Қазақ ұлтшылдарының басы неге бірікпейді?

Демократияшыл жұртшылықтың Бірінші Мамырға арналған республикалық жиыны. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Қазақстанда қазақ ұлттық күштері бар ма? Бар болса, неге бастары бірігіп, билік басына келетін, болмаса билікке ықпал ететін күшке айналмайды?

Осы сауал бәріміздің ойымызда жүр. Біздің ойымызша, мұның бірнеше себебі бар.

1. Бұл ұлтшылдарымыздың көбі – арман бар да дәрмен жоқ кедейлер. Олар ұлт мүддесі жолында үлкен жұмыстар істеуге, ұйысуға қаржылық жақтан дәрмені жетпейді. Кедей ұлтшыл кез-келген уақытта азғана олжаға бола өз мақсатын билікке сатып жібереді.

2. Ұлтшылдардың арасында «актерлер» бар. Олар «тапсырыс» алып, ұлттық ұйымдар ұйыса бастағанда бөлшектеуге, іштен ыдыратуға жұмыс істейді!

3. Көптеген ұраншыл, «ұлтшылмыз» деген азаматтардың жүрегі түзу болғанымен, саяси білімі төмендеу. Нақтылы саяси шешім қабылдауға, қимыл жасауға қабілет-қарымдары жетпей қалады!

4. Қазақ мемлекеттінде ұлттық буржуазия қалыптаспаған. Ірі ұлттық буржуазияның мүддесі болмаған соң ұлттық құндылықтарды қажет ететін қара халықтың мұңын билік көзге ілмейді. Себебі қазақ мемлекетінде тек космополиттік ірі қаржылық топтар саяси ойында басты роль атқарғандықтан олар бейшара топқа пысқырып та қарамайды әрі ұлтшыл күштердің өріс алуына әртүрлі тәсілдермен барынша тосқындық жасайды.

5. Ұят болса да айту керек – ұлтшыл күштердің арасында «жұлдыз» ауруы бар. Белгілі бір ұлттық ұйымның жетекшісі сол ұйымды жеке меншігі санайды. Дара билеушілікті сынап жүріп тағы өздері дара билегісі келеді.

«Мін табуға ғана бар екен» деп мені сөкпесін, енді осыны былай етсек деген өз ойымды да айта кетейін.

Біріншіден, ұлтшылдар ұлттық құндылыққа жақын қазақ кәсіпкерлерімен ынтымақтасып, басшылық орынға тартып, ұйымдастыру жағында жаңа жол іздеп, қаржылық қайнар көз табуы қажет.

Екіншіден, атаққұмарлықтан, дара билеуден бас тартып, пікір тыңдай білу керек.

Үшіншіден, қазақ тілді ақпарат құралдарында ғана емес, орыс тілінде де мәселе көтеріліп, біздің неге бірікпей жатқанымыздың себебін талдап, бірігудің, нақтылы жұмыс жасайтын кез келгенін талмай айту керек.

Төртіншіден, ұлтты біріктіруге себеп болатын оқиғаларды орынды пайдаланып, қарапайым нәрседен де ұлт рухын көтеретін технология ойлап табу керек. Мәселен, «Хан Кененің басын қашан қайтарамыз?» деп дабылдату керек, немесе «Алаш көсемдерін ел болып дүркіретіп тұрып еске алайық» дейік.

Бесіншіден, қиын болса да, сыртқы «жаудың» бейнесін жасап, сол арқылы ішкі іріткіні ұмыттыру керек. Ол «жау» Қытай бола ма, Америка бола ма, Ресей бола ма – онда тұрған ештеңе жоқ! Бұл – бейресми «жау». Сол арқылы елді ұйытып, «қазақтың жауы – қазақ» деген ұғымды жойып, «қазақтың досы – қазақ» дегенді санаға сіңіру керек!

Ал сіз не дейсіз?!

serikkerey-12@mail.ru