Қарағанды қаласындағы бір дүкеннің ішіндегі шынымен қоршалған орында жас жұп бір ай бойы өмір сүретін болады

Жаңа жыл қарсаңында қарағандылықтарға “Сулпак-электроникс” дүкені тосын сыйлық жасуды ұйғарыпты. Оның аты – риальти-шоу немесе шыны артында өмір сүру деп аталады. Яғни, дүкеннің бірінші қабатында жуынатын жері, дәретханасы қысқаша айтқанда, барлық жағдайы жасалған шынымен қоршалған бөлме тәрізді орын жабдықталмақ,- дейді “Сулпак-электроникс” дүкенінің басқарушысы Жұлдыз Сыдықова.

- Енді дүкенге келушілердің назарынан жасқанбай, сонда 30 күн шыдап өмір сүретін жас жұпты іздестіріп жатырмыз.

Дүкен иелерінің шарттарымен келіскен қыз бен жігіт немесе жас жұбайлар дүкенге келушілердің көз алдында көңіл көтеріп, ұйықтап, үш уақыт тегін тамақтанады:

- Бірақ бұл ойын-сауықтың кейіпкерлері міндетті түрде бірін-бір тантитын, жастары 25-ке немесе 30-ға келмеген, медициналық жағынан еш кінәраттары жоқ, ара-қатынастары түзу әйел мен ер адам болуы тиіс.

Қазір шоуға қатысуға тілек білдіріп, телефон шалушылар көп. Кейбіреуінің жастары келмесе, енді біреулері ең соңында бағалы сыйлықтар берілетіндігіне күдік келтіреді. Бірақ дәл кімді таңдап алатындығымызды білмейміз. Ол тікелей - директордың құзырындағы шаруа.

Ал бұл уақытта дүйім жұрттың көз алдында, дүкенде өмір сүретіндер жайлы әңгіме Қарағандыны шаралап кеткен.

Қарағанды анықтама бөлімінің Сергей есімді қызметкері:

- Бұл дүкен бір фирмадан екіншісіне ауысқанын естідім, сондықтан, жарнамалап жатқан шығар дейді.

Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Алксандра Титоренко: - Мұның барлығын таратып жүрген жергілікті жекеменшік сарғыш басылымдардың бірі. Идеяның жүзеге асуы туралы мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр. Мұндай шоулар идеологиялары тұрақталмаған дамыған елдерде болуы мүмкін, ал біздің менталитетіміз басқаша. Сондықтан, мен оны өткізуге кеңес бермес едім.

Қарағанды телеарнасының операторы Еркебұлан:

-

Ондайды мен тек теледидардан көргенмін. Барлығы өзгерген кезде ол да өзгеруі керек шығар. Адамдардың өмір сүру салтына сай шығар.

Алайда, оның өзінің ондай шоуға қатысуға құлқы жоқ:

- Жеке маған ол ерсі. Қазір нешетүрлі материалдар бар. Дүкенге тірі адам қойғанша басқа заттарды қоюға болады емес пе?!

Француз философы Жан-Поль Сартдың бір кейіпкері “тозақ дегеніміз – басқалардың ұдайы сені көзбен бақылауы” десе, қарағандылық қайсар жас жұбайлар үшін дүйім жұрт алдында 30 күн өмір сүрудің арты жұмақтай көрінуі мүмкін. Себебі, төзімді жас жұп бір-ақ сәтте бағалы сыйлықтарға, теледидар, жұмсақ диван, музыкалық орталық, видеомагнитофон мен компьютерге ие болмақ.