Баспасөзге шолу. 07-06-2004

Сайлау қарсаңындағы саяси белсенділік - республикалық басылымдардың басты тақырыбы. Мәселен, Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Қанат Саудабаев Америкада Қазақстандағы саяси партиялар санының көп болуы таңданыс тудыратындығын айтса, кейбір әлеуметтік зерттеулер әр бір үшінші азамат “Асар” партиясының бағдарламасымен таныс екендігін анықтапты. Бірақ мұндай қорытындыларға күмән келтірушілер бар.
“Жас алаш” газеті Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының саяси партиялар бағдарламаларының рейтингін анықтаған сауалнамасына тоқталады. Онда алдыңғы қатарға “Асар” партиясының бағдарламасы шыққандығына таңданыс білдіреді газет тілшісі. “Асар” партиясының бағдарламасын әр бір үшінші қалалық сайлаушы біледі екен. “Соған қарағанда, “Асар” партиясы бағдарламасын насихаттауға көшкен бе дейсің“, - дейді мақала авторы. Ол одан әрі: “тіпті осылар басқаны қойып, мектеп оқушыларына “Асар” партиясының бағдарламасы туралы шығарма жаздырып жүрген жоқ па? Әйтпесе, осыншалық танымал болу ертегіде ғана кездеседі”, - деп қорытады “Руханияттың” бағдарламасын 40 адамның біреуі ғана біледі” деген мақалада. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, “Асар” партиясынан кейінгі орындарды “Отан”, “Ақ жол” және Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиялары бөліскен. “Жас алаш” газеті өткен аймен салыстырғанда Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының бағдарламасын тантитындар азайып кеткендігіне назар аударыпты.



Белгілі әртіс Асанәлі Әшімов “Айқын” газетінде саяси партиялардың бағдарламалары жақсы болғанымен, олардың істері мүлдем басқаша шығатындығын айтады. Ол: “мынау оппозицияға келгенде денем тітіркенеді” дей отырып, оларға көп жағдайда қосыла алмайтындығын жеткізеді. “Казахстанская правда” басылымында Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Қанат Саудабаевтың “Америка Құрама Штаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа бастамаларын қолдайды” деген мақаласы жарық көрген. Онда елші Қазақстанда түрлі көзқарастағы бақандай 12 саяси партияның тіркелгенін тілге тиек ете отырып, 15 миллион халқы бар елдің мұндай саяси белсенділігі Америка Құрама Штаттарында таңданыс тудыратындығын жазады. Оның айтуынша, 300 миллион адам тұратын Америка Құрама Штаттарында тек екі негізгі саяси партия бар.

Оның баяндауына қарағанда, “қыркүйектің 19-да белгіленген Қазақстандағы парламенттік сайлау қазірдің өзінде Вашингтонның ресми және қоғамдық-саяси топтарының жіті назарында”. “Егер бұл сайлау заң мен халықаралық талаптарға қатаң түрде сәйкес келіп, ашық және әділ өтсе, біздің Америка Құрама Штаттары мен әлемнің басқа да дамыған елдерімен қарым-қатынасымыз, Қазақстанның халықаралық ұстанымы айтарлықтай нығая түсетіндігін ұғынуымыз маңызды”, - дейді Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Қанат Саудабаев.

Оның айтуынша, “сайлау қорытындысы мен оларға берілген халықаралық және жергілікті бақылаушылардың бағасы көп жағдайда әлемнің біздің елімізде жүріп жатқан процестерге деген әрі қарайғы көзқарасын айқындайтын болады. “Болашақ президенттік сайлауларға дайындық пен оның өтікізілуіне де дәл осы сайлаулар призмасы арқылы қарайды”, - деп пайымдады елші Саудабаев.

“Литер” газеті бір күнде, шілденің 6-да іс-әрекеттері әлемді дүр сілкіндіретін екі саясаткер дүниеге келді дейді. Газет шолушысы Ольга Теннің пікірінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттары президенті Джордж Буш өз континенттеріндегі ең белгілі лидерлер. “Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдердіңі ғана емес, бүкіл Еуразия елдерінің саяси өміріне әсер етіп, ұдайы посткеңестік кеңістіктегі шолушылардың назарында”, - мақала авторы.