Барак Обама Чикагода өзінің мыңдаған жақтастарының алдында салтанатты түрде сөз сөйледі. Полицейлердің айтуынша, Чикагоның Гран-паркіне ондаған мың адам жиналған. Олардың бәрі сайлауда жеңіп шыққан президенттеріне үлкен үмітпен қарап тұрды.
Обаманың сөзі бұл ең алдымен, өзінің қарсыласы Джон Маккейннің командасын тиісті бағалаған жеңімпаздың сөзі. Ол сондай-ақ осы бір шаршатқан сайлауалды марафонында қолдау көрсеткен өзінің штабы мен командасына, жақтастарына, отбасы мүшелеріне алғыс білдірді. Аталған сайлауалды марафонына бүгін 21 ай болыпты, бұл АҚШ-тың тарихындағы ең ұзаққа созылған марафон екен.
Обама өз сөзінде президенттіктің алғашқы күндерінде кездесетін қиындықтар туралы айтты — ол екі соғыс пен экономикалық дағдарыс. Бұл тұтас бір буынның еншісіне тиген қиындықтар, — деді Б.Обама.
Соңғы мәліметтер бойынша, қазір Обама сайлаушылардың 338, ал Маккейн 156 дауысына ие болды. Жеңіске жету үшін Обамаға 270 дауыс жинау жеткілікті еді.
Енді қазір Обаманың дауыс басымдылығы айтарлықтай дәрежеде деуге болады. Сондай-ақ демократтардың Сенаттан қосып алған 5 орны бар, жоғарғы палатаны бақылау үшін кемінде 51 дауыс алу керек.