Миллиардтан алған бір әсер


Жазушы Айгүл Кемелбай бір жолы: «Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі керемет, мұндайды ұлылар ғана айта алған, бірақ қытайды қалай сүюге болады» дегені бар еді. Біз сырт сипатына қарап аса қатты шошынатын көрші жұртқа, аждаһаны тәу еткен елге ішкі сескеніспен аттандым.

Алайда күткен құбыжығым алдымнан басқаша реңде қарсы алды. Отарлаушы жұртты қанжарын жалаңдатқан күйде елестетіп үйренген біз пақырға көшеде бәтеңке тазалаушыдан бастап, адам баласы істеуі мүмкін-ау дейтұғын қиял жетер барша жұмысты мойнына алған еңбекторы ханзу кездесті. Олардың жеке өкілінің сырт бейнесіне қарап, «әлемге ауыз салған ұлттың баласы» деп ешқашан айта алмайсың. Сүюді білмеймін, бірақ жаның шошып жек көре алмайсың. Еңбекқор, көнбіс, төзімді, тәртіпті, қарапайым, кішік... Рас, аздап ластау, шулылау, бірақ алған бетінен қайтпайтын қажырлы.

Енді отырып алып бұларды тағы бір отарлаушымен – солтүстіктегі көрші жұртпен салыстырайын. Мүлде керағар: Дойыр, былапыт, анайы, тәртіп пен заңды белден басатын. Ішкіш. Сыбайлас. Парақор. Өзгені, әсіресе өзінен кішілерді төмендетіп, кеуде соғуда алдына жан салмайтын, жасаған қылмыс-күнәсіне еш тәубесі жоқ, обыр...

Қытайдағы қазақтармен әжептәуір араластым. Олар да ханзуларды жек көрмейтін сияқты. Тіпті, әділеттілігін ұнатып, көкке көтере айтады. Және... ең бастысы да сол: ұната отырып сол ұлттың бір өкіліне айналып бара жатыр. Жас буын түгел дерлік қытайланған. «Өсем, бір жетістікке жетем» деген жан ханзудың барша табиғатын сіңіруге тиіс. Өз ұлтының табиғатын өз бойынан қуып шығуға міндетті. Бұл процесс, бір қызығы, өте ерікті, ынталы түрде, үлкен қарқынмен жүзеге асып жатыр. Қысқасы, ол жақтағы бір жарым миллион бауырмен біржола қоштасып қайттым...

Үйге келіп, тәубе дедім. Құдай бізді бүккен бармағын бес жотаның астына жасыратын аждаһаға емес, былығын әшкере ұстайтын ожар аюға отар еткеніне де шүкір... (Дүниедегінің бәрі салыстырумен ғой).

Қытай қазағы ханзудың жасаған қиянатын атап айтып бере алмайды. Есте жоқ. Бәлкім өте шебер түрде ұмыттырған болар. Әйтеуір бүгінгі ханзу ұлтының кіші жұрттар, әсіресе қазақтар алдындағы беделі зор, бейнесі таза екен. Бұл – айдаһар аузына дедектеп бара жатқан бейкүнә көжектің халі...

Мұндағы, үйдегі қазақтың халі нешік? Тарихтан аздап хабары бардың бәрі біледі: әжелеріміздің ары төгілді, аталарымыз атылып, асылды. Жеріміз талауға түсті... Кім істеді? Білеміз. Сонда да біз солардың тілінде сөйлеп, солардың діліне енудеміз. Біле тұра, көре тұра сөйтеміз. (Ал егер ханзуларша көрсетпей жасаса қайтер едік?). Әлі күнге дейін осыларды үлгі қыламыз. Төбемізге тұтып, ұлықсытып отырмыз. Олардың ожар қылығының, біздің ездігіміздің өзгеріп кеткені және шамалы. Бәлкім, өзіміздің де татырлық құнымыз осы шығар...

ospanraqymbek@gmail.com