Еуразия Ұлттық унверситетінде 7308 студент есірткіге тексерістен өтті

Астанадағы Еуразия университетінің студенттері нашақорлыққа қарсы ымырасыз күресуге шақырып республика жастарына арнайы үндеу қабылдады. Бұл үндеудің дүниеге келуіне осыдан бір айдан астам уақыт бұрын республиканың орталық басылымында жарық көрген осы білім ордаснда есірткіні емін-еркін сатып алуға болатыны туралы мақала түрткі болды.
Астанадағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің студенттері қаңтардың 12-күні өткен жалпы жиналыста республика жастарын нашақорлық пен есіткіге қарсы күресуге шақырып арнайы үндеу қабылдады. Соңғы бір айдан астам уақыт ішінде бұл университет үшін нашақорлық ауызға жиі алынған тақырыпқа айналған еді. Даудың басы осы білім ордасында есірткіні еркін сатып алуға болатыны жайлы өткен жылдың желтоқсан айының басында орыс тілінде шығатын республикалық «Казахстанская правда» газетінің бірінші бетінде жарық көрген көлемді мақаладан басталды. Бұл мақаламен президент Н.Назарбаевтың да танысқаны мәлім болды. Мемлекет басшысы мақаланы жай ғана оқып қоймай, газет редакциясына арнаған «осы беттеріңнен қайтпаңдар» деген жазуы газеттің келесі санында тағы да бірінші бетіне шықты. Бастапқыда университет басшылығы бұл хабарды білім ордасына негізсіз жабылған жала деп айыптады. Университет аумағына журналист қауымын тек ректораттың арнайы рұқсатымен жіберетін тәртіп пайда болды. Ондай тәртіптің сорақылығын өз басымыздан өткергеніміз жайлы кезінде радиомыздың тыңдармандарын хабадар еткен болатынбыз.

Ал, ректораттың ренішін туғызған «Казахстанская правда» газеті де осы тақырыпқа өз мақалаларын жариялауды тиған жоқ. Және де ол мақалалар газеттің алғашқы беттерінен беріліп отырды. Желтоқсан айының соңында университеттің күндізгі бөлімінде оқитындардың барлығы дәрігерлік анықтаудан өту үшін зәр тапсырсын деген тапсырма алыпты деген хабар тарады. Алайда, қазір ректор міндетін атқарушы Мырзатай Жолдасбеков бұл шара тек қана студенттердің бастамасымен, солардың өз еріктерімен жүргізілгенін, ректорат тарапынан ешқандай тапсырма болмағанын айтады. Оның айтуынша, университет бойынша 7308 студент жаңағыдай арнайы тексеруден өтіпті, ал университеттің күндізгі бөлімінде барлығы 7912 студент оқиды. Бірақ Мырзатай мырзаның бұл сөзін өз аты-жөндерін жарияламауды өтінген студенттер жоққа шығарды.

Студенттер: - Біз бірінші курста оқимыз. Бізге университеттің басшылығы осылай тексеріліңдер деп айтқан соң, бүкіл топ болып тексеру тестінен өттік.

Студенттердің айтуына қарағанда, университетте есірткіге тексеру шарасы ыждахаттылықпен өткізіліп, әрбір студенттің басқа біреу емес, өз зәрін тапсыруы оқытушыларға қатаң ескертілген. Ол үшін оқытушылар, араларында доцент, ғылым кандидаты секілді атақ-дәрежеге ие адамдар да бар, студенттерді әжетханаға бір-бірлеп кіргізіп, солардың зәрін өздері жинап тұрғаны жайлы хабар халық арасында лезде тарады.

Тексеруден өткен студенттердің зәр құрамынан нашақорлық белгісінің табылмағаны туралы дәрігерлер қорытынды жасаған. Қазір мұны университет басшылығы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаланың шындыққа сай еместігін дәлелдейтін айғақ ретінде қабылдайды. Аталған тексеруді өткізуге Павлодардағы ғылыми-зерттеу орталығының мамандары арнайы шақырылып, бұл шараға университет қоржынынан біраз ақша жұмсалғаны мәлім болды. Бұл хабарды университет ректорының міндетін атқарушы М.Жолдасбеков те растағағанымен, бізге нақты соманы атамады.

- Ақшаны университеттің өзінің бюджеттен тыс қорынан жұмсадық. Оған біз білім және ғылым минстрлігінің рұқсатын алдық. Студенттерден ешқандай ақша жиған емеспіз, - деді М.Жолдасбеков.

«Азаттық» радиосы:

- Қанша көлемде ақша жұмсалды?

М.Жолдасбеков:

- Бір адамға орташа есеппен 700 теңгеден.

Сонымен М.Жолдасбековтың айтуына қарағанда, бұл шараны өткізуге кемінде 5 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Қазір М.Жолдасбеков ректордың міндетін атқарушы, себебі, оның еңбек келісімінің уақыты аяқталғандықтан, ректор орнына жаңа жылдан бастап конкурс жарияланған болатын.