Ән

Менің далам, менің бабам – бәрі ән айтатын. Ән айтқанда жай айтпайтын, тамылжытып-тамсантып, нөсерлетіп-селдетіп, рухыңды аспандатып айтатын. Мен сол ән айтқан бабаларымды сағынамын.

Иә, ол кез менің алды-артын бағамдамайтын, алаңғасар бала кезім. Біздің қараша үйдің төрінде, сары домбырасы қолында әкем отыратын. Добалдай саусақтары домбыраның тоғыз пернесінде еліктің лағындай ойнақтап, жауырыны күдістеніп, әлде бір сазды сарынға толы бір күйді рухтана, желпіне бебеулетіп, үйдің үшін күмбірлі үнге толтыратын. Бірақ сол сарыннан, сол күйден жанды мұжыр мұң емес, әлдебір ноқтасыз асаулық, арынды ағын, ерлік рух үй ішіне шашылып жатқандай сезілетін.

Кейде әкем маған айтатын:

– Балам, кел, саған домбыра үйретейін. Бұл – бабаңның үні. Біздің бабамыз тарихын қағазға емес, кең далаңа, далаңдағы алып тастарға, мынау кішкентай домбыраның шанағына жазып, ұрпағына аманаттап кеткен. Сен – сол дала тарихының жалғасысың...

Ал мен әкем сөзі аяқтамағанша далаға, мені күтіп, доп қуғалы тұрған боқмұрын ағайындарыма жеткенше асығатынмын. Асығып емес, солай қарай құныперен ұшатынмын. Ұлға сөзі өтпеген әкенің жетімсіреген домбыра үні булығып, басқа бір сарынға ауысатын...

Кештерде әкем әңгімесін арыдан бастайтын:

– Әлі есімде, сонау 1945 жылдары ер біткен «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», қытай шапқыншыларынан «ақырып теңдік сұраған» кез болатын. Сол қызыл қырғын алапат соғыс жылдарында арда Алтайдың алып шыңдарын арқа, жартастарын қорған қылған менің әкелерім, сенің аталарың етігімен қан кешіп жүрсе де ерлік әндерінен айырылмап еді.

Қиян-кескі шайқас толастаған сәтінде әкем қосқа оралатын. Қосқа келе бізді құшағына ала еркелетіп, маңдаймыздан иіскеп алып, сан жылдан бергі үркін-қорқында асылындай ардақтап, алтындай сақтап жүрген сары домбырасын алып, Бүркітбайдың «Ой, Қайша», Сұлубайдың әндерін әуелететін. Ән әуені асқар Алтайдың алып тауларын, қара жартастарын аралап кететін. Сол қан кешкен жылдары қаралы ел, қазалы жұрт ерлік әнінен айырылмай, асқақтата айтып, қалғыған намысын, ұйықтаған ұжданын оятып, ата жауға қарсы бітіспес күрес, көзсіз ерлік жасаған еді. Сол асқақ ән алып Алтайды шарлап, Ерентауға, Тарбағатайға қанат жайып, сол жердегі қандастардың рухын көтеріп, күреске үндеген еді...

Әке әңгімесі ұзара кірпіктерім айқасып, әрі-беріден соң ұйқыға басатынмын. Ән туралы әңгіме де өң мен түстің арасында қала беретін...

Арада арыстан із жылдар өтті. Жыл керуеніне ерген мен де есейдім, ат жалын тартып мінер азамат болдым. Есейген сайын жолдар бұралаң-бұлтағына салып, өмір өз қырын көрсетті. Алға ұмтылған сайын қырсықтар жолымды қидалап, мысық мұңдар жүректі тырналады. Сол жан жарасы жанымды мазалаған кездерде жан дүниемнің терең түкпірінен әлде бір әуен, ән сарыны лықсып, көмейіме тығылады да тұрады. Міне, өмір сапары, өмір жолы маған еріксіз өз күйімді шерткізіп, өз әнімді айтқызды. Алайда бұл ән Алтайдың асқарларымен таласып, елді де, өзін де ерлікке шақырған ата әніне ұқсамайды. Әке әуеніндей домбыраның күмбірі де жоқ, Тек өз көмейінде кептелген жалқы үн, жалаң ыңырсу.

Қайран баба әндері-ай асқақтаған! Ұрпағыңның әнінен арланарсың. Менің әнім осылай, ендігілер қалай айтар екен?

serikkerey-12@mail.ru