Қытай қазаққа қатысты жымысқы саясат жүргізді, алайда ашық соғыс та ашты. Оған дәлел: 1) 1910 жылдан 1960 жылға дейінгі елу жылда тек қазақтардың бастауымен қырықтан артық көтеріліс болды. 2) Қытай Мао заманында өзіне қарсы тұрған қазақтардың ататынын атып, сүргінге айдады, қолдан жасалған ашаршылықпен қырды. Ол жағынан қытайлар совет үкіметінен, Сталиннен асып түспесе кем түспеді.
Ол жақта бірнеше түрлі қазақ бар. Біріншісі – әсіре ұлтшыл, ата-бабасы қытай қолынан құрбан болған қазақтар. Алайда демі ішінде, іштен тынып жүрген қазақтар. Әуелі ұйғырлар, тибеттіктер нәтижеге жетсе, олар да дайын. Екіншісі – ұлттық қасиеттерін жақсы көретін, миллиардтың арасында қазақ болып қалғысы келетін қазақтар. Олар сол үшін қызмет етіп жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. Үшіншісі – тәуелсіздік туралы ойлап та қоймайтын, қытай отарына көндіккен, алайда табиғи түрде қазақы қасиетін сақтаған қарапайым қазақтар. Төртіншісі – қытайша оқыған, қытай билігінде жұмыс істейтін, Қазақстанды тек орыс пен қытайдың ойыншығы ғана болады деп түсінетін ұлтсыздар тобы. Бесіншісі – Қазақстанға не кетерін, не қаларын білмеген, екі кеменің қайсына отырарын білмей жүрген жалтақ қазақтар. Алайда осы бес топтың төртеуі қытайды жек көреді.
Қытайда қазір 1,970,000 қазақ бар дейді. Қытайдағы жоспарлы туу саясатына қарамай, жылына 26000 адамға көбеюде, себебі қазақтарға үш баладан тууға болады. 60-90-жылдарда Қытай қазағы қатты өсті.
Қазақтар ешқашан еліне қарай бөлініп бақыт таппайды. Шапқыншылық жасаған жаулар қазақты қазаққа салып, орны толмас қасірет әкелген. Жалғыз-ақ мысал: Ұлы отан соғысында із-тозсыз кеткен қазақтар қырық бесінші жылы майданнан аман қайтса да, советтің «Үш аймақ» деген қуыршақ үкіметінің киімін кигізіп, орысқа да, қытайға да, моңғолға да бас имеген Оспан батыр бастаған Алтай қазақтарына қарсы айдап салған. Неміс майданында жүздеп-мыңдап «уралап» лап қойып, атакаға өтіп, ашық соғысқа үйренген советтік қазақтар жердің сырын білетін, жиырма жылдан бері Алтай тауында қытайлармен, Моңғолия солдаттарымен қан кешіп үйренген жырынды Алтай қазақтарынан қырылып қалған. Немістен аман келген қазақтың басы сонау шығыстағы Алтайдың аршаларының басында, моласы да жоқ ақ далада шашылып қалды. Ал сол әкелерін ұрпақтары әлі күнге дейін «Бармысың, бауырымнан», Европа майдандарынан етегі жасқа толып іздеп жүр.
Бүгін тағы да қытай қазағы, моңғол қазағы, орыс қазағы деп бөлінуді қоймаймыз. Ертең аласапыран күн туса, біріміздің басымызды тағы біріміз аламыз. Себебі тарихтан қорытында жасап, ұлттық бірлікке жетпек түгілі әлі ұмтыла алмай келеміз. Бұл – қасірет. Қайғы! Орны толмас опық! Оны жерге бөлініп желпілдеп жүрген бүгінгінің желөкпелері керек қылмайды. Тілін безеп, ел арасына ірткі салуын қоймайды. Жаулаушы жұртқа сол керек.
Қазақ, бұл әдетіңді қоймасаң, айдаһар мен аюдың арам жемтігі боласың келешекте. Бұрынғы тартқан қасіретіңмен ол кезде жылап көрісесің!!! Ойлан, қазақ, ойлан!!!
serikkerey-12@mail.ru