Баспасөзге шолу. 09-04-2004

Сайлау қарсаңындағы екі оқиға республикалық газеттердің баса назарын аударып отыр: Біріншісі – Ресейдің «Байқоңыр» ғарышжайына төлеген 65 миллион доллары төңірегіндегі дау. Бұл жолы басылымдардың бірі қолды болған ақшаның бір бөлігі «Отан» партиясының сайлау кампаниясына жұмсалуы мүмкін деген күдік келтіріпті. Екіншісі - «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесінің енгізілу мүмкіндігі. Бұл орайда оппозиционерлердің бірі Жоғары сотқа шағымданыпты
«Иманғалигейт» «Отангейтке» айналып жүрмесін» деген «Республика деловое обозрение» газетіндегі мақалада Мұхметжан Әділов Байқоңыр ғарышжайы төңірегіндегі шатаққа президент әкімшілігі жетекшісі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы топ-менеджерлерінен өзге «Отан» партиясының да қатысы бар дегенді алға тартады. «Бұл партияның лидері Қазақстан президенті бола отырып Иманғали Тасмағамбетов пен Ерлан Атамқұловты белгілі лауазымдарға тағайындап қана қоймай, өршіп бара жатқан шатақ оқиғаға қарамастан, оларды әлі күнге дейін өз штабының бастығы мен ұлттық компания басшысы орынтағында ұстап отыр», - дейді мақала авторы. «Ал «Отан» партиясы төраға орынбасарының ұлы Талғат Ермегияев болса, құны 19 миллион доллар тұратын қондырғыларға 65 миллион доллар төлеуге шешім қабылдаған тендерлік комиссияға жетекешілік етті», - деп баян етеді Мұхаметжан Әділов. Оның айтуынша, «партия төрағасының енді бір орынбасары Александр Павловқа «Байқоңыр» ғарышжайын жалға алу бойынша Ресей Федерациясының қарызын өтеуін бақылау тапсырылғанымен, бүгін көріп отырғанымыздай, ол нәтижесіз болған». «Осыдан кейін «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнынан қолды болға ақшалар ең басты президенттік партияның сайлау кампаниясы үшін пайдаланылып жатқан жоқ па?» - деген күдік пайда болды», - дейді Мұхаметжан Әділов «Республика деловое обозрение» газетінде.



«Время» газетінде Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев 1999-2002 жылдары премьер-министр болып тұрған кезінде ғарышжай төлемін өтеу бойынша түрлі ұсыныстар түскенін, бірақ оның барлығы егжей-тегжейлі зерттеуді қажет еткендіктен, ақыры ешқандай шешім қабылдамағанын айтады. Ал 1998-ші жылдың соңында Қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған Жаннат Ертілесованың айтуынша, сол уақытта Қазақстан Үкіметі ресейліктерден 65 миллион долларды тауар түрінде, дәлірек айтқанда, дәрі-дәрмектер, әскер үшін қару-жарақ және тағы басқа сол сияқты тауарлар түрінде алуға келіскен. «Сондықтан, Тасмағамбетовтің барлық соманы тұтастай Қазақстан темір жолы компаниясына аудару туралы қаулыға қол қойғаны түсініксіз», - дейді Жаннат Ертілесова «Время» газетінде. «Мұның барлығы таза пиғылда жасалмаған сияқты. Жалпы біздің жоғары буындағы шенеуніктердің кейде өздеріне заңды бұзуға болады деп есептейді», - дейді Парламент депутаты Серікбай Әлібаев.



«46 миллион долар кімнің қалтасына кетті? Аталған іске Қазақстан үкіметі жауап бере ала ма?» - деген сауал тастайды «Қазақстан» апталығы. Газет тілшісі әзірге бұл сауалаға өкілетті орындардан жауап ала алмай отырғанын, ал бірнеше парламент депутаттарының Ресей президенті Владимир Путиннің бұл іске назар салатындығына үміттенетіндігін жеткізеді.



Сайлау қарсаңындағы келесі дауға «Сайлау» электронды жүйесі негіз болып отыр. «Экспресс К» газетінің хабарлауынша, Орталық сайлау комиссиясы қағаз бюлетеньдермен немесе электронды жүйе арқылы дауыс берудің бірін таңдау мүмкіндігінен айыру арқылы өзінің конституциялық құқығын бұзғандығын айтады Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы төралқа төрағасы Асылбек Қожахметов. Ол Жоғары сот алдында Қазақстан азаматтары бірдей құқыққа ие екендігін, ал олардың біріне электронды жүйемен, біріне- қағаз бюлетеньден арқылы сайлау мүмкіндігін беру арқылы олардың тең құқығы бұзылатындығын жеткізіпті. Алайда, Орталық сайлау комиссиясының заңгері Нұржан Егінбаев шағымданушы «әлі сайлау учаскесіне келген жоқ, оған дауыс берудің қандай түрін ұсынатындығын білмейді, сол себептен, Қожахметовтің құқығы бұзылды деп айтуға ерте» деп есептейді. Ақыры Жоғары соттың Қожахметовтің шағым-арызын негізсіз деп, одан бас тартқанын хабарлайды «Экспресс К» газеті соңғы санында. «Жас алаш» газетінде инженер-бағдарламашы Қауменұлы электронды сайлау жүйесі туралы өз пікірін білдіреді. Оның сөзіне қарағанда, «әр бір сайлаушы туралы мәлімет және олардың берген дауысы орталық базаға түседі. Осы орталық базада барлық дауыстар жиналып, сайлау қортындысы шығады».

«Кез-келген мәліметтер базасының жұмысын қадағалап, оларды басқарып отыратын әкімгерлер болады. Базадағы барлық мәліметтердің «кілті» осы әкімгерлердің қолында болғандықтан, олардың кез-келген уақытта мәліметтерді түзеуге, өшіруге, өзге мәліметтерді енгізуге мүмкіндіктері бар», - дейді маман. Ол үшін екі-ақ нәрсені білу керек деп есептейді мақала авторы: бағдарламадағы қолданушының аты және кілт сөз. Сол себептен, электронды дауыс беру жүйесін «нағыз жетілген, әділ бағдарлама» деп алдаудың қажеті жоқ, - деп есептейді инженер-бағадламашы «Жас алаш» газетінде.