков ауданын қайтару кілті деп атады.

"Дронмен жылдам қозғалуға болады" деді ол.

Украина ай сайын жүздеген дрон операторын дайындайды. Ал Украина әлеуметтік желілерінден әскери бөлімдерге дрон сатып алу үшін қаржы жинап жатқан еріктілердің хабарламаларын байқауға болады.

Оқ өткізбейтін кеудеше киген, дәрі-дәрмек қорабы мен Калашников автоматын ұстаған Күзетші, Лего мен Ким сарбаздарға ұқсайды. Сырт көзге солай көрінгенімен, олардың жұмысы тек компьютер экранына қарап отырумен шектелмейді.

"Бейбіт күндердің арқасы ғой, күні бойы компьютер алдында отырып үйренгенбіз" деді Лего. Бұл лақап атты ол Мариупольдегі "Азовсталь" зауыты жобасында инженер болып жұмыс істеген соң алған. Ресей басып алған зауыт қазір қирап жатыр.

Жай күндері олар дронға камера орнатып, Ресейдің позицияларынан ұшып өтеді. Оны қайтарған соң, жиналған деректерді компьютерге көшіру үшін базаға оралады.

Содан кейін олар Ресейдің техникалар базасын анықтауға кіріседі. Кадрдан өте жақсы жасырылған құрал-жабдықтарды табу үшін олар алдымен объектілерді анықтайтын жасанды интеллект қолданады. Содан кейін сағаттап түсірілген материалды өздері қарайды да, нысананы мұқият іздейді.

Кішігірім қарама-қайшылықтың өзі жасырынып тұрған Ресей танкі болып шығуы мүмкін: мысалы, бір жерде жапырақтар құрғақ, ал басқа жерлерде жаңа түскен болуы мүмкін.

Содан кейін олардың қолбасшылығы мен артиллерия бөлімі қандай нысананы ату керек екенін анықтауы керек. Нысананы таңдаған соң олар оның әлі сол жерде тұрғанына көз жеткізу үшін дронды тағы бір ұшырады. Бұл Украина қорындағы снарядтардың босқа кетпеуі үшін керек дейді операторлар.

Көбіне нысанадан бірнеше шақырым жерде тұрып олар Украина снарядының қай жерге түскенін бақылайды. Содан кейін планшеттегі Украина әскері картасын қолдана отырып олар Starlink көмегімен оқ атуды реттеу үшін әрекеттерін артиллериямен үйлестіреді. Starlink – америакалық миллиардер Илон Маск жасаған портативті интернет терминал.

Ким ноутбук көмегімен дрон бағдарламасын қайта жүктеуге тырысып жатыр.
Ким ноутбук көмегімен дрон бағдарламасын қайта жүктеуге тырысып жатыр.

Алаңдағы жұмыстар мен анализ жасау шаршатуы мүмкін. "Бір апта бойы тек екі сағат ұйықтаймыз" дейді Лего. "Кешкі жетіге дейін [дронды] ұшырамыз. Сосын базаға барып, дрон түсірген 3,500 суретті сараптап шығамыз".

Дұрыс құрал-жабдық болса, олар жетістікке жете алады. M777 гаубицасы секілді АҚШ берген қару-жарақтарды қолданатын артиллериялар үш оқпен-ақ шабуыл жасай алады дейді Ким. Дрон операторлары Американың HIMARS зымыран жүйесі мен Excalibur артиллерия снарядтары секілді Батыс қару-жарағын жоғары бағалаған.

Бірақ көңілді түсіретін кездер де жиі болып тұрады.

Қазан айындағы салқын күндерінің бірінде дрон істен шыққанда, Ким көрші бөлімнің дрон командасынан көмекті бір сағаттан астам күтіп қалған. Өзінің емес, солардың ноутбугын пайдаланған ол дронды қайта ұшыруға тырысқан. Бірақ қанаты ғана әрең қозғалған дрон қорапта жата берген.

Экспериментал дрондарды соғыста қолданудың өзі қару-жарақпен қамту проблемасын көрсетеді. Украина әскери дрондар паркін толықтырғанымен, сұраныс ұсыныстан әлі де көп болып отыр. Украина әскерінің сұранысы тек жиырма пайыз қанағаттандырылып отыр деді Украинаның дрондар компаниясының бас директоры Украина баспасөз құралдарына.

Сапалы дүние болмаған соң, Украинадағы дрон бөлімдері көбіне АҚШ-та әуесқой видео немесе той суреттерін түсіру үшін қолданылатын коммерциялық квадрокоптерлерді пайдаланады.

Бұл дрондардың кемшіліктері бар деді Маркевич Харьковта берген сұхбатында. IT кәсіпкер мен бұрынғы ұшқыш ретінде ол дрондармен 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Сол кездері ол Харьковтың оңтүстігі мен шығысындағы Донбасста басталған, Ресей қолдаған сепаратистерге қарсы соғысқа қатысқан.

Базалық деңгейде дрондар окоптағы өмірге немесе соғысқа арналмаған. Оларды тіпті қолайсыз ауа райы да істен шығара алады. Ресейдің электронды әскери бөлімдері оператор қашықтан басқарып отырған сигналды өшіре алады.

"Көп дроннан айырылып жатырмыз" дейді Маркевич.

Олардың ең үлкен кемшілігі – операторлардың соғыс алаңына жақын баруын қажет ететіні. "Хартия" басқаратын коммерциялық дрондар үш шақырымға дейін алысқа ұша алады. Ал Ресейің гаубицалары 25 шақырымнан ата алады.

"Бұл тұрмыстық техниканы қолданып жатқанда, нөлінші линияда жұмыс істеуге мәжбүрміз" деді Маркевич Украинаның ең қауіпті және бірінші позициясын меңзеп.

Тіпті, операторлар дрондарды көтеріп, аман қалса да, артиллерия өз міндетін дұрыс атқармаса жұмыстың бәрі зая кетуі мүмкін.

Украинаның совет дәуірінен қалған қаруының кейбірінің дәлдігі жоқ. Ким снарядтар нысанадан басқа жердің бәріне тигенде олар жұмыс істеген артиллерия тобының басқа бөлімді таңдағанын айтады.

30. Украина сарбазы дрон ұшырып тұр. Украинаның Донецк облысы. 30 қазан.
30. Украина сарбазы дрон ұшырып тұр. Украинаның Донецк облысы. 30 қазан.

Техникалық проблемадан басқа да мәселелер бар.

Бөлімдер арасындағы үйлестіру де кемшін түсуі мүмкін. Алдыңғы шептегі бөлім ротация үшін алдында не жатқанын білмеуі мүмкін. Бұл туралы айту үшін дрон операторлары әр лауазым иесімен жеке танысады.

"Кіріп, бәрімен байналыс орнатамыз. Дос табамыз" деді Лего.

Өзінің ойын дәлелдегісі келгендей, ол дронмен жұмыс істеу бөліміндегі команда мүшелерінің бірімен телефон алмасты. Ол көмек көрсету үшін ноутбугымен тоқтаған еді.

Бірақ екінші команданың ноутбыгы сынған соң Лего, Ким мен Күзетшінің шыдамы таусылды. Бірге жұмыс істеп жүрген олар дронның қанатын алды да, қорапқа салып, көлікке кіргізді.

Луганск облысындағы Сватово маңында Ресей қатты қарсылық көрсеткен. Лего сол кезде Ресейдің мобилизация жариялағанын және соғысқа 300 мыңдай адам жіберетінін ойлаған.

"Көлігімізден соғысып жүрміз" деді ол командасының жай көліктерді алмастыру үшін брондалған автокөліктерді қажет ететінін айтып. "Бұл бізге қиынға соққалы тұр".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG