Путин Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы мектеп оқиғасын Ресейдің Шешенстанда жүргізіп отырған саясатынан бөліп алып қарағысы келеді

Соңғы бес жылдықта Ресей Шешенстанда аяусыз соғыс жүргізді. Осы уақытта шешеннің қолдарына қару алып күресушілері де Ресей жерінде көптеген террорлық актілерді жүзеге асырды.

Алайда Бесландағы мектеп оқушыларын кепілдікке алу оқиғасын Ресей президенті Вл. Путин шешен жанжалымен байланыстырғысы келмейді. Кепілдікке алушылардың Шешенстанның тәуелсіздігі үшін деген талаптарына қарамастан, Путин бар айып-күнәні халықаралық терроршылардан көріп отыр. Мүмкін Ресей президенті Шешенстан соғысын террорға қарсы ғаламдық күрестің бір бөлігі ретінде заңдастырып, шешендердің тәуелсіздік жолындағы күресін жоққа шығарғысы келетін болар.

Соңғы күндері Путин Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы мектеп оқиғасын Ресейдің Шешенстанда жүргізіп отырған саясатынан бөлe-жара қарағысы келеді. Жұма күні Ресей күштері кепілдікте адамдар ұсталып отырған мектеп үйіне шабуылдаған соң, сенбіде жасаған басты үндеуінде Ресей президенті Шешенстан жөнінде бір ауыз сөз айтқан жоқ, оның есесіне бар айыпты халықаралық терроризмге жапты.

-Бұл жай ғана қорқыту-үркіту актілері емес. Террошылардың жекелеген әрекеттері емес, бұл халықаралық террордың Ресейге қарсы тікелей интервенциясы, қайта-қайта біздің отандастарымыздың өмірін алып кетіп жатқан қатыгездік соғысы,-деп атап көрсеткен болатын Путин.



Путин кепілдікке алушылардың шешен тәуелсіздігі үшін әрекет еткендігі айқын болып тұрса да және мектепті басып алғандардың ішінде шешен ұлты өкілдерінің де болуы мүмкін болғанына қарамастан осылай деп айтты. Жұма күні Ресей күштері мектептті шабуылдардың алдында Солтүстік Осетияның президенті Александр Дзасохов журналистерге мектепті басып алғандар кепілдіктегілерді босатудың алғы шарты ретінде Шешенстан тәуелсіздігін талап етті деп айтқан болатын. Дүйсенбі күні Ресейдің мемлекеттік телеарнасы Бесланда кепілдікке алушылардың бірі деп танылған адамды көрсетті, әлгі адам да өз тобының шешендерден бұйрық алғанын айтқан болатын:

-Бізді бір орманда жанама аты "Полковник" деп аталатын адам жинап алды. Олар біз Бесландағы мектепті басып алуымыз керек деді. Олар бұл тапсырма Масхадов пен Басаевтан деп айтты. Путин Беслан трагедиясындағы шешендердің ролін не себепті төмендетіп, жоққа шығарғысы келетіндігі түсініксіз. 1999 жылы Вл. Путин билік басына келгенде шешен күрескерлерінің көзін жойып, құртамын деген болатын. Бұдан бұрын террорлық актілер үшін шешендерді айыптаудан ол онша қысылмайтын еді. Шотландиядағы қасиетті Эндрю университеті террорлық және саяси қақтығыстарды зерттеу орталығының директоры Магнус Рансторп Путин бұл арада Ресейдегі жақындағы лаңкестік әрекеттерді интернационалдандырудың артықшылықтарын көріп тұрған болу керек дегенді айтады:

-Бұл өте бір саяси нәзік мәселе. Әрине Путин үшін Ресейдің Шешенстандағы соғысын халықаралық террорға қарсы күреспен үштастырудың тиімді жақтары бар. Бұл ретте Путин халықаралық көмек-қолдау алып қана қоймайды, көпшілік заңды деп білетін шешендердің тәуелсіздік үшін күресін де кемсітіп жоққа шығара алады,-дейді талдаушы. Шешендердің халықаралық террорға қатыстылығы немесе Әл-қаида мен оның жақтастарының шешен күресіне қатыстылығы деген мәселе қазір қызу талқылануда.

Бесландағы кепілдікке алушылардың сыртында біз тұрған жоқпыз және Исламдық күрестің де бұған ешқандай қатысы жоқ деген болатын Масхадов бастаған шешен сепаратистері. Масхадовтың өкілі Ахмед Закаев Лондоннан телефон арқылы Азаттық радиосына былай деген:

-Президент Масхадовтың террорлық актіге қатысы бар деген мәлімдеулер, сондай-ақ ресми адамдардың терроршылар ішінде африкалық жане арабтың жалдамалылары бар деп айтқандары жаңсақ мәліметтерге ойластырылған науқанның бір бөлігі. Олардың мақсаты- лаңкестікті шетелдік қаскөйлердің әрекетімен түсіндіру. Мұның екеуі де өтірік,-деген Закаев Солтүстік Осетиядағы мектептегі кепілдік оқиғасын Путиннің Шешенстандағы саясатымен байланыстыруға тырысқан.