Азаматты бес жыл бодандықта ұстағаны үшін 10 жыл түрме жазасын арқалады

Тұтқынға түскен Терентьев көлік багажнигінде,( жедел топтың түсірілімі) Қарағанды, қараша, 2008 жыл.

Қарағанды облысындағы Абай ауданының тұрғыны Висади Тушиев 5 жыл бойы Терентьев деген азаматтың еңбегін пайдаланып, оны құлдықта мәжбүрлеп ұстап отырған.
Бодандықтан қашу мүмкіндігін пайдаланған ол құқық қорғау органдарына шағымын айтып үлгереді. Азаматты ұзақ жылдар бойы ұстап отырған еңбекке пайдаланушы жұмыскерін соққыға жығып, жеңіл көлігінің жүк тиеу орнына күштеп салып жатқан кезінде құқық қорғаушылар оқиғаны бейнекамераға түсіріп алады. Кейіннен осы айғақтың ізімен Висади Тушиевке қарсы қылмыстық іс қозғалады. Алайда Абай аудандық соты бұл қылмыстық істі қарай келе айыпталушыға 1 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру үкімін шығарумен шектелген.

-Тушиев Висадиге ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған еді. Оған Терентьевті ұрлап, мәжбүрлі еңбекке жеккеніне байланысты қылмыстық іс қозғалған. Істі қараған Абай аудандық соты аталған азаматтың үстінен адамды бостандығынан заңсыз айырды деп, бір жыл ғана шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген. Және соттың осындай шешімінен соң Тушиевті сот залынан босатып жіберген,- дейді Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Зәуре Ибраева.
Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Зәуре Ибраева, Қарағанды, қараша, 2008 жыл


Жыл басында жасалған қылмысқа қатысты барлық айғақтардың тіркелуімен полиция қызметкерлерінің сотқа жіберген істері осылайша аяқталған соң, тәртіп сақшылары ашылған қылмыстың тиісті жазасы белгіленбегенін айтып ,дабыл қаққан болатын.
Содан кейін осы жағдайдан хабардар жұртшылықтың наразылығын тудырған бұл қылмыстық істі Облыстық прокуратура қайта қарап, тексеруге алады.

Облыстық прокуратураның бұл іске араласып, зардап шегушіні бас бостандығынан айыруы және күштеп еңбекке тартқаны дәлденгеннен кейін Абай аудандық сотының үкімі қайта қаралып, заңды белшеден басқан Висади Тушиевты Облыстық сот 10 жыл бас бостандығынан айыру және жазасын қатаң тәртіптік колонияда өтеу үкімін шығарған.